ИСПАНИЯ – ЧЕМПИОН!
Испандықтар мен голландықтар әлем кубогының иесін анықтау үшін қан майданда ат ойнатып, бір-біріне найза тіремеді демесеңіз, аянбай-ақ қаржысты. Бірінші тайм ойнады, нәтиже жоқ. Екінші тайм ойнады, нәтиже жоқ. Үшінші тайм ойнады, нәтиже жоқ. Төртінші таймның соңғы минуттары. Екі жақ пенальтиге дайындалғандай. Алаң сыртындағы ойыншылардың қарбаласы көбейді.
Винсенте Дель Боске еңсегей бойлы Торресті алаңға бекер шығармапты. Еуропа чемпионатының шешуші голын соғып, испандықтарды кәрі құрлықтың алды қылған Торрес голландықтар қақпасының алдында сүркіл салды. Оған жұлдыздай аққан Фабрегас қосылып, шабуылды шиеленістіріп жіберді. Ойынның 116-шы минуты. Фабрегас қорғаушылардың арасынан саңылау тауып, қапталдасып келіп қалған Иньестаға доп шығарып берді. Миллиондаған жанкүйерлердің көз құрты болып жүрген ол сол жағына сәл жантая беріп, оң аяғымен шірене тартты. Талай үмітсіз голдардың жолында тас қамал болып тұрып алған Стекеленбург орнынан қозғала да алмай қалды.
Жейдесін шешіп алған Иньеста қолын жүрегіне алып испан королевасы София отырған тұсқа ақты. Бүтін бір мемлекеттің, ғұмырында әлем чемпионатының жүлдесін көрмеген мемлекеттің абыройын көкке жеткізген жампоздың жүрегі қуаныштан жарылып кете жаздаған шығар. Ұйқы дегенді тарс есінен шығарып, испандықтар Жер атты жұмыр планетаны мойындарына іліп кетердей халде болып жүргенде голландық Йорис Матейсен бастаған қорғаушылар судья Ховард Уэббаны жан алқымға алып жатты. Уәждері: “Гол офсайдтан соғылды”, деген айқай. Олай емес екен. Фабрегас та, Иньеста да офсайдта жоқ. Әлем кубогы қолдарынан сусып бара жатқан голландықтардың бұл соңғы тал қармауы еді.
Екі құрама да жеңіске лайық-тын. Көнге тігілген анау-мынау жүлде емес, футбол әлемінің бас бәйгесі болған соң қарсыластар қақпасына жалғыз өзі ат қоятын батырлықты қойып сақ ойнаған.
Екі құрама да өз тарихында әлем чемпионатының алтынын алмаған. Голландықтар 1974 және 1978 жылдары ақтық сындарда ФРГ-мен Аргентинаға әлем кубогын ұстатып жіберіп, іштері әлі күнге дейін удай ашып жүрсе, бұл “қызыл фуриялықтардың” финалға тұңғыш шығуы еді.
Алғашқы он минөтте-ақ испандықтардың алға шығардай сәттері болған. Хавиден айып алаңында доп алған Рамос он бір метр жерден баспен ұрғанда сағыздай созылған Мартен Стекеленбург қақпа бұрышынан сыртқа қағып жіберді. Сол Рамос оң қанатта Куйтты алдап өтіп, қақпаға тағы бетпе-бет келгенде Хейтинг алдынан шықты. Әлем кубогының сұрмергені Давид Вилья да үш мүмкіндікті пайдалана алмады.
Испандықтардың қарсыласына өз ойынымен ойнауын таңатындығы белгілі. Голландықтар мұндай бопсаға көнген жоқ. Өз ережесін күшпен көрсетті. Сонымен қым-қиғаш айқас басталған. Испандықтардың арынын басу үшін голланд ойыншылары шалып құлатуды жиілетті. Ағылшындық судья Уэбба қалтасына сары қағаздарды сыйғанынша сықитып салып келіпті.
Аяған жоқ. Шүлен таратқандай үлестірді. Екі жаққа да.
Екінші таймда голландықтардың басты көзірі Арьен Роббеннің екі рет жүз пайыз гол соғатын мүмкіндігі болды. Бірінде Снайдер алдына доп салып берді. Әлемдегі үздік қақпашылардың бірі Касильяс атып шығып, аяғының ұшымен допты қақпа сыртына шығарып жіберген.
Тұла бойы буырқанған күш Роббен қорғаушыларды қоғадай жапырып 83-і минөтте испандықтардың айып алаңына тағы өтті. Испандық жанкүйерлердің жүрегі тоқтап қала жаздаған шығар. Аяғына жыландай оралған Пуйолдың үстінен арғымақтай қарғыған Роббен Касильяспен тағы да бетпе-бет келіп, гол соға алмай кетті.
Осы екі мүмкіндік Роббеннің жүрегін келесі әлем чемпионатына дейін инедей шаншып, түн ортасында талай рет қара терге түсіретіні анық.
Экстра-таймда да есеп ашарлықтай мезеттер екі жақта да болған. Фабрегас Роббенның “қателігін” қайталады. Жанын шүберекке түйіп жүрген Стекеленбург Касильястың ерлігін қайталады.
Ван Марвейк пен Дель Боске тың ойыншыларды бірінен соң бірін шығарды. 109-ы минөтте Хейтинг айып алаңының маңында алға суырылған Иньестаны шалып жықты. Бір ойында екі рет айыпты болған қорғаушы алаңнан қуылды. Голландықтардың айып алаңына найзадай бойлап қайта-қайта кіре берген Иньеста ақыры гол соғып, дегеніне жетті.
Еркектер де жылайды. Қақпашы Касильяс бой-бой деп егілді дейсің. Ал, шабуыл өтінде жүргендердің қуаныштан жылауға уақыты жоқ еді. Ойынның бітуіне екі минөт қалған. Төреші екі минөт қосты. Голландықтар ышқынды. Болмады.
Испандықтар төбесі көкке жеткендей қуанды. Әлем чемпионатының үш рет финалында ойнап, алтын кубокқа қолдары бір жетпей қойған голландықтардың түрі өрт сөндіргендей. Жанкүйерлер де жылады. Бір жағы – қуаныштан, екінші жағы – өзекті өртеген өкініштен.
Солай болары сөзсіз еді. Жүлдені екі жаққа итжығыс түсті деп бөліп беру деген жоқ.
Испания – тарихында тұңғыш рет әлем чемпионы. Күндей жайнаған жігіттердің мойнында алтын медальдар отшашулар жарқылымен мың түске құбылды. Күміс медальді былай шыға бере қалтасына ұрған Берт ван Маврейк: “Ойын бітуге екі-үш минөт қалғанда жеңілудің азабы сұмдық екен. Пенальтиде жеңеміз бе деген үмітіміз бар еді, амал қанша, қатал болса да бұл спорт”, деді. Ал, Винсенте Дель Боскеге не айтса да, қалай сөйлесе де жарасады. “Біздің ойыншылардың кемінде тағы бір гол соғатын мүмкіндіктері болған. Бірақ, ойын нәтижесіне разымын. Бұл – біз үшін ең бақытты күн. Мен өз ойыншыларым үшін ерекше қуанамын әрі мақтанамын”, деді.
Әлем кубогы бәсекесінде төрт бірдей ойыншы бес голдан соқты. ФИФА-ның анықтауы бойынша ең үздік футболшы атағына Уругвайдың шабуылшысы Диего Форлан ие болды. Ал, “Алтын бутса” Германияның сары алтын ұлы Томас Мюллерге бұйырды. Сонымен қатар, Мюллер ең жас ойыншыға берілетін жүлдеге ие болды. Лев Яшин атындағы жүлде Испания құрамасының тас қамал қақпашысы Икер Касильястың еншісіне тиді.
Сонымен, футбол тойы тарқады. Испан халқы күн, түн дегенді ұмытты. Қанында сал-серілердің жалыны бар халық футбол тойының отыз күн ойын, қырық күн тойын тойламай әсте сабасына түспейтіндей.
Мысалы, осы елдің атақты теннисшісі Рафаэль Надаль: “Біз бұл жеңісті бір жыл тойлауға хақымыз бар” дейді. Испания жеңгенде бұл оғлан жас балаша еңіреп жылағанын жасырмайды.
Испания футбол федерациясы Оңтүстік Африка Республикасындағы тамаша жеңістен соң ФИФА-дан 23,7 млн. евро сыйлық алды.
Ал, Голландия құрамасы 19 млн. алса, үшінші орын үшін тірескен Германия мен Уругвайға тигені 16 миллион евро.
Мәселе ақшада емес. “Құрамаң әлем чемпионы болады, көнге не тігесің” десе, талай мемлекет бірнеше миллиардтарды үстелге атып ұрары сөзсіз еді.
Әлем кубогының бағасы өлшеусіз. Оның құнын жеңіске жеткендер жақсы біледі.
ЧЕМПИОНАТТАН ТҮЙГЕН ОЙ
Әлем чемпионаты аяқталғанда қазақ футболының жанашырлары ғалым Шора Сарыбаев және ақын Тұманбай Молдағалиевтен бір ай бойы бүкіл әлемді өзіне қаратқан жарыс туралы пікірлерін білгіміз келіп, хабарласқан едік. Шора ағамыз былай деді:
– Қазір денсаулығым аздап сыр беріп жүр. Дегенмен, футболды жастайымнан жақсы көретіндіктен, жекелеген құрамалардың ойындарын көруге тырыстым, – деді ол кісі. – Мен бұрында да айтқанмын, қазір де айтамын, футболдың келешегі Африкада. Осы құрлықтың құрамалары биыл бар күш-жігерлерін салуға тырысты. Соның ішінде Гана командасының ойыны маған ұнады. Африкалықтар футболды жанын салып ойнайды. Солар жартылай финалға шықса екен деп тіледім. Бірақ амал не, доп домалақ дегендей, футболдан бәрін күтуге болады.
– Финалда қай командаға болыстыңыз?
– Маған сенсация керек. Гана жақсы ойнады деп айттым ғой. Солардың сенсация жасайтынын күттім. Ал Испания мен Голландияның ойыны қызықтырмады. Биылғы бәсекеде Еуропа мен Оңтүстік Америка командаларының ақтық айқасқа шығатынын бәріміз ішімізден сезініп жүрдік қой. Бір өкініштісі, Аргентинаның ширек финалда жолы болмады. Марадонаны аядым. Бұрын ол жақсы ойнайтын. Ал чемпионатта одан басқа Голландия, Испания, Уругвай, Германия шебер ойнады. Бірақ, испандықтардан басқалары дегендеріне жетпеді.
– Чемпионатқа байланысты қандай тілегіңіз бар?
Қазақ жігіттерін дайындау керек. Кезінде “Қайратта” қаракөз қандастарымыз аз еді. Қазір де “Ордабасы”, “Қайсардан” басқаларында қазақ балалары аз. Бізде командаға көлденең көк аттылар алынады да, олар қазақ футболына үлес қосудың орнына бір екі жыл ойнап, ақшасын алады да кетіп қалады. Сондықтан алдымен жердің иесі, елдің киесі бар дегендей, қазақ футболына жаны ашитын азаматтарды командаларға көптеп тарту керек деп ойлаймын.
Осыдан соң Тұманбай Молдағалиевпен хабарласқанымызда, ақын ағамыз биылғы чемпионатты да жібермей тамашалағанын, бұл кісінің өзі 1958 жылдан бері футболдың жанкүйері болып келе жатқанын айтты.
Мен “Қайраттың” ойынын ешқашан жіберген емеспін, – деді ақын аға. – Бала күнімнен бері футболға әуеспін. Сондықтан футбол менің сүйікті спорт түрім.
Осы жерде Тұманбай ағадан биылғы чемпионат сіздіңше қалай өтті, қай командаға болыстыңыз деп сұрағанымызда: “Чемпионатқа ризамын. Күшті командалар жиналып ойнады. Голландия, Испания биыл әлемдегі мықты командалардың бірі екенін, ал соңғысы қатарынан Еуропа мен әлем чемпионы болып, қазір оның алдында алынбайтын қамалдың жоқтығын дәлелдеді”, деді.
Одан әрі Тұмағаң мықты құрамалар ғана жетістікке жететінін, солардың ішінде өзі күшті құрама ретінде санайтын Бразилияның жанкүйері болғанын, оның ширек финалда жеңілгені қазір әлемде олармен де иық теңестіріп, бәсекелесе алатын командалардың шығып келе жатқанын дәлелдейтінін айтты. Ал ойыншылар арасында өз басы Испаниядан Андреас Иньеста мен Голландиядан Уесли Снейдердің ұнағанын жасырмады.
Жазып алған Дастан КЕНЖАЛИН.
БАСЫ ҚАТТЫ, АЯҒЫ ТӘТТІ
Оның ақтық сынында осымен үшінші рет айтулы доданың финалына шыққан Голландияны жеңген Испания тұңғыш рет әлем чемпионы атағына ие болды. Ал осы бәсекеде тамаша өнер көрсетіп, бірде-бір рет жеңіліп көрмеген Голландия құрамасы тағы да 1974 және 1978 жылдардағы жағдайды қайталап, күміс жүлдені місе тұтуға мәжбүр болды. Қола жүлде екінші рет қатарынан үшінші орын алған Германияның, төртінші орын чемпионатта ерік-жігерімен көзге түскен Уругвай командасының еншісіне бұйырды. Міне, осындай нотамен аяқталған биылғы бәсеке күн сайын жаңарып тұратын интернет-сайттарындағы жанкүйерлердің пікірі бойынша осы кезге дейін өткен әлем чемпионаттарындай қызықты және тартысты өткенге ұқсайды. Қолда бар деректерге қарағанда, мундиаль өзіне жер жүзінің 715 миллион халқын ынтықтырса, ТІМЕ компаниясы финалдағы Испания мен Голландияның арасындағы ойынды 700 млн. жанкүйер тамашалады деген дерек келтіреді. Қалай дегенмен биылғы бәсеке осыған дейін болған жарыстардың бәрінен асып түскені сөзсіз. 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиаданы 600 млн. халық тамашалаған болатын.
Енді мына бір дерекке қараңызшы. Кеше дүние жүзінің халқын зерттейтін Ганновер қоры мынадай мәліметтерді таратты. Биыл жер жүзінің халқы 6,89 млрд. адамды құрапты. Күнде әр секөнт сайын дүниеге 3 нәресте келсе, соның нәтижесінде жылына халықтың саны 80 млн. адамға көбейіп тұрады екен. Ал бес жылдан кейін шартарапта 9,1 млрд. халық өмір сүрсе, 2050 жылы әлемнің тұрмыс деңгейі төмен 49 мемлекетінде халықтың саны екі есеге өсіп, ол елдерде тұратын адамдар саны 1,7 млрд. болады деп болжануда. Бұл енді сөз орайы келгенде 2014 жылы Бразилияда өтетін мундиальді қанша адам тамашалай алады деген ойымызға қатысты келтірген деректеріміз деп біліңіздер. Сонда төрт жылдан кейін дүние жүзінің халқы 320 млн. адамға өссе, чемпионатты биылғыдай 715 млн. халық емес, одан да көп жанкүйер тамашалауға мүмкіндік алатын болғаны ғой.
Биылғы чемпионатты жанкүйерлердің көгілдір экранның алдынан шықпай тамашалай алғанын бір ай бойы Оңтүстік Африка аспаны астында өткен матчтардың тартысты болғанымен ғана емес, жарыс төңірегінде болған неше түрлі оқиғалармен, атақты футболшылар мен мамандардың бір-бірімен айтысып, жаға ұстасуға дейін барған жерлерімен де қызықты өткенін байланыстыруға болады. Мұнда чемпионатқа Аргентина құрамасын әйгілі Марадонаның бастап әкелуі кейбір адамдардың қытығына тиіп, соның ішінде Пелемен көп жылдан бері келе жатқан айтысына тағы да май құйды. Пеле Аргентинаның ойынына баға беріп, Марадона бапкер емес деген пікірін білдірсе, Диего Армандо өз кезегінде бразилиялықты сөзі сүйегінен өтетіндей етіп, біраз жерге апарып тастады. Осыдан кейін өзінің, өз елінің намысын қорғаған ғасыр ойыншысына ешкім тимеді. Керісінше, Аргентинаның парламентарийлері оған арнап ескерткіш орнату керек десе, кезінде өзі ойнаған Италияның “Наполи” командасының басшылығы оны клубқа бас бапкер болып келуін өтінді.
Чемпионатта қылмыстық оқиғалар да күн ара болып жатты. Жарыс басталар алдында Оңтүстік Африка Республикасының бұрынғы президенті Нельсон Манделаның немересін көлік қағып кетті. Осыдан соң туристер мен ұлттық құрамалардың қонақ үйлеріне ұрылар түсіп, тәртіп сақшыларын біраз әбігерге түсірді. Мұндай оқиғалар әлі күнге дейін елдің әр түкпірінде болып жатқаны жасырын емес. Енді чемпионаттың өзіне келсек, ол бұрынғыларға қарағанда ең көп ағайындылар өнер көрсеткен жарыс болды. Мысалы, Германия құрамасындағы Жером Боатенгтің бауыры Гана командасында ойнады. Бір қызығы екеуі бауыр болса да жасыл алаңда өз елдері үшін аянбай күресті. Биылғы мундиальдің Испания мен Голландия арасында өткен ақтық айқасында 72 жылдан соң финалдың ең жас төрешісі ретінде 38 жасар ағылшын Говард Уэбб төрелік жасады. Оған дейін 1938 жылы финалдың төрешісі Жорж Луи Капдавиль есімді азамат болған екен. Ал чемпионаттың ең жас мергені болып бес доп соққан Германияның 20 жасар жартылай қорғаушысы Томас Мюллер атанды. Осыншама допты тағы испан Давид Вилья, голландық Уэсли Снейдер мен уругвайлық Диего Форлан соқты. Дегенмен, бәсекенің бас мергені атағына неміс ойыншысы лайық деп танылды. Егер ойыншылардың бәрі бірдей доп соқса, ФИФА футболшының командалас әріптестеріне голға шығарған пастарын есептейді екен. Неміс ойыншысы осы жарыста үш рет әріптестеріне тамаша пас беріпті. Халықаралық футбол федерациясы осыны ескеріп, Томасты чемпионаттың ең жас мергені атағына лайық деп таныды. Сонымен бірге, ол осы чемпионаттағы жаңа есім деген атаққа да ие болғанын атап өту жөн. Биылғы бәсекеде Мюллер басқалардың да көзіне түскен мексикалық Джованни дес Сантос пен ганалық Андре Айюдың алдын орап кетті. Бұған дейін оның отандастарының арасынан 1966 жылы Франц Беккенбауэр мен 2006 жылы Лукас Подольски сол додалардағы жаңа есімдер деп танылған болатын.
Биылғы финалда ойнау уругвайлық аяқдоп шебері Диего Форланның маңдайына жазылмаса да ол чемпионаттың ең үздік футболшысы атағына ие болды. Ал егер оның Голландиямен өткен жартылай финалдық кездесуде алыстан соққан добы Нойер қорғаған қақпаның маңдайшасына тимей, гол болғанда ол жарыстың бес емес, алты добын соққан сұрмергені болар еді. Осы жылғы мундиальдің тағы бір ерекшелігі, бір ай бойы созылған жарыста ойналған 64 матчта 145 доп соғылды. Орташа есеппен алғанда әр ойында 2,2 доп соғылды. 1990 жылы Италияда өткен додада орташа есеппен алғанда әрбір матчта 2,2 доп соғылған болатын. Содан кейінгі жарыстарда доптар қақпада жиі тулап жүрген.
Оңтүстік Африкада аяқталған мундиальде ФИФА үш әділетсіз соғылған голдар үшін жанкүйерлер мен ұлттық құрамалардан кешірім сұрады. Аталмыш футбол ұйымы осында соғылған барлық 145 допты саралай келе Бразилияның ойыншысы Луис Фабианоның Кот д Ивуардың (3:1) қақпасына қолын допқа тигізіп соққан голын, аргентиналық Карлос Тевестің Мексикамен болған 1/8 финалдық ойында (3:1) және Давид Вильяның Испания мен Португалия арасында өткен кездесуде (1:0) офсайдтан соққан доптарын есепке алғандары үшін кешірім өтінді.
Әлем чемпионаты кезінде футболшылардың атынан гөрі Германияда суда тіршілік ететін “Пауль” атты сегізаяқтың аты шартарапқа тарап кетті. “Көріпкел” сегізаяқ Германияның ойындары мен басқа құрамалардың соңғы матчтарына “бал” ашып, кездесулердің нәтижесін айна-қатесіз білдіріп тұрды. Қазір Астананың маңындағы ауылдардың бірінде бір түйенің де футбол бәсекелеріне болжам жасай алатыны, Австралияның Сидней қаласында мекендейтін Гарри атты қолтырауынның, Сингапурдегі тотықұстың ала доп ойындарына дәл “диагноз” қоя алатындары белгілі болып отыр. Бірақ бұлардың бәрі атақты “Паульдің” көлеңкесінде қалып қойды. Әлем чемпионаты тарихында жануарлардың ойындарға болжам жасаған кездері бұрын-соңды болған емес. Болса да жұртшылықты осыншама таңқалдырмаған.
Биылғы додада Испания ең таза ойнаған команда атағына ие болды. “Қызыл фурия” жеті ойында сегіз сары қағаз алды. 2006 жылы Германияда өткен жарыста Испания Бразилия екеуі осы атақты бөліскен болатын. Сөз орайы биылғы әлем чемпиондарына келіп тұрғанда Испанияның футбол федерациясы әрбір ойыншыға 600 000 еуро көлемінде сыйақы тағайындағанын атап өткеніміз жөн. Жарыстың күміс жүлдегері – Голландия құрамасына сол елдің федерациясы әрбір ойыншыға 300 000 еуроны санап беретіндерін мәлімдеуде. Ал ОАР болса, әлем чемпионатын өткізуші ел ретінде ұйымдастыру жұмысына 3,5 млрд. доллар жұмсап, 5 млрд. АҚШ доллары көлемінде табыс тапты деген дерек бар. Бұл жағынан елге чемпионатқа демеуші болып, 1,8 млрд. доллар жұмсаған “Adіdas” “Coca-Cola”, “Emіrates”, “Hyundaі-kіa”, “Sony” мен “VІSA” компаниялары көп көмектесіпті.
Дастан КЕНЖАЛИН.