АСТАНА. 27 наурыз. Францияның түстігінде 24 наурызда апатқа ұшыраған Germanwings компаниясы Airbus A-320 ұшағының екінші пилоты Андреас Любиц ауырғаны туралы қағазы болуына байланысты сол күні ұшуға шығуға тиіс емес екен. Бұл туралы Lenta.Ry хабарлады.
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, Дюссельдорф қаласының прокуроры Ральф Херренбрюк ұшқыш Андреас Любицтің пәтеріне жүргізілген тексеру нәтижесінде оның 4U9525 рейсі ұшатын уақытта ауырғаны туралы қағаз бойынша үйінде болуы керек екені анықталған. Прокурор пилотттың осы анықтаманы жыртып тастағанын айтып, оның ауырып жүргенін әріптестерінен жасырған болуы мүмкін екенін алға тартады.
Херренбрюк сондай-ақ пәтерден Любицтің қоштасу хаты да, оның әлдеқандай бір саяси немесе діни ұйымдарға қатысы барын дәлелдейтін айғақтың да табылмағанын мәлімдеді.
Осы аралықта немістің Bild таблоиды аталған ұшқыштың психиатриялық аурудан емделгенін анықтады. Бұдан алты жыл бұрын Любиц қатты депрессияға ұшырап жүргеніне шағынып, дәрігерге көрініпті. Емделіп алу үшін ол ұшқыштар мектебіндегі оқуына үзіліс жариялауға мәжбүр болған.
Наурыздың 26-сы күні француздың Марсель қаласының прокуроры Брис Робен апатты зерттеу барысының алдын ала қорытындыларын хабарлаған болатын. Оның айтуынша, Андреас Любиц командирі салонға шығып кеткен бойда кабинаны іштен жауып алған. Ал кейін бірінші пилот қайтып келген кезде, оған есікті ашпай қойған. Мұның орнына лайнерді төмен қарай құлдыратқан. Мұны байқаған экипаж капитаны есікті балтамен бұзып кірмекші болған. Бірақ ашып үлгере алмаған. Осы уақыттағы сегіз минуттың ішінде ұшақ жартасқа барып ұрынған.
Қазір Airbus A-320 ұшағы бортында 150 адамның болғаны анықталды. Олардың 144-і жолаушы, 6-ы экипаж мүшелері екен. Барлығы да сол қырғында опат болды. Қаза тапқан жолаушылардың арасында Германия, Испания, АҚШ, Австралия, Аргентина, Иран, Венесуэла, Колумбия, Мексика, Жапония, Қазақстан, Израиль, Дания, Нидерланды және Бельгия елдерінің азаматтары бар.
Мұрат Айтқожа.
Мәнбе, сурет: Airbus A-320.