Спорт • Бүгін, 08:07

Жарыс күнделігі

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің теннисшілері Астанада өткен Билли Джин Кинг кубогінің іріктеу кезеңінде Канада құрамасын ұтып, биыл күзде жарыстың негізгі сынында күш сынасу құрметіне ие болды.

Жарыс күнделігі
  • Жекелеген са-йыста Юлия Путинцева Кайла Кроссты қапы қалдырса, Соня Жиенбаева Бьянка Андреескуге жол берді. Одан кейін Жібек Құламбаева мен Анна Данилина жұбы Кросс пен Андреескуден айласын асырды. Аса шиеленісті өткен шешуші ойында Ю.Путинцева кезінде US Open додасында дара шыққан әлемнің бұрынғы үшінші ракеткасы Андреескуді ұтты. 3 сағат 39 минутқа созылған кездесу 7:6, 3:6, 7:6 есебімен аяқталды.
  • Еліміздің көркем гимнасшылары Ташкентте ұйымдастырылған Әлем кубогінің топтық бәсекесінде екінші орынды еншіледі. Құрамында Жасмин Жүнісбаева, Аида Хакімжанова, Кристина Чепульская, Мәдина Мырзабай, Айзере Кеңес, Айзере Нұрмағамбетова сынды арулары бар команда 51,25 ұпай жинады. Жерлестеріміз Қытайдан (55,90 ұпай) ғана қалып қойды. Үшінші орынды Беларусь (51,10) иеледі.

д

  • Кипрдегі «Үміткерлер турнирінің» 11-турында Бибісара Асаубаева қытайлық Тань Чждунъимен тең ойнады. Келесі турда қазақ шахматшысының жолы жарыс кестесінде өзімен қатар тұрған ресейлік Екатерина Лагномен қиысты. Бұл бәсекеде Бибісара басым түсті. Осы жеңісінің арқасында 6,5 ұпай жинап, үшінші орынға көтерілді. Көшбасындағы үндістандық Рамешбабу Вайшали мен қытайлық Чжу Цзиньэрдің Асаубаевадан жарты ұпайы артық.
  • Хорватияның Осиек қаласында спорттық гимнастикадан Әлем кубогі аяқталды. «Ат» жаттығуында Зейнолла Ыдырысов (14,600) күміс алса, Нариман Құрбанов (14,000) қолаға қол созды. Бас жүлдені армениялық Гамлет Манукян (14,733) олжалады. «Керме» жаттығуында Милад Карими (14,933) тек тайпейлік Танг Чиа-Хунды (15,233) алға салып, екінші орынға ие болды.
  • Волейболдан әйелдер арасындағы Ұлттық лига ойындары мәреге жетті. Астанада өткен финалдық матчта Талдықорғанның «Жетісуы» мен Петропавлдың «Қуанышы» кездесті. Шешуші бәсеке 3:1 (25:13, 25:21, 21:25, 25:21) есебімен алғашқылардың пайдасына шешілді. Сөйтіп, «Жетісу» оныншы рет ел чемпионы атанды. Қола медальды Түркістанның «Тұраны» иеленді.
  • Алматыда аралас жекпе-жектен IBA Nomad 14 турнирі өтті. Басты бәсекеде Жұман Жұмабеков бразилиялық Вандерлей Росаны үшінші раундта нокаутқа жіберді. Көпшіліктің қызығушылығын тудырған тағы бір айқас Арман Әшімов пен тәжікстандық Дильшод Норкузиев арасында өрбіді. Қандасымызға Памир тауы етегінен келген спортшыны ұрып жығуға бір раунд жеткілікті болды. Кезінде UFC-де күш сынасқан Жалғас Жұмағұлов та қырғыз Қайрат Нұрбайұлымен болған бәсекенің тағдырын үзіліске жеткізбей шешті.
  • Футболдан ел чемпионатының бесінші туры мынадай нәтижемен аяқталды: «Атырау» – «Қайсар» 2:0, «Жетісу» – «Елімай» 0:1, «Тобыл» – «Қайрат» 1:1, «Астана» – «Ордабасы» 1:1, «Оқжетпес» – «Ертіс» 2:1, «Алтай» – «Ұлытау» 1:2, «Қызылжар» – «Жеңіс» 4:0, «Ақтөбе» – «Каспий» 1:0. Қазір жарыс кестесінде үш команда – «Қайрат», «Елімай», «Оқжетпес» көш бастап тұр. Олардың әрқайсысында 11 ұпайдан бар. 
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан экономикасы 3%-ға өсті

Экономика • Бүгін, 11:00

Жылқы көбейсе – ел ырысы

Шаруашылық • Бүгін, 09:15