Қоғам • Бүгін, 08:20

Талдықорғаннан Астанаға пойыз жүреді

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Талдықорғандықтар тарихи сәттің куәсі болды. Жақында ресми түрде іске қосылған «Астана – Ақтоғай – Талдықорған» жаңа теміржол бағыты­мен елордадан алғашқы тікелей пойыз келді. Бұл – жаңа маршруттың ашылуы ғана емес, Жетісу өңірінің әлеуметтік-эко­но­микалық дамуына тың серпін беретін маңызды қадам.

Талдықорғаннан Астанаға пойыз жүреді

Суреттерді түсірген – Жұмабай Мұсабек

Осы уақытқа дейін жеті­сулық­тарға Астана­ға жету оңайға соқ­пай­тын. Көпшілік алдымен Алматыға қатынап, одан әрі пойызға отыруға мәжбүр еді. Бұл қосымша уақыт пен шы­ғын­ды талап ететін. Енді жаңа бағыттың іске қосылуымен жол қысқарып, қатынас жеңілдеді, ал тұрғындардың мүмкіндігі ке­ңей­ді. Содан да болар көпші­лік ­по­йызды ерекше ықыласпен қарсы алды.

Салтанатты іс-шарада Талды­қорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл бұл бастаманың маңызды­лығына айрықша тоқталды.

«Жаңа теміржол желісі –  кө­лік инфрақұрылымын жақсар­ту ғана емес, сонымен бірге аймақ­тың экономикалық әлеуетін арт­тырып, туризмнің дамуына сер­пін беретін маңызды жоба. Бұл – тұрғындардың тұрмыс сапа­сын арттырып, аймақтың ин­вес­тициялық тартымдылығын күшей­тетін, болашаққа бастайтын жарқын жол. Осы игілікті іске үлес қосқан Парламент депутаттарына, Көлік министрлігіне және «Қазақстан теміржолы» компаниясына алғыс айтамыз», деді Е.Бәзіл.

Одан бөлек, осы игілікті істің басы-қасында жүрген Мәжіліс депу­таты Наурыз Сайлаубай, Темір­жол және су көлігі комитеті төр­ағасының орынбасары Елдос Нестай, «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Дияр Нүсіп­қожанов та ақжарма тілегін арнады.

л

«Жаңа бағыт тұрғындардың өтініші негізінде қолға алынды. Пойыздар әзірге күнара жү­реді, сөйтіп, елорда мен Жетісу облысы арасында тұрақты әрі ыңғайлы қатынас жанданды. Жылжымалы құрамды жаңарту мен маршруттық желіні кеңейту көлік саласының стратегиялық міндеттерін жүзеге асырудағы басым бағыттардың бірі болып қала береді», деді Д.Нүсіпқожанов.

Облыс әкімі баспасөз қыз­ме­т­­інің мәліметінше, мұнда жо­лаушылардың жайлылығына ерекше көңіл бөлінген. Пойыз бағытында климатты ба­қы­лау, ауаны залалсызданды­ру, бей­небақылау және өрт қауіп­сіздігі жүйелерімен жабдықталған заманауи «45» сериялы (RWS Wagon) вагондар пайдаланылады Жолаушылар үшін Wi-Fi, USB порттары, розеткалар, ың­ғайлы ұйықтайтын орындар қарастырылған.

Талдықорған тұрғындарының да қуанышы ерекше. Олар енді Астанаға сапар шегу әлдеқайда жеңіл әрі жайлы болатынын айтады. Солардың бірі – Балқаш қаласына баруға билет алған Бейбіт Арсамбаев пен Жұмағүл Ақбаеваның отбасы.

«Біз Балқаш қаласына бара жатырмыз, онда немерелеріміз тұрады. Бұрын Үштөбе қала­сы­на барып пойызға отырып, Ақто­ғайда «Семей – Астана» бағытына қайта мінуге тура келетін. Енді Балқашқа тікелей бара аламыз, соған өте қуаныштымыз. Әсіресе біз сияқты зейнеткерлерге, жалпы барлық қарт адамға бұл өте ыңғайлы. Осы бағытты іске қосу­ға атсалысқан барша жандар­ға алғысымызды білдіреміз. Алда­ғы уақытта екі вагон емес, төрт-бес вагон болса дейміз», деді олар.

Жалпы, сарапшылар теміржол қатынасының іске қосылуы өңір­­дің дамуына серпін беріп, эко­но­микалық байланыстарды ны­ғайтып, Жетісу облысының турис­тік тартымдылығын арттырады деп сенеді.

Еске салсақ, «Астана–Талды­қорған» теміржол бағыты күнара қатынап, елорда мен Жетісу облысы арасындағы тұрақты байла­ныс­ты қамтамасыз етеді. Астана­дан вагондар №122/121 «Нұр­лы жол – Семей» пойызының құра­мында жүріп, Ақтоғай стансасында №631/632 «Ақтоғай – Тал­дықорған» пойызына тірке­леді, одан әрі Талдықорған стансасына дейін жалғасады.

«28 сағат жол жүру ұзақ уақыт секілді көрінгенімен, бұрынғыдай әуре-сарсаңға салмайды. Мәсе­лен, мен кеше таңертең пойызға отырып, бүгін түсте үйіме жет­тім. Есептеп қарасақ, «Астана – Алматы» бағытына да шамамен сол уақыт кетеді екен. Бұған қоса, Алматыдан Талдықорғанға такси табу, күту және жол жүру уақы­тын қосу керек. Ал мұнда еш қиындықсыз, жайлы жағдайда туған қалаңа жетуге болады. Билет бағалары да тиімді: плацкарт 16 мың теңге, купе 21 мың теңге. Қалтаға салмақ салмайды», дейді жолаушы Серік Байтұрғанов.

Астанадан («Нұрлы жол») жөнелту – тақ күндері сағат 06.32-де, Талдықорғанға келу – 11.05-те. Қайтар бағытта Талдықорғаннан жұп күндері сағат 12.15-те шығып, Ас­танаға сағат 19.30-да жетеді. Жол жүру уақыты – шамамен 28 сағат.

Шын мәнінде теміржол – ел дамуының күретамыры. Ол тек жолаушы тасымалын қамтамасыз етіп қоймай, өңірлер арасындағы байланысты нығайтады, сауда-саттықты жандандырады, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Әсіресе Жетісу секілді әлеуеті зор өңір үшін мұн­дай бағыттардың маңызы үлкен. Енді Талдықорған тек облыс орталығы ғана емес, ірі көлік тораптарының біріне айналуға қадам жасады.

 

Жетісу облысы 

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 09:15

Бұйырғаны – жеті жүлде

Күрес • Бүгін, 09:05

Өнер көгіндегі ақиық

Тұлға • Бүгін, 08:55

Қайталап оқу терапиясы

Руханият • Бүгін, 08:50