«Мына жағдайды көріп, төбе шашымыз тік тұрды. Судың бетінде түгелдей майлы қабат түзілген. Судан бензин мен мұнай өнімдерінің иісі шығып тұр. Бұл жай ғана қоқыс немесе лай су емес, нағыз ластануға ұқсайды. Біз Ертіске жыл бойы үнемі келіп тұрамыз. Ертіс – өлкедегі басты су арнасы. Бұл – су, табиғат, экожүйе, адамдардың денсаулығы», деп алаңдаушылығын білдіреді бейнежазбаны түсіруші адам.

Облыстық экология департаментінің мамандары өзен сағасынан сынама алып, тексеретінін мәлім етті. Халық аузында Жылы ағыс деп аталатын өзен сағасы қыс бойы қатпай, буы бұрқырап жатады. Себебі бұл өзеннің суын Ақсу қаласындағы ГРЭС өз өндірісін суытуға пайдаланады. Ертістен жырылып ағатын өзен сағасы электр стансасына салқын күйінде еніп, одан айтарлықтай қызып шығады. Осылайша, ол төменгі жаққа жылы күйінде ағып, Ертіс өзеніне қайтадан қосылады.
Жылы ағыс – Ертіс өзенінің маңызды сағасы. Оның суы Ақсу ГРЭС-інде ластаушы тетіктермен немесе өндіріспен жанаспайды, жабдықтарды суытуға ғана пайдаланылады. Яғни кәсіпорын өзен суын ластаушы зат бөлмейді. Біздің мамандар бейнежазбаны көрді. Зертхана мамандары Жылы ағыстан сынама алады. Су құрамын зерттеудің өзіндік әдіс-амалдары бар. Ол шамамен 5 тәулікке ұласуы мүмкін. Өзен суының неден ластанғаны содан соң ғана белгілі болады», дейді облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықов.
Ертіс өзенінің суын үш бірдей мемлекет – Қытай, Қазақстан, Ресей елдері пайдаланады. Өзеннің төменгі ағысында Павлодар облысының Павлодар, Ақтоғай, Тереңкөл, Ертіс, Железин аудандары орналасқан. Бұл аумақтардың халқы өзен суын егін, мал шаруашылығына кеңінен пайдаланып отыр.
Бет қатталып жатқанда:
Павлодар облысы экология департаментінің мамандары Ертіске құятын «Жылы ағыс» сағасынан алынған сынаманы зертханалық сынақтан өткізіп, өзен суы таза деген қорытынды шығарғанын мәлім етті.
Павлодар облысы