Тұрғын үй құрылысы қарқынды
Қызылорда қаласында «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорының қаржыландыруымен қараша айында алты тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Бұрнағы күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқарма төрағасы Болат Палымбетов аталған құрылыстың жұмысымен танысты. «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынатын баспананың әр шаршы метрі 131 537,4 теңге шамасында болады. Қордың басшылығы құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, нысанды мерзімінен бұрын тапсырамыз дейді. – Бұл бағдарламаның артықшылықтары көп. Баспана кезегінде тұрғандардың жалақылары талапқа сай келсе болғаны. Қызылордада 1 шаршы метріне айына 1200 теңге төлейді. Бір үй 30 шаршы метр болатын болса, айына 30 мың теңгеден астам қаржы төлейтін болады,– деді Болат Палымбетов. Бүгінде аталмыш қор Қызылордадан басқа Астана, Алматы мен Қарағанды, Шымкент, Ақтау және Өскемен қалаларында тұрғын үй құрылысының жобаларын іске асыруда. Осы бағдарлама аясында 2016 жылдың аяғына дейін елімізде қосымша 600 мың шаршы метрден астам тұрғын үйлер пайдалануға берілетін болады. Жергілікті басшылық тұрғын үйге мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан ипотекалық компаниясы», «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» акционерлік қоғамымен бірлескен жұмыстарды одан әрі жалғастырмақ. Мәселен, Сәулет шағын ауданынан тағы жалпы ауданы 3,3 гектар жер телімі бөлініп, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ арқылы 9 бес қабатты тұрғын үй бой көтереді. Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа тұрғын үйдің құрылыстары көктемде басталатынын айтты. Жақын арада құрылысы басталатын тұрғын үйдің жобалық құны 4,2 миллиард теңге болмақ. Бұл 490 отбасын жаңа баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы, өткен жылы 900-ге жуық отбасы баспаналы болды. Биыл тұрғызылатын тұрғын үй өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге артады. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». ҚЫЗЫЛОРДА.Ынтымақтастық берекеге бастайды
Аспанасты елінің жері де, тірлігі де алып, орасан екені бәрімізге белгілі. Әйтеуір, үлкен бизнесті қолға алып, кәсібін өрге дөңгелеткісі келгендердің көбі осы елмен тығыз қарым-қатынас жасауды дұрыс көреді. Шынында, тіршілігі қым-қуыт Қытай елінен біздің үйренеріміз, аларымыз көп. Өткен жылы Жамбыл облысының әкімдігі осынау алып елмен алыс-беріс жасаудың жолын тапқан болатын. Міне, жақында Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған делегация Қытай Халық Республикасына ресми сапарымен барып, екі мемлекет басшыларының жоғары деңгейде қол жеткізген келіссөздерінің шеңберінде экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастықты одан әрі ілгерілетуге қол жеткізді. Осы сапар барысында ҚХР-дың Шэньси провинциясының Сиань қаласында облыс әкімі К.Көкірекбаевтың Шэньси провинциясы халық үкіметінің төрағасы Лоу Циньцзянмен келіссөздері өтті. Келіссөздер барысында сауда-экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың дамуы туралы әңгіме қозғалып, энергетика саласындағы қарым-қатынас жайлы айтылды. Сондай-ақ, Шэньси провинциясының мәдениет, білім, ғылым және іскер шеңбері өкілдерінің қатысуымен бизнес-форум өтіп, онда Жамбыл облысының өкілдері өңірдің экономикалық, мәдени, туристік және білім әлеуетімен таныстырды. Жамбыл облыстық кәсіпкерлік және инновациялық дамыту, ауылшаруашылық, мәдениет басқармаларының басшылары ҚХР-дың инвесторларымен және ауылшаруашылық саласының басшыларымен бірқатар келіссөздер жүргізіп, Қытайдың жетекші кәсіпкерлерімен бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша келісімшарттар жасады. Энергияның тиімділігі мен жаңғырмалы энергия көздерін пайдалану саласында ынтымақтастық айқындалды. Атап айтқанда, «Да И» қытай компаниясымен қуаты 200 МВт жел электр стансасының құрылысын салу жөнінде бірлескен жобаны іске асыруға келісімге қол қойылды. Сондай-ақ, аграрлық саладағы жаңа жоғары технологиялық жобаларға назар аударылды. Соның ішінде, Янлинь үлгілі ауылшаруашылық аймағы комитетімен Жамбыл облысында жоғары технологиялы аграрлық-инновациялық паркін құру туралы келісімге келді. «Жібек жолы белдеуіндегі экономика» қытай бастамасы аясында «XINGHUO» Шэнси іскерлік корпорациясы» ЖШС Жамбыл облысы экономикасына инвестиция құюды жоспарлауда. Алдағы 3 жыл ішінде органикалық жеміс-жидектер мен көкөністерді өндіру және қайта өңдеуге арналған, сонымен қатар, ет, сүт шығаратын және өнімді қайта өңдейтін кәсіпорындарды құру бойынша заманауи мал шаруашылығы кәсіпорындарының кластерлерін құру бойынша ынтымақтастыққа қол жеткізілді. Қазақстан-Қытай өңіраралық мәдени даму мәселесі негізгі тақырыптың бірі болды. Бұл бағытта меморандумға қол қойылып, мәдени ынтымақтастықтың аясында бірлескен халықаралық фестиваль өткізу, өнер мен мәдениет саласындағы технологиялар мен тәжірибе алмасу, сондай-ақ қытай археолог-ғалымдарының көне Тараздың ғылыми-қазба жұмыстарына және ҚХР-дың өнер қайраткерлерінің Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілетін салтанаттарға қатысуы туралы келісімге келді. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілетін мерейтойлық салтанаттармен тұспа-түс келетін «Қытай-Қазақстан» Достық пен ынтымақтастық керуенінің шеңберінде Тараз қаласында «Шай үйін» ашу келіссөздің маңызды сәтіне айналды. Білім саласындағы сындарлы қарым-қатынасқа да екі жақ қанағаттанарлық көзқарас танытты. Оның ішінде, Тараз мемлекеттік педагогикалық институты мен Сиань педагогикалық университеті студент жастары мен оқытушылармен алмасуға келісімге дайын екендігін білдірді. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.Зыряндағы кәсіпкерлік үйі
Шығыс өңірінің Зырян ауданында «бір терезе» қағидаты бойынша алғаш рет толық форматты кәсіпкерлерді қолдау орталығы ашылды. Еліміздің Ұлттық экономика министрлігі, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Даму» қоры өңір кәсіпкерлерін қолдауды осындай орталықтар арқылы жүзеге асырмақ. Яғни бизнесті мемлекеттік қолдаудың барлық құралдарын «бір терезе» арқылы ұсынатын болады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев Мемлекет басшысының Жолдауда экономикадағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін 2030 жылы кем дегенде екі есеге өсіру туралы нақты міндет қойғанын атап өтті. – Бүгінде біз Елбасының жүктеген тапсырмаларын жүзеге асыра бастадық. Қазақстанда тұңғыш рет Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданында кәсіпкерлерге кешенді қызмет көрсетуге арналған кәсіпкерлікті қолдау орталығы ашылып отыр. Біздің міндетіміз – шағын қалалар мен аудандардағы кәсіпкерлердің өз өтініштері мен ұсыныстарын жеткізе алатын бір орталығы болуын қамтамасыз ету. Онда бизнеске қатысты барлық мәселелер шешімін табатын болады, – деді Н.Әлтаев. Оның айтуынша, бизнесті қолдау шаралары жоспарына сәйкес, Үкімет қаулысымен әр ауданда «бизнес-мектептер» құрылуы тиіс. Бұл ретте ұлттық палата аудандарда жаңа шағын және орта бизнес нысандарын құруды, жаңа жобалар ашуды іске асырады. Зыряндағы кәсіпкерлікті қолдау орталығы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Қазақстан халық банкі» АҚ арасындағы меморандумға сәйкес құрылды. Аталған орталық билік пен бизнес арасындағы үнқатысу алаңын тиімді ұйымдастыру арқылы кәсіпкерліктің түбегейлі даму негіздерін қалыптастырады, отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін көтерудің жүйелі шараларын қабылдайды әрі маңызды мәселелерді біріге отырып шешеді. Кәсіпкерлікті қолдау орталығында шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары, консультациялық кеңес, кәсіпкердің заңнамалық мүддесі мен құқығын қорғау, бизнесті дамыту және қолдауды ұйымдастыру, кәсіпкерлікке оқыту негіздері сынды қызметтер тегін көрсетіледі. Зыряндағы кәсіпкерлік үйінде «Қазагромаркетинг» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, Шығыс Қазақстан кәсіпкерлер палатасының Зырян аудандық филиалы, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі мен жер қатынастары бөлімі мемлекеттік мекемелері қызмет көрсетеді. Сондай-ақ «Бизнес мектебі» өкілдері, түрлі жағдайлар барысында туындаған мәселелерді түсіндіріп, бизнес-жоспар жазуға көмектеседі. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Зырян ауданы.Көлік логистикасы
Семейдің сауда-транзиттік әлеуетін арттырады
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту – макроөңірлерді хабтар қағидаты бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асырылатынын айтқан болатын. Осы орайда, елдің шығысында логистикалық хаб инфрақұрылымын құруға тапсырма берді. Бүгінде семейлік кәсіпкерлер Президент пәрменін нақты жүзеге асыра бастады. Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімовтің айтуынша, қазіргі кезде қалада «Солтүстік», «Оңтүстік» және «Әуежай» деп аталатын үш хабты құру жұмыстары жүргізілуде. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Семейде көліктік-логистикалық орталықтарды құруға қолайлы мүмкіндіктер бар. Басты міндет – қаланың жағрафиялық орналасуын тиімді пайдалану. Өйткені, Қытайдан Ресейге ағылатын жүк тасымалы қаланы басып өтеді. Бұл ретте «Солтүстік» халықаралық автокөлік дәлізіне жататын («Омбы – Павлодар – Семей – Қалбатау – Майқапшағай», «Омбы – Павлодар – Семей – Қалбатау – Аягөз – Таскескен – Үшарал – Сарыөзек») жолдардың маңызы ерекше. Сондай-ақ, әуежай бар. Одан өзге Транссібір теміржол магистралі, солтүстік және орталық трансазиялық теміржол магистралі дәліздеріне тікелей шыға алатын Түрксіб теміржол магистралі да, қала арқылы өтеді. Осы мүмкіндіктерді оңтайлы пайдалану семейліктерге сын да болып тұр. Бүгінде қаланың сол жақ бөлігінен орын тепкен «Солтүстік» көлік-логистика орталығы құрылысының бірінші кезеңі аяқталды. Жоба жетекшілерінің айтуынша, Ресей мен Қытайға шығатын транзиттік жолайрық мүмкіндігін саралай отырып салынған кешеннің келешегі кемел. Аталған хаб алдымен «Энергетик» шағын ауданындағы 3,5 гектар аумаққа орналасқан. Оның 1,7 гектары игеріліп, қалған жер телімінің құжаттары әзірленіп жатыр. Бұл іргелес «Қарағайлы» шағын ауданымен бірге бой көтеріп келе жатқан жаңа аудан екен. Жақында «Энергетик» шағын ауданында әрқайсысы 72 пәтерден тұратын 6 көпқабатты тұрғын үй бой көтерді. Сондай-ақ, №5 қазандық пайдалануға берілді. Алдағы уақытта жедел жәрдем орталығы мен дәрігерлерге арналған тұрғын үй кешендері салынбақ. Яғни, логистика орталығы ауданмен бірге көркейеді. Биыл «Солтүстік» көлік-логистика орталығында 3 мың шаршы метрлік сауда ғимараты бой көтерді. Сэндвич-панельдерінен жарты жылда тез салынған ғимарат жақында пайдалануға беріледі. Екінші кезеңде транзиттік жүк пен сауда тасымалына арналған алып терминал, қойма, асхана құрылысы жүргізіледі. Ал үшінші кезеңде инфрақұрылым желілері мен әлеуметтік тұрғын үй, балабақша және тұрмыстық қызмет көрсету нысандары салынбақ. Сонымен бірге, логистикалық кешенге теміржол желісі мен Павлодар күрежолымен қосатын автокөлік жолы да тартылады. Осы арқылы мұнда жүкті тиеу және түсіру жұмыстары жедел жүргізілмек. Келешекте кедендік ресімдеу орындарын құру, басқа да әкімшілік бақылау орындарын орналастыру қарастырылуда. Құрылысы 2016 жылға дейін жоспарланған терминал толық қуатымен іске қосылғанда 120 адам жұмыспен қамтылатын болады. – Жобаны екінші деңгейлі банктер 750 млн. теңгеге қаржыландырды. Жеке қаржы да құйылды. Алайда, екінші деңгейлі банктердің үстемесі қымбатқа түсті. Сондықтан, Индустрияландыру картасына қосу мақсатында жоба өңірлік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының үйлестіру кеңесіне жолданды. Алдағы уақытта инфрақұрылым желілерін жүргізуге мемлекеттік қолдау көрсетіледі деп күтілуде, – деді «Солтүстік» көлік-логистика орталығының директоры Руслан Әубәкіров. Кәсіпкердің айтуынша, көлік-логистика кешені Семей арқылы өтетін жүк тасымалын оңтайландырады. Қытайдан Ресейге, Ресейден Қытайға өтетін транзиттік көліктер мен жүк осы арада ресімделетін болады. Руслан Әубәкірұлы 80 адамға дейін жұмыспен қамтылған құрылыс барысында силикат кірпіш, цемент, темір-бетон бұйымдары, сэндвич-панельдер сынды отандық өнімдер пайдаланылып, қазақстандық мазмұнды ұлғайтуға септескенін де атап өтті. Ал «Оңтүстік» көлік-логистика орталығы Семей – Алматы трассасы бойындағы «Сары» базарының жанында бой көтермек. Бұл нысан жеке инвестиция арқылы 40 гектар аумаққа салынады. Бүгінде аталған жер телімін жалға алу құқын сату бойынша аукцион жүргізуге арналған құжаттар пакеті әзірленді. Жалпы, Батыс Еуропа елдерінің тәжірибесіне зер салсақ, көлік-логистика орталықтарының ерекше маңызға ие екенін аңдауға болады. Сондықтан жақын келешекте жүк тасымалы қызметінің барлық түрін көрсететін Семейдегі көлік-логистика орталықтарының өңірдегі сауда мен экономиканың өрістеуіне де игі әсері тиеді деп күтілуде. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». СЕМЕЙ.Ауыл малымен бай
Ауыл тұрғындары мал өнімдерін қала базарларына шығарып, қосымша табыс табуда. Биылғы жылы қаладағы муниципалдық базарға 2850 келі жылқы еті, 28 тонна қара мал еті, 5500 келі қой еті, 2010 литр сүт өнімдері және 3500 жұмыртқа жіберіпті. Екібастұзға жолсапарға жиі барамыз. Өндірістік өңірде шоғырланған кәсіпорындар тынысы, қала мен ауылдардың тынымсыз тіршілігі себепкер. Айтпақшы, Жүсіпбек Аймауытовтың «Күнікейдің жазығы» повесінде жазылған Шиқылдақ ауылы да осында. Кеңес кезінде «Киров» деп те, «Комсомольский» деп те аталды, бертін Құлболды деп те аталды. Бірақ, ауыл Шиқылдақ атауын ауыздарынан тастаған емес, солай қалды да, Шиқылдақ көлі де бар. Бүгіндері ауылда 500-дей адам тұрады. Мал жетеді, дастарқаны мол. Мектебі, балабақшасы, дәрігерлік бөлімше жұмыс жасайды. Әр үйде өз моншалары бар. Шаруа қожалықтары болса, ел-жұртқа көмектерін аямайды. Биыл «Родоманов» шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 8 миллион 500 мың теңге несие ресімдеп, асылтұқымды бұқа, 43 қара мал және лизингке 3,8 миллион теңгеге трактор сатып алыпты. Ауыл әкімінің айтуынша, мал шаруашылығымен айналысатын 17 шаруа қожалығы, 3 жеке кәсіпкер 1476 бас қара мал, 2999 бас қой мен ешкі, 1812 бас жылқы бағады екен. Бұған қоса, жеке қосалқы шаруашылықта 1102 қара мал, 2632 қой мен ешкі, 136 жылқы бар. Мал басының көбеюі шаруа қожалықтарының өз қаражатына мал сатып алуы мен Үкіметтің қолдауы арқылы іске асуда. Мысалы, «Шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы арқылы 2 адам шағын несие алып, мал сатып алды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы «Табиғат» шаруа қожалығының басшысы М.Ибраев және «Жаңа ауыл» шаруа қожалығының басшысы Қ.Ибраев әрқайсысы 3 миллион теңгеге ірі қара мал сатып алды. Жыл сайын мал басының өсуімен одан алынатын өнім де артуда. Ауылдың ырысы мол, жағдайлары жақсы, берекелі. Мысалы, «Жарсор» шаруа қожалығында жылқы, қой, 5 бас түйе бар. Ал «Жаңа ауыл» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Ибраев мал басын көбейту үшін несие алған. Қожалықта 2 үй бар, жарығы, суы, отыны, жемшөбі бар. Одан кейінгі «Төменгі база» деген жерде Николай Арсютин және Юрий Родомановтар басқаратын «NOMAD» және «Родоманов» қожалықтары мал бағады. Мектеп оқушыларын жыл бойы көкөніспен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, «Иманмахмут» шаруа қожалығы «Сыбаға» жобасы бойынша кредит алып, мал сатып алды, мақсаты мал басын көбейту, қосымша жаңа жұмыс орындарын ашу. Ауылда «Құлболды батыр» атындағы мешіт бар. Өткен көктемде «Қарағанды – Ертіс» қаналынан ауылдағы өзен мен Шиқылдақ көліне су жіберілді. Көл тазарып суы молайыпты. Ырыс, береке мол. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». ЕКІБАСТҰЗ.Өзара қолдау күшейді
Өндірілген өнімнің молынан өткізілуі қашанда қай кәсіпорынның көкейкесті мәселесі екені, әлемдегі қазіргі күрделі экономикалық жағдайға байланысты тіпті, өткірлене түскені белгілі. Осындай шақта сыртқы рыноктағы қиындықтарға қарап отырмай ішкі мүмкіндіктердің көзін тауып, өтімділігін көтеру маңыздылығы асып та тұр. Бұл бағытта Қарағанды өңірі өнім өндірушілерінің « Теңге тиыннан, ынтымақ ұйымнан» делінгендей, бірлескен іс-қимылға белсенділікті күшейтуі өзара арқа сүйеушілікті серпілтер жай болып отыр. Осы орайда, әсіресе, «Қазақмыс» корпорациясы мен «Қарағандырезинатехника» ЖШС арасындағы екіжақты тиімді әріптестік қатынас үлгі боларлығын айтуға болады. Бұған дейін де мығым байланысты қалыптастырушы кәсіпорындар тарапынан жақында жасалған меморандум бойынша тапсырмалар мен оны орнықты орындау жұмыстары ауқымы кеңейді. Мәселен, тапсырыс беруші жақ жылына 15 мың шаршы метр конвейер лентасымен қамтамасыз етіліп келсе, биыл көлемі одан да ұлғайтылды. Мұның өзі осынау затты өндірушінің былтыр бұдан түскен 200 миллион теңге табысын еселеуге мүмкіндік береді деген сөз. Айта кету керек, аймақтағы тағы бір алып – «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына қарағанда, «Қазақмыстың» жергілікті кәсіпорындар өнімдерін сатып алуға ынта-пейілі тәуір демеске болмайды. Мысал үшін, мұнда 2001 жылы қазақстандық тауарларды тұтынудың үлес салмағы 57,8 пайызды құраса өткен жылы 68 пайызға көтерілді. Биыл «Минова Қазақстан», «Ютария», «Қазполимер», «Қазэлектроорталықсым» сияқты іргелі өндірістік буындардың бұйымдары мен құрал-жабдықтарын сатып алу көлемі былтырғы 9,58 миллион теңгеден одан әрі өспектігі оларға үлкен қолдау болып табылады. Ал өкінішке қарай, жоғарыда аталған алып керісінше, өсіру орнына кемітіп келеді. Соның салқыны «Қарағандырезинатехника» кәсіпорнын да айналып өтпей, ағымдағы жылда оның өнімін сатып алу көлемі бірден 70 пайызға төмендетілмегенде резина бұйымдарды жасаушылардың қосымша табысы қомақтырақ болар еді. Жалпы алғанда, жергілікті кәсіпорындардың бір-бірімен тауар алмасуына, не қажеттінің бәрін тұтына алуына қол ұзын. Бұған «Евразиан Фудс», «Нова цинк», «Шұбаркөлкөмір», «Гефест», «Қарағанды конфеттері», «Қарцемент», «Сантехпром», «Қарағанды машина жасау зауыты» сияқты, 50-ден астам кәсіпорындар арасында ішкі тетіктер мен мүмкіндіктер ескеріліп жасалған келісімшарттар байланыстарды дамытуға жаңа қадам ашып жатыр. Мұндай шараларға еліміздің басқа да өңірлері қамтылуда. Тауар өндірушілерге электр энергиясы мен теміржол тарифтеріне төмендетілген коэффиценттер беру арқылы сауда нысандарына қолжетімділікті, оларға тапсырысты, ұлттық компаниялар мен жүйе құрушы кәсіпорындарға өнімдердің сатылуын қамтамасыз ету жағынан әкімдіктер тарапынан нақты қолдау көрсетілуде. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.Tenaris компаниясы Ақтауда зауыт салмақшы
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Италия Премьер-министрі Маттео Ренцидің қол жеткізген уағдаластықтары нақты іс жүзіне айнала бастады. Инвестициялар және даму министрлігінде «Tenaris» компаниясының басшыларымен Қазақстанның индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында өңдеуші өнеркәсіпке инвестициялар тарту жөнінде кездесу өтті. Компанияның Қазақстандағы бас директоры Хуан Хуаникотена Қарашығанақ кен орнындағы мұнай-газ жобасы бойынша ынтымақтастық аясында Tenaris-тің жергілікті аумақтардағы жұмыстарын қолдау мақсатында Ақтау қаласында құбырларға ойма салу желісінің сыйымдылығы жылына 45 000 тонна болатын жаңа цех құрылысына 40 миллион АҚШ долларын салатындығын жария етті. Қазіргі уақытта «Ақтау теңіз порты» АЭА-мен келісімшарт жасасу рәсімі өтуде. Компания өкілдерінің айтуларына қарағанда, Қазақстанда өндіріс құру жөніндегі шешім елдегі тартымды инвестициялық ахуалдың және Ақтау АЭА-ның инфрақұрылымының жақсы дамығандығының арқасында қабылданды. Зауыт құрылысының басталуы наурыз айына, ал аяқталуы келесі жылдың басына жоспарланып отыр. Кәсіпорында 90 адам жұмыс жасайтын болады (оның 90%-ы жергілікті тұрғындардан тартылады). Жұмысшылардың біразын Румыниядағы «Тенарис» жаңа зауытында оқыту жоспарлануда, деп хабарлады Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметі.Уақыт талабын дөп басқан
Елбасы «Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру», деп нақтылады. Бұл ретте мүдделі мақсатқа жетуімізге кәсіпкерлердің қосар үлесі де, олардың қоғамда алар орны да және сол кәсіпкерлерге артылған сенім де баршылық. Негізі қандай да бір жұмыстың көзін тауып, табыстың қайнар бұлағын аша білу іскерлікті танытады. Уақыт талабына сай іскерлігімен ерекшеленіп, шапағаты тиген халықтан «алтын жүректі адам» деген бағасын алып, ілкімді ісімен ілгерілеген кәсіпкер жан – Молдияр Нұрбаев қарапайым еңбек адамы ретінде көпке үлгі тұтуға лайық. Рас, алғашында барлық ісі дөңгеленіп жүріп берген жоқ. Сан түрлі кедергі тосқауыл болғаны ақиқат. Еліміздегі ең ірі мегополистің іргесіндегі аудан аумағынан тұрғындар қажеттілігін өтеп, газ тасымалдау шаруашылығын ұйымдастыру барысында талай кедергілерді жеңіп, кейбір басшылардың кемшілігінен туындаған сергелдеңді сот шешімімен тоқтатқаны өз алдына. Иә, осыдан 25 жыл бұрын жеке тұрғын үйін, автокөлігін, мал мүлкін кепілдікке қойып, банктен несие қаржы алып, жеке кәсібін, нақтылай түссек, «Тәуекел-Т» ЖШС ашқан еді. Бүгінде аталған ұжымда 300-ден астам жұмысшы еңбек етеді. Айтар ауызға оңай болғанымен газ құбырын талапқа сай тарту оңай шаруа емес. Жуандығы түйенің беліндей көгілдір отын толы құбыр Алматыға тартылғанымен сол құбырға белгіленген талапқа сай әрі әртүрлі мөлшердегі шағын құбырларды жалғап, ауылдарды аралата жүргізу машақаты көп жұмыс. Жазық жерде жайымен жылжитын көгілдір отынды тау баурайына қысыммен көтеру қиындықтары тағы бар. Бірақ бәрі артта қалды. Қазір қажеттілікті өтейтін арнайы техникалар жеткілікті. Қарасай ауданының Кемертоған ауылынан әмбебап орталық кеңсе үйі бой көтерді. Бүгінгі таңда орталық кеңседе «Газ есебі», «Техника қауіпсіздігін сақтау», «Үй ішіндегі газ құбырларының қызметін бақылау», «Абонент бөлімі», «Халықпен араласу және байланыс мәдениетін қалыптастыру» сияқты бірнеше бөлімдер тұтынушыларға қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, қауіпті жағдайдың алдын алу мақсатында тәулік бойына кезекшілік ететін мамандар да оларға керекті арнаулы техникалар да жеткілікті. Апатты жағдай бола қалған сәтте жедел құтқару қызметін көрсетуге ұжымдағы кәсіби мамандар әрқашан дайын тұрады. Осының бәрі жауапкершілігі зор, өзіндік талабы бар азаматтың іскерлігін көрсетеді. Молдияр Нұрбаевтың бойындағы қайтпас қайсар мінезінің жемісі, үлкен шаруаны ұйымдастыра білуінің жеңісі деп түсінуге болады. Жұмысты жаңаша жандандыра берудегі жаңа ой, тың тәсіл, соны жобалар алға ұмтылуға ықпалын тигізді. Бір айта кетерлік жайт, осы жұмыстың барлығын атқару барысында кәсіпкер Молдияр Нұрбаев мемлекет тарапынан жеңілдікпен қаражат, несие алып көрген жоқ. Тек іскерлігіне сүйенеді. Елбасының кәсіпорындар мен ірі өнеркәсіп, шаруашылық басшыларына қатардағы жұмысшылардың еңбекақысын тұрақтандыру жөніндегі тапсырмасын бұлжытпай орындап жүрген кәсіпкер әріптестерінен озып жүр. Серіктестікте еңбек ететін жұмысшылардың айлық жалақы мөлшері бүгінгі күні ешкімді ренжітпейтіндей жағдайға жетті. Қатардағы жұмысшы ай сайын 70-80 мың теңге еңбекақысын белгіленген күні алады. Ал кәсіби шеберлігі ұшталған әрі санаты жоғары жұмысшылар мен мамандар 150 мың теңге көлемінде еңбекақы алады. Сөйтіп, сөзі мен ісін қабыстыра білген кәсіпкер мемлекеттік саясатқа сай әрекет етуінің нәтижесінде биліктің де, халықтың да алдында жүзі жарқын болып жүр. Бұл әлбетте қуанарлық жайт. «Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын қуанышпен қабылдадық. Бұл қуаныш серіктестікке үлкен серпіліс әкелді. Нәтижесінде ұжым өркениет көшіне ілесе білді. Негізі серіктестігіміз өз күшімен жиырма шақырымдық жоғары қысымды құбыр тартуды жобаға енгізді. Оған шүкір. Кішігірім болса да өз қажеттілігімізді өтейтін күші бар жеке ГРЭС керегімізге жарап отыр. Уақыт талабына сай Жамбыл ауданын түгелдей газдандыруға күші жететін он шақырымдық жоғары қысымды құбыр іске қосылды. Серіктестік тікелей халыққа қызмет көрсетіп, тығыз байланыста жұмыс істейді. Осыны ескеріп, ауылдарды орналасу ыңғайына қарай бірнеше топқа бөліп, үлкен қауымдастық құрылды. Қазір қауымдастықта он бір бөлімнен тұратын бірлестік Жамбыл, Қарасай, Талғар аудандарында қызмет көрсетуде. Бұл уақыт талабына сай өмір қажеттілігін өтеу болып табылады. Айталық, ауылдарды газбен қамтуға міндет алған мемлекеттік мекеме емеспіз. Өз кемшілігімізді өзіміз түзетуге, өз кәсібімізді өзіміз өркендетуге тиістіміз», деген еді кәсіпкер Молдияр Нұрбаев. Өмір болған соң, тұрмыстық қажеттіліктерден туындайтын кемшіліктерді жою, атқарылған жұмысты үнемі назарда ұстап жүру Молдияр Нұрбаевтың қалыптасқан әдеті. Бойындағы осынау құндылықты үлгі ету мақсатында, еңбек ете білуді үйретумен қатар, зағип жандарға, зейнеткерлерге, көмекке зәру мұқтаж жандарға қол ұшын бере білуді міндетім деп санайды. 40 мыңнан аса тұтынушыларының және болашақ абоненттерінің жағдайын ескеріп, әр үйге тартылатын газ құбырының бағасын 319 мың теңгеден 210 мың теңгеге азайтуын елі азаматтық деп түсінді. Бұл бұрынғы бағаның 20-25 пайызға кемігенін көрсетеді. Елге жасалып жатқан осындай көмектің сыртында зейнеткерлер мен зағип жандарға, көпбалалы аналарға, мешіт үйлері мен мектептерге, ауған соғысына қатысушыларға, жетім балаларға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне көрсетілген қаржылай демеушілігін ешкім әлі есептеп шығарған емес. Ел Молдияр Нұрбаевты сөздің емес, істің адамы деп ерекше атап жатса еңбегі ерен азаматтың кәсіпкерлікті дамытудағы іскерлігін атап өткені. Еңбек жерде қалмады. «Құрмет» орденімен наградталды. Алматы облысының құрметті азаматы деген мәртебеге де ие болды. Сауатты кәсіпкер, саламатты басшы, қамқор әке, қазір 10 немере сүйіп отырған тамаша отағасы. Аяулы жары Алтынсара екеуі үш бала тәрбиелеп өсірген отбасы. Кәсіпкердің келер жылдарға айқындап қойған жобасы да бар. Ол алдағы төрт жыл көлемінде Жамбыл ауданының алыста жатқан ауылдарын түгелдей газ құбырымен қамтып, көгілдір отынмен қамтамасыз ету. Қарасай, Талғар аудандарының көптеген елді мекендеріне газ құбырын жүргізу басты мақсаттарының бірі. Себебі, Молдияр Нұрбаев басқаратын Алматы облысы газ шаруашылығы қауымдастығы бүгін тәжірибе жинақтаған, арнайы мамандары, техникасы жеткілікті ұжым облыстың қай өңірінде болмасын газ кәсіпкерлігін жүргізуге күші жететін қауымдастық болып табылады. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы, Қарасай ауданы.