27 Ақпан, 2015

Ахметжан Есімов: «Алматының денсаулық сақтау саласының деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен жоғары»

371 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
ATN_2882Бұр­нағы күні өткен алқалы жиында Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанат Қасымжанованың екі миллионға жуық халқы бар үлкен мегаполистегі осы саланың бір жылда атқарылған жұмыс нәтижесі жайлы жасаған баяндамасын тыңдап, онда қыруар шаруаның атқарылғанына көз жеткіздік. Ол туралы жақында қала әкімі алматылықтарға берген өз есеп жиынында да атап өткен-ді. Алдымен баяндамашы қаланың денсаулық сақтау саласы 2014 жылы дамып, әрі жетілдірілгенін, Елбасының дәстүрлі Жолдауы аясында «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және Алматы қаласы даму бағдар­лама­сын жүзеге асыруды қамта­масыз еткенін алға тартты. Ең бастысы, кешенді жүргізілген шаралар нәтижесінде тұрғындар денсаулығы индикаторының динамикасында елеулі жетістіктерге қол жеткізілген. Атап айтқанда, тұрғындардың табиғи өсімі 12 пайызға артып, жалпы өлім көрсеткіші 3 пайызға төмендеген. Әсіресе, бала өлімі 27 пайызға азайған. Бұл – еліміз бойынша бұрын-соңды қол жеткізілмеген үздік көрсеткіш. Ана өлімі саны 2 еседен астам кеміп, ана денсаулығын қорғауда республика бойынша үшінші орынды иеленіп отыр. Сондай-ақ, қан айналымы жүйесі ауруларынан өлім саны 29, онкопатология бойынша аурудан өлім-жітім 8, туберкулез бойынша 10 пайызға төмендеген. – Бәсекеге қабілетті жағдайдың қалыптасуы жалғастырылып, мемлекеттік тапсырысты орын­дауға қатысқан жеке және ведом­стволық мекемелер саны отыз пайызға артты, – деді қаланың бас дәрігері. – 2015 жылдың сәуір-мамыр айында құрылысы аяқ­талуға тиіс жоспарланған 3 нысанның құрылысы басталды. Бастапқы медико-санитарлық көмектің тұрғындарға дер кезінде көрсетілуін жақсарту үшін Мамыр ықшамауданында жергілікті бюджет қаражаты есебінен алаңы 4387,4 шаршы метр ғимарат са­тып алынды. Денсаулық сақ­тау және Жұмыспен қамту мен әлеу­меттік бағдарламалар бас­қар­малары, Қазақстан-Ресей меди­циналық университеті бірлесе қол қойған меморандумды орындау мақсатында 8 әлеуметтік үйде, мүгедектер мен ардагерлерге арналған орталықтардағы тұрғындар профилактикалық меди­циналық тексеруден өткізілді. Әлеу­меттік маңызы бар ауруларды дер кезінде анықтау үшін алдын ала жүргізілетін шара сапасын көтеру мақсатында 5 эндоскопиялық скрининг орталықтары және амбу­латориялық гепатологиялық орта­лық құрылды. Баршаға аян, бүгінде елімізде Ұлттық скринингтік бағдарламалар бойынша тексеруден өткізілу ұйымдастырылуда. Осы мақсатта жылдық жоспар 100 пайызға орындалып, 1 млн. 200 мыңнан астам қала тұрғыны қамтылған. Скрининг нәтижесінде 128 мыңнан аса ауру түрі анықталып, оның ішінде 234-інен қатерлі ісік ауруы табылған. Бүгінгідей медицинаның қа­рыш­тап дамып отырған уақытында білікті мамандар дайындау күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Қалада медициналық кадрларды жүйелі дайындықтан өткізу ісі де нақты ұйымдастырылған. Осы ретте әрбір үшінші дәрігер және әрбір төртінші орта буын медицина қызметкері оқытылып, 164 шеберлік-сыныбы, оның ішінде тең жартысы шетелдік (87) мамандардың қатысуымен өткізілген. Соның негізінде 182 көрсеткіштік операция жасалған. Шетелде 97 маман менеджмент және өзекті клиникалық проблемалар бойынша білімін жетілдірген. Инновациялық даму жалғасын тауып, елімізде енгізілген жоғары мамандандырылған медициналық көмектің 182 әдістемесінің 135 түрі Алматы қаласында жүргізілуде. Медициналық туризм аясында 28 елден келген 81 шетелдік азамат­тарға жоспарлы көмек көрсетілген. ATN_2709 Оңтүстік астанада кардио­ло­гиялық қызмет те жолға қойылған. Мәселен, Қазақстанда тұңғыш рет Қалалық кардиологиялық орта­лықта «Ротоблатор» аппаратымен коронарлық қан тамырын тазарту әдістемесі енгізілді. Жедел коронография да қарқынды жасалуда. Радиожиілік аблация әдісімен жүрек соғысының бұзылуын анықтайтын және емдеуге мүмкіндік беретін электрофизиологиялық станса қа­тарға қосылды. Аталған орта­лық Швейцарияның «S.I.Q.S.» стандарттық сапа институтының Халықаралық сертификатын және Оксфорд университетінің Сократ комитетінің «Қазақстанның үздік медициналық кәсіпорыны» атағын иеленген. Жанат Қасымсейітқызы елімізде жоғары мамандандырылған меди­циналық көмектің басым бөлігін көрсететін №4 Қалалық клиникалық ауруханада буын-сан сүйектері сынығы мен ауыр жарақаттары кезінде мультидисциплинарлық бригадалардың жедел көмек көрсету алгоритмі енгізілгенін, сондай-ақ, аяқ-қол буындарын аса күрделі эндопротездеу түрлері де осы клиника мамандарының күшімен жүзеге асырылып, ком­пьютерлік навигация арқылы эндопротездеу жүргізілетінін мақ­танышпен жеткізді. Ал №7 қалалық клиникалық аурухана мамандарының жоғары маман­дандырылған технологияның басым бөлігін игеріп отырғанын және елімізде органдардың трансплантологиясын жасау бойынша көш бастап келе жатқанын да екпін түсіре жеткізді. Соның негізінде 2012 жылдың маусымынан бастап клиникада 99 бүйрек және 6 бауыр трансплантологиясы жасалған. Сонымен қатар, ауруханада эндоваскулярлық хирургия және гепатобилиарлық бөлімшелер де ашылған. Қаланың тағы бір қол жеткізген жетістігі – Перинатология және балалар кардиохирургиясы ор­талығында түрлі туа біткен жүрек ақауының формалары анықталған сәбилер мен балаларға жасалатын операция спектрінің артуы. Мәселен, 2014 жылы бұл орталықта 244 кардиологиялық операция, оның 131 операциясы 1 жасқа дейінгі балаларға жасалған. Орта буын медицина маман­дарының тәжірибелік біліктілігін арттыру мақсатында Алматы қалалық медицина колледжінде «Аймақтық симуляциялық орталық» ашылды. Мұнда симуляциялық технология көмегімен оқыту, тесттен өткізу, аттестация және студенттер мен мамандар біліктілігінің деңгейі жан-жақты бағаланады. Қаланың бас дәрігерлерінің тағы бір тоқталған мәселесі – қаладағы емханаларда персонал қызметін жеңілдететін және пациенттерге қолайлы жағдай туғызатын инновациялық технологиялар мен электронды шешімдердің 15 бағ­дарламасының енгізілуі. Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясында мәліметтер беру жүйесін толық автоматтандырылуына мүмкіндік берген «Көмек 103» дара ақпараттық бағдарламасы енгізілді. Қазақстанда алғаш рет электрокардиограмманы арақашықтықта анықтау және белгілеу жүйесі енгізілді. Жиында сондай-ақ Алматы қалалық тұтынушылардың құқы­ғын қорғау департаментінің басшысы Е.Дүрімбетов бір жылғы атқарылған жұмыстарына есеп берсе, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор С.Беркінбаев қаладағы кардиологиялық қызмет­тің жұмысына баға беріп, алдағы уақытта бірлесіп атқаратын шара­ларға тоқталды. Одан әрі Алматы қаласы дәрі­герлерінің 2014 жылы атқарған жұ­мыстарына арналған алқа жиы­нын қала әкімі Ахмет­жан Сма­ғұл­­­ұлы қорытып, жұмыс­та­рына оң баға берді. Қала әкімі 2014 жылы бірқатар параметрлер бой­ынша мегаполистің денсаулық сақтау саласының деңгейі орта республикалық көрсеткіштен жоғары екенін атап өтті. Мысалы, бала туу өсімі артты, жалпы өлім азайды, өкпе ауруының алды алын­ды, ана мен бала өлімін бол­дыр­мау барысында жақсы көрсет­кіш­терге қол жеткізген. Өткен жылы қаланың денсаулық сақтау саласына республикалық бюджетті қоса есептегенде 62 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Яғни, өсім 10 пайыз болса, қаржы 99,9 пайызға игерілген. Ден­саулық сақтау саласының 10 нысаны күрделі жөндеуден өтіп, жетеуінің сейсмикалық қуаты күшейтілген. Ме­диктер үшін 138 орынды жатақхана пай­далануға берілген. Шаһар басшысы бұлардан өзге денсаулық сақтау ұйымдары заманауи әрі жоғары технологиялы қондырғылармен жабдықталғанын, осы мақсаттарға 3 млрд. теңге бө­лініп, медиктердің кәсіби шебер­лігін арттыру үшін 230 млн. теңге жұмсалғанын жеткізді. Сондай-ақ Ахметжан Смағұлұлы сырттан келетіндерден сақтандыру полистерінің болуын талап етуді ұсынды. Ахметжан Смағұлұлы кадр тапшылығы мәселесін де көтерді. Қазіргі таңда қалада 500 дәрігер мен 750 орта медицина мамандары жетіспейтінін, биылғы жылы Алматы медициналық училищесіне жаңа ғимарат мәселесін шешуді қолға алатынын айта келе, 2015 жылы атқарылуы тиіс негізгі міндеттерді атап көрсетті. – 2015 жылы да жақсы жетістік­терге қол жеткізіп, негізгі индикаторларды нығайта түсу қажет. Үстіміздегі жылдың аяғына дейін денсаулық саласының шығынды 2 ұйымын мемлекеттік-жеке серік­тестікке беру керек, қаржы тәр­тібін жақсартып, ведомстволық ба­ғынышты ұйымдардың өзін өзі ақ­тауын арттырған жөн», – деп қоры­тындылады сөзін А.Есімов. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.