14 Мамыр, 2015

Формулалар шешімін табады

430 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Біздің қара шаңырақ – ұлттық университетіміз ұлағатты ұстаздарға қай кезде де кенде болған емес. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деп ұлы хакім Абай айтқандай, солардың бірі білікті ғалым Қуанышбек Мұсабеков.

egemen (23)

Түркістан топырағында дүни­е­­-ге келген өндір жас 1957 жылы осы қаладағы орта мектепті үздік тәмамдады. Арман мен қиял жетелеген жастық көңіл оны 1959 жылы сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетіне алып келді. Университет қабырғасында албырт та талапты жігіт өзінің бі­лім­ге деген құштарлығын танытып, сол кездегі еліміз бойынша көрнекті ғалым ұстаздардан терең білім ала білді. Сөйтіп, 1964 жылы осы оқу ордасын қызыл дипломмен бітіріп шықты.

Осы кезден бастап Қуанышбек ағаның табысты да толайым еңбек жолы басталды. Алғашында Қазақ КСР Ғылым академиясының химия институтында аға лаборант болды. Жас маманның ғылымға деген құштарлығы оны 1965 жылы Ленинград қаласындағы КСРО Ғылым академиясының Жоғары молекулалар қосылыстары инсти­тутының аспирантурасына алып келді. Өз заманының алдыңғы қатарлы ғылым орталығы саналатын осы институтта иондық алма­су­дың физикалық-химиялық ерекшеліктері саласындағы атақ­ты ғалым Г.В.Самсоновтың жетек­шілігімен иониттердің жаңа түрлері – макроторлы сульфокатиониттерді синтездеу әдістерін зерттеумен айналысты. Осындай иониттерді алу ол кездері күрделі органикалық қосылыстарды бөліп алу мен тазалаудың заманауи технологиясын өркендетуге мүмкіншілік туғызуымен құнды еді. Бұл жұмыс­тың нәтижесі 1970 жылы химия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін сәтті қорғаумен тұжырымдалды. 1970 жылы академик Б.Бірім­жановтың шақыруымен Қуаныш­бек аға С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің хи­­мия факультетіне қызметке ауы­сады. Сол кезеңнен бастап ғылымның қия жолындағы алғыр азаматтың бүгінгі күнге дейінгі барлық педагогикалық, ғылыми жетістіктері осы факультетпен тығыз байланысты. Содан бергі уақыт аралығында Қуанышбек Битуұлы қатардағы оқытушыдан кафедра меңгерушісі, факультет деканы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор деңгейіне дейінгі барлық ғибратты баспалдақтардан абыроймен өтті. Ғалымның әр жылдардағы жаңа­лыққа құштарлығы мен ізде­нім­паздығы сол кездегі еліміздің танымал ғалымдары: университет ректоры академик Ө.Жолдасбеков пен химия факультетінің деканы, КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Б.Бірімжановтың тарапынан тікелей қолдау тауып отырды. Соның арқасында Қуанышбек ағаның тікелей ұйымдастыруымен Қазақстанда тұңғыш әрі бірегей коллоидтық химия кафедрасы құрылды. Осы кафедра негізінде Қуанышбек Битуұлының жетек­шілігімен еліміздегі коллоидтық хи­мик­тердің ғылыми мектебі қалып­тасты. Жарты ғасырға жуық уақытта бұл ортадан тәлім алған шәкірттерден 6 ғылым докторы, 40-тан астам ғылым кандидаты және 5 PhD докторлары, көптеген магистранттар мен бакалаврлар Қуанышбек ағаның тікелей ғылыми жетекшілігімен өздерінің ғылыми ізденістерін сәтті аяқтады. Осы ғылыми мектептің түлектері қазірде республиканың маңдайалды қалалары: Астана, Алматы, Шымкент, Өскемен, Қызылорда, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Атырау, Маңғыстау, Семей, Көкшетауда, алыс шетелдерде жемісті еңбек етуде. Ұлағатты ұстаз, тағылымды ғалым 1984 жылы Мәскеуде док­торлық диссертациясын қорғады. 1986 жылы оған профессор деген құрметті атақ берілді. Ғалым ұстаз өзінің ұзақ та жемісті ең­бек жолында атақты академиктер Б.Жұбанов, Е.Ерғожин, Е.Шайхут­динов, Е.Бектұров және профессорлар А.Зезин, И.Грицкова, И.Туторский, И.Паписовпен тығыз шығармашылық байланыста және достық қарым-қатынаста болып, ғылымның жаңа белестеріне бірге көтерілді. Қуанышбек ағаның жемісті ғылыми-зерттеулерінің толымды нәтижелері 1000-нан астам ғылыми еңбектерде баяндалды. Олар негізінен халықаралық, одақтық және республикалық деңгейдегі көптеген ғылыми симпозиумдар мен конференцияларда және тағы да басқа ғылыми басқосуларда айтылып айғақталды, қызу ғылыми талқыға түсті, қызығушылық тудырды. Сол ғылыми еңбектерінің шоқтығы биік шоғырына, яғни 40-тан астамына авторлық куәліктер берілуі бір мәртебе. Сонымен қатар, ағамыз бірнеше ғылыми монографияның, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың авторы болып табылады. Қуанышбек Битуұлының басшылығымен ұжым мүшелері көптеген жақын және алыс шетелдердегі, айталық, Ресей, Украина, Өзбекстан, Венгрия, Англия, Голландия, АҚШ, Бол­гария, Испания, Югославия, Нор­вегия сияқты елдердегі ірі-ірі ғы­­лыми орталықтармен тығыз бай­ланыс орнатқанын да ғанибет санаймыз. Ұзақ еңбек жолында ағамыз жақын да алыс шетелдердегі көптеген ғылыми педагогикалық бірлестіктердің мүшелігіне сайланды. Соның ішінде Англияның Корольдік химиялық қоғамының мүшелігін мақтанышпен айтуға болады. Сондай-ақ, ерен еңбегі мемлекет, университет және факультет тарапынан көптеген марапаттар мен мақтауларға ие. 2010 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды. Ағамыздың шәкірттеріне де­ген шексіз махаббатының куә­гер­лерінің бірі осы жолдардың авторы. Өзімнің университеттегі ғылыми және ұстаздық жолым Қуанышбек Битуұлының тікелей араласуымен жүзеге асқанын мақтаныш тұтамын. Ол жас ізденушілерді көп студенттердің ішінен таңдап алып қана қоймай, сонымен бірге, ғылымның қиын да күрделі жолында біліммен қатар, адамгершілік және парасаттылық мектебін молынан берген азамат.

Айнұр ТАНЫБАЕВА,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, химия ғылымдарының кандидаты.

АЛМАТЫ.