Борыш дендеп барады
Дамыған елдер борыш апанына барған сайын тереңдеп батып барады. Көптеген елдерде олардың ішкі жалпы өнімімен салыстырғандағы мемлекеттік қарыз деңгейі 2008 жылғы жағдайдан әлдеқайда артып кетті, деп хабарлайды ktovkurs.com сайты. Осы жағдайға байланысты көптеген елдер дағдарыспен күресудің амалдарын қарастыруда. Жапония банктері экономиканы ынталандырудың кең көлемді бағдарламаларын бірінен соң бірін жүргізуде. Мұндай әрекеттің басты себебі, он жылдан астам уақыт көлемінде әрі-сәрі жағдайда келе жатқан экономиканы сәл де болса түзу бағытқа алып шығу. Әрине, әрбір жақсылықтың өзіндік кемшілігі де болатыны түсінікті. Бүгінгі күні Жапония банктерінің қолданып отырған амалдары бақылаусыз инфляцияға алып келуі мүмкін. Мұндай жағдайда бұл шаралардың экономикаға тигізетін пайдасы мен зияны бірдей болмақ. Бірақ жапон үкіметі аталған шараларды қолдана отырып, ел көлеміндегі үлкен бір проблеманы шешуді көздейді. Аталған шара елдің ішкі жалпы өнімінің қазірдің өзінде 400 пайызына дейін жеткен қарыздар көлемін азайтуға себепші болуы мүмкін. Мәселен, мұндағы қарыздардың басым бөлігі елдің ұлттық валютасымен белгіленген. Демек, ұлттық валюта құнсызданған сайын аталған қарыз деңгейі де төмендей бермек. Әлемде қазіргі күні қарыздарының көлемі ішкі жалпы өнімнің 300 пайызынан асқан 9 ел бар. Бұл елдердің барлығы дамыған елдер қатарында аталады. Дегенмен, дәл қазіргі сәтте бұл елдердің барлығын (Португалия мен Грекияны қоспағанда) қарыз жөніндегі проблеманы бастан кешіріп отыр деуге келмейді. Себебі, бұл елдердегі банктер беретін несиелердің пайыздық ставкасы төмен, әрі несие берушілер де сеніммен қарайды. Алайда, қаржы жүйесіндегі сәл ғана қиындықтың өзі борыш дағдарысын туындатуы ғажап емес. Сарапшылардың пікірінше, енді борыш дағдарысы орын алатын болса, ол 2011 жылғы жағдайдан әлдеқайда тереңдеп, жаһандық сипат алмақ. Өйткені, ендігі жағдайда қаржы жүйесінде орын алған апанды бұрынғыдай мол көлемді қаржымен бітеп тастаудың өзі мүмкін емес. Сарапшылардың соңғы кездері жасаған талдауы бойынша, әлем мемлекеттерінің 39 пайызы борыш дағдарысының келесі құрбандықтарына айналуға таяу қалған. Өйткені, олардағы мемлекеттік қарыздар ішкі жалпы өнімдерінің деңгейінен артып түскен. McKinsey Global Institute-нің жаңа есебіне қарағанда, қазіргі күні әлемнің барлық ірі экономикалары 2007 жылғы рецессиялар мен қаржы дағдарысы басталған уақытқа қарағанда, өздерінің ішкі жалпы өнімдерімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары борыш берешегіне батып отыр. Міне, осының салдарынан жалпы әлемдік қарыз көлемі сол кездегі жағдаймен салыстырғанда, 17 пайызға артып кеткен. Бүтіндей айтатын болсақ, жалпы әлемдік қарыз көлемі 2014 жылдың ІІ тоқсанының соңында 199 триллион долларды құраған. Ал 2000 жылдың соңына таман бұл қарыз көлемі 87 триллион доллар ғана болатын. 2007 жылдың соңында бұл қарыз 142 триллион долларға жетті. Енді міне, одан 57 триллион долларға асып түсіп отыр. Демек, уақыт өткен сайын, әлемдік қарыз көлемі де ұлғая түсуде. Осыған қарап, қаржы саласының сарапшылары енді дағдарыс бола қалса, ол бүкіл әлемді шарпиды, бұл дағдарыстың жаһандық сипаты болады, деп қорытынды түйіп отыр.Британияда автокөлік өндірісі құлдырауда
Британияның автомобиль өнеркәсібінің көлемі өткен жылдың қаңтар айымен салыстырғанда, біршама шектеле түскен. Сарапшылар мен аталған рыноктың белгілі ойыншылары бұл жағдайды биылғы жылы жаңа модельдер шығарудың молая түсуімен түсіндіргісі келеді. Автомобиль өндірушілер мен сатып алушылардың қоғамы (SMMT) өткен бейсенбіде Британиядағы автомобиль өндірісінің қаңтар айындағы есебін шығарды. Осы есептен мәлім болғанындай, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, өндіріс көлемі 127 385 автомобильге дейін төмендеген. Яғни, 1,2 пайызға азайған. Ал автомобиль экспортының қаңтардағы көлемі 6,2 пайызға азайып, 97 022 дананы құраған. SMMT бұл жағдайды көп қаржының негізінен жаңа модельдерді шығаруға жұмсалғандығымен түсіндіреді. Инвестицияның біраз бөлігі нақ осы іске жұмсалған екен. Мұндай жаңа модельдер биылғы жылдың өзінде рынокта пайда болуға тиіс. Осы жаңа модельдерді шығару үшін жаңа технологиялар қажет болған. Қаржының басым бөлігі осы істі ұйымдастыруға жұмсалған. Дегенмен, бірқатар сарапшылар қазірдің өзінде Британиядағы автомобиль өнеркәсібі көлемінің төмендей түсуіне алаңдаушылық танытып отыр. Өйткені, олардың келтірген деректері бойынша, соңғы бес жылдың өзінде Британияның Азия елдеріне жөнелткен автомобиль экспортының көлемі үш есеге дейін өскен болатын. Ал өткен жылы бұл ел сыртқы нарықтарға 1,2 миллион автокөлік сатыпты. Демек, қаңтар айында автокөлік өндірісі көлемінің азая түсуі, соның ішінде экспорттың 6,2 пайызға құлдырауы алаңдауға лайық жағдай деп есептейді олар. Әзірге жылдың басы ғана. Тіпті, бірінші тоқсанның аяқталуының өзіне әлі бірталай уақыт бар. Сондықтан, бір айдың көрсеткішіне қарап бал ашудың өзі шындыққа сәйкес келе қоймас. «Балапанды күзде санайтындығы» тағы белгілі. Бірақ қалай алып қарағанда да, осы уақытқа дейін дамып келе жатқан Британия автомобиль өнеркәсібінің жаңа жылды жағымсыз көрсеткіштермен бастауының өзі мұндағы автокөлік шығарушылар мен сатушылардың көңіліне қаяу түсіргендей.Германияда жұмыссыздық көбейді
Германиядағы жұмыссыздық деңгейі бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті. Дәл қазіргі күндері бұл елде 12,5 миллион адам екі қолдарына бір күрек таба алмай босқа жүр. Бұл – жалпы ел азаматтарының 15,5 пайызын құрайтын көрсеткіш. Осындағы сарапшылардың деректеріне қарағанда, қазіргі кезде жалғыз басты ата-аналар мен жұмыссыздар Германиядағы кедейшілікке душар болғандардың басым көпшілігін құрап отыр. Paritatische Gesamtverband зерттеу ұйымының мәліметтеріне қарағанда, мұндағы жалғызбасты ата-аналардың 40 пайыздан астамы мен жұмыссыздардың 60 пайызға жуығының тұрмысы кедейлік деңгейін белгілейтін көрсеткіштен де төмендеп кеткен. Қарттар мен зейнеткерлердің 15 пайызы осы топтың қатарына қосылып отыр және бұл көрсеткіш уақыт өткен сайын өсіп келеді. Аталған ұйым бұл деректерді әзірлеген кезде Еуропалық одақ қабылдаған кедейлік деңгейі көрсеткішін есепке алған. Осы көрсеткіш бойынша, мұнда кімнің табысы елдегі орташа кіріс көлемінің 60 пайызынан төмен болса, сол кедей деп есептеледі.Беер-Шеведегі ереуіл
«Химикалиим ле-Исраэль» концерннің 700-ге жуық жұмысшысы кешегі күндері ереуілге шығып, Беер-Шеве қаласының орталық көшелеріндегі жолдарды жауып тастады. Олар осының алдында ғана жұмыстан қысқарту жөнінде хабарлама алған болатын, деп хабарлайды Ynet сайты. Беер-Шеве – Негева провинциясының астанасы. Жұмысшылар ереуілі осы қаланың Регера гүлзарында таң атысымен басталып кеткен. Полиция ереуіл жасаушыларды назарда ұстағанымен, оларға қарсы күш көрсету әрекеттерін жасай қойған жоқ. Келіп түскен деректерге қарағанда, концерн дирекциясы «Терковот Бром» зауытының 270 жұмысшысын, «Мифалей Ям а-Мелах» кәсіпорнының 450 жұмысшысын жұмыстан қысқартуды ұйғарған. Осы ұйғарымдарын жұмысшылардың өздеріне хабарлаған. Ереуілдің басталуына міне, осы жағдай түрткі болған. «Мен өмір бойы Сдомдағы өндірісте жұмыс істеп келемін. Егер жұмыстан қысқаратын болсам, отбасымның алдында қалай деп ақталамын?! Мен сияқты қиындыққа душар болушылардың барлығы осындай уайым шегуде», дейді ереуілге шығушылардың бірі 47 жастағы Гиора Барми. Оның айтуына қарағанда, мұндай жасқа келіп, елдің оңтүстігінен қайта жұмыс табу өте қиынға түспек. Сондықтан ол егер шынымен жұмыстан қысқаратын болса, Негеведе бұдан әрі қала алмайтындығын, отбасын алып Израильден кететіндігін мәлімдеді. Жұмыстан қысқарушылар компанияның бұл әрекетіне мемлекет араласып, оған бөгет жасауы тиіс деп есептейді. Өйткені, «Химикалиим ле-Исраэль» концернінде мәселені дауысқа салу барысында, мемлекет басым дауысқа ие болып табылады. Яғни, мемлекет концерн басшылығының шешіміне тосқауыл қоя алады. Жұмысшылар, сондай-ақ, концерндегі әділеттілік мәселесіне де наразылықтарын танытуда. Олардың айтуынша, концерн басшылығы жұмыстан қысқаруға түскендерге, егер олардың ұзақ мерзімді жұмыс өтілі мен тұрақты мәртебесі болған жағдайда ғана өтемақыларына 500 мың шекел үстеме қосады екен. Ал концерннің бас директоры болса, айына 1,8 миллион шекел көлемінде жалақы алуда. «Осының өзі әділеттілік пе?» деп сұрайды ереуілге қатысушылар. Бүгінгі күні бұл ереуіл одан әрі жалғасуда. Дайындаған Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».