14 Мамыр, 2015

Ардагерлер ансамблі Астанадан абыроймен оралды

345 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Көз қорқақ, қол батыр» деген, Жақсы­лық аға о баста ардагерлер ансамблін құра­тын кезде «Бұл істің соңы қалай болар екен?» деп ептеп жүрексінген екен. Қанша дегенмен немере-шөберелерінің қылы­ғына тоймай, бейнетінің зейнетін көріп отырған ақсақалдардың ендігі жерде қоғам­дық жұмысқа құлқы бола ма? Құрметті дема­лыстағы қария өзін үлкен ортадан алыс ұстап, жаны тыныштықты қалайтыны белгілі ғой.

egemen (26)

Әйтсе де, еңбекпен есейіп, бар күш-жігерін елі үшін жұмсаған ардагерлер ешқашан да қоғамнан, ортадан алыстап кетпейді екен. Қарттық деген енді қолыңнан ештеңе келмейді деген сөз емес. Қайта әр іске байыппен қарап, өмірлік тәжірибеңді, көрген-түйгеніңді кейінгіге үйрететін, жастарға қолдау көрсетіп, ісімен де, сөзімен де үлгі болатын шақ емес пе? Осыны ұғынған ардагерлер Жақсылық ағаның ұсынысын бірден қолдай кетіпті. Сөйтіп, Тараз қаласында ардагерлер ансамблі құрылды. Одан бері де үш жылдан астам уақыт өтіпті.

– Біздің ұйымда 3 мың 700 ардагер мен зейнеткер мүше болып тіркелген, – дейді Тараз қалалық ардагерлер ұйымы №10 аумақтық округінің төрағасы Жақсылық Досаев. – Оның ішінде 104 жасқа келген бір әжеміз және 7 соғыс ардагері бар. Өткен жылы біздің ардагерлер ансамблі қала бойынша өткен байқауда бірінші орынға ие болды. 45 өнер ұжымы қатысқан облыстық байқауда жүлделі үшінші орыннан көріндік. Ал сәуір айының ортасында Астанада өткен «Қайран, ерлер – қаһарман ардагерлер!» атты республикалық байқауға Жамбыл облысының атынан қатысып, екінші орынға ие болдық. Ансамбльде 15 ардагер өнер көрсетеді. Әрине, ол ардагерлердің көбісі зейнеткерлікке дейін құрылысшы, теміржолшы, басқа да мамандықтар бойынша еңбек еткен. Ең жасы үлкені жақында 80-ге толды. Оларға өнер саласында талай жыл еңбек еткен Сейсенбі Бейсеуов жетекшілік етуде. Сондай-ақ, Серік Сабырбеков, Жаңбырбай Жолмағамбетов, Қорабай Ес­дәулетов, Тұрар Бердіқожаев, Бекжан Ілден­баев сияқты термеші-әншілеріміз бар. Шүкіршілік, елдің жоғары бағасын алдық, ардагерлердің абыройы артты. Сол абыройды одан сайын биіктетіп, нығайта түсуге тиіспіз. Ақсақал айтқан аталы сөз ешқашан аяққа басылмаған. Осы аймақтағы дау-дамай, ағайын арасындағы ұрыс-керісті сыртқа шығармай, өз орталарында шешіп, туыстықты, бірлікті, елдікті насихаттап жүрген осынау өмірлік тәжірибесі мол, данагөй ардагерлердің ел ішінде ықпалы өте зор екен. Ендеше, жас­тарымыз осындай ел ағаларына, қазыналы қарияларына қарап, ойын да бойын да түзесе, нұр үстіне нұр болар еді.

Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан».

Жамбыл облысы.