27 Наурыз, 2015

Елбасы Тараз химия-технология колледжінде болды

474 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
27-03-2015-Taraz 02АСТАНА. 27 наурыз. Елбасы Жамбыл облысына сапары барысында Тараз химия-технология колледжінде болды. Бұл туралы akorda.kz хабарлады. Қазақстан Президенті онда өңірдегі білім беру саласын дамыту бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы білім ордасындағы оқытушылар құрамымен және студенттерімен әңгімелесті. Нұрсұлтан Назарбаев технологиялар мен өңдеуші салалар есебінен дамып келе жатқан Еуропа мен Азияның жетекші мемлекеттері үлгісімен елімізде баламалы экономика құрудың маңыздылығын атап өтті. «Индустрияландыру бағдарламасын орындаудың алғашқы бес жылында 770-тей кәсіпорын салынды. Тек осы жылдың өзінде 75 нысан іске қосылды. Инновациялық технологияларды дамытуға арнайы көңіл бөлінетін болады. Осы колледж базасында қуатты техникалық кластер дамып келеді. Елімізге кен өндіру кәсіпорындарында да, өңдеу кәсіпорындарында да жұмыс істей алатын химик-инженерлер, білікті мамандар керек. Қажетті мамандыққа ие болған түлектер Қазақстанның барлық жерінде жұмыс істей алады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Колледжде 12 мамандық бойынша кадрлар даярланады. Одан бөлек, мұнда химия өндірісі саласында ашылып жатқан өндірістер үшін қызметкерлерді қайта даярлықтан өткізу және біліктіліктерін арттыру ісі жүзеге асырылады. Оқу орны 600 адамға лайықталған және заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған. Колледж инфрақұрылымы оқу шеберханаларын, зертхана бөлмелерін, компьютер сыныптарын, мультимедия және лингафон кабинеттерін, компьютер залы бар кітапхананы, сондай-ақ, 200 орындық жатақхананы қамтиды. Еламан Қоңыр. Дерек: akorda.kz. Сурет: odnoklassniki.ru.