27 Ақпан, 2015

«Бұл мен үшін бай қуаныш»

337 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
IMG_3591-1 – дейді Елбасына хат жазған 91 жастағы Байқуаныш ақсақал Қазақстан халқына Үндеуінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Әсіресе, осы күндерде маған жүздеген хаттар келіп түсуде», деп Солтүстік Қазақстан облысының жасы тоқсаннан асқан тұрғыны Байқуаныш Сәрсембин ақсақалдың хатынан үзінді келтірген болатын. Бұл, әрине, барша солтүстікқазақстандықтардың мерейін асыра түсті. Елбасы ауызға алған ақсақалмен көзбе-көз жолығысып, сұхбаттасу жөніндегі редакцияның шұғыл тапсырмасын алысымен облыс орталығынан шеткерілеу орналасқан Жұмысшы кенті шағын ауданына жол тарттық. Тоқсанның төріне озған ақсақал диванда теледидар көріп отыр екен. Әдемі жүзіне күмістей сақал мен мұрт жарасып тұр. Жинақылығы мен нық отырысы әдемі қартая білетін жанның кейпін елестетті. – Ата, алдымен Прези­ден­тімізге хат жазуға не себеп болғанын айта отырсаңыз? – Қарағым, өткен ғасырда халқымыз басынан өткерген тарихи оқиғалардың бәріне куәмін. Ашаршылықты да, саяси қуғын-сүргінді де, алапат соғысты да, тың игерудің асыра сілтеушілігін де, жылымық кезеңді де, қайта құруды да көрдік. Азаттықтың алғашқы таңдары арайланып атқанда жетпісті алқымдап қалған едім. Шекарамыз аңғал-саңғал, тұрмысымыз жүдеу, тіліміз орашолақ еді. Енді, міне, ширек ғасырға жуық уақыт бедерінде Қазақстанды әлем таныды. Еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Оза дамыған отыз мемлекеттің қатарына жетуге ұмтылып келеміз. Жаратқан Ием халқымыздың бағына Нұрсұлтандай дана кемеңгерді, сұңғыла саясаткерді беріп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тамаша заманға жеткізді. Мұндайда қазақ «өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді» деп шаттана қуанған. Мен – асарымды асап, жасарымды жасаған қарт адаммын. Жеткен жетістіктерімізді ой елегінен өткізе отырып, неге біз сияқты ата буын атынан Елбасына алғыс айтпасқа деген шешімге келдім. Бір жағынан, жастарымыз Тәуелсіздіктің, атамекеннің, Отанның қадір-қасиетін біле, тани түссін деген тілектен туды. Қолмен жазу қиынға соққандықтан, хатты жазуы маржандай шөбереме жаздырттым. Теледидардан Елбасымыздың халыққа Үндеуін тыңдап отырып, атым аталғанда селк ете қалдым. Рас па, өтірік пе дегендей аң-таңмын. Үйдегілер де «ата, ата» деп шуласып жатты. Біз сияқты қарттарды елеп-ескергеніне ризамын.  – Бәйбішеңіз жаныңызда. Нәзима апаймен бір шаңырақ астында 60 жыл түтін түтетіп келе жатыр екенсіз. – Алдымен Алланың, сосын осындай жайлы қарттыққа жеткізген Елбасымыздың түзу саясатының арқасы. 5 ұл-қыздан немере, шөбере сүйіп отырған жайымыз бар. Балаларым да, немерелерім де жоғары білімді, әр салада қызмет етеді. Кемпіріме қарағанда мен тыңмын. Оның құлағы ауыр естиді. Алда-жалда телефон соғыла қалса, сөйлесетін де, мал-жан амандығын айтатын да, жаңалыққа қанықтыратын да – өзім (күледі). Көп жылғы еңбегімді бағалады, 80 мың теңгеге жуық зейнетақы аламын. Ауық-ауық үстемелеп отырады, рахмет. Ардагер қария ретінде қамқорлыққа кенеліп отырмын. – Сіздің өмірден түйгеніңіз, тоқы­ғаныңыз көп. Кейінгі ұрпаққа не тілек айтар едіңіз. – Жамбыл жәкемнің ізін қуып келе жатсам да, зердем әлі мықты, көкірегім ашық. «Темір жәшіктің» жаңалықтарын қалт жібермеймін. Қазір жұрт сайлау туралы көп әңгіме айтып жатыр. Қалың көпшіліктің тілегін Президент қабыл алды. Саясаттан алыстау болсам да, бір шындықты айтайын. Неше сайлау өтсе де халқымыз үшін Елбасы біреу, ол – Назарбаев! Қазақстан мен Назарбаев егіз ұғым деп айтып жүрген дуалы ауыздардың пікірін толық қостаймын, айналайын! Елбасына хатта жазғанымдай, дәл қазіргідей Алтын ғасыр халқымыздың басында ешқашан болған емес. Одан әрі «Нұрлы Жолмен» жетелеп, «Мәңгілік Елге» жеткізуіне шын жүректен тілектеспін. Елбасымыз елімізді биіктерге бастай берсін деген ағалық тілегімді арнаймын. Ал Президенттің атымды атап, хатымнан үзінді келтіргені – мен үшін бай қуаныш. Ата-анам атымды азан шақырып қойғанда осындай бақытты күнге жетсін, қуанышқа бай адам болсын деп ырымдаған шығар. Шүкір, жеттім сол күнге! Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы. Суретте: қызы Айгүл, неме­ресі Төле­ген, Байқуаныш ақса­қал, немересі Марат, келіні Дә­меткен.  Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.