«Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының («Мемсараптама» РМК) Астана қаласындағы филиалы – заманға сай сараптау орталығы. Оның қызметінің мақсаты Үкімет бекіткен ережелерге сәйкес Қазақстан Республикасының республикалық және жергілікті инфрақұрылым нысандарының, соның ішінде энергиямен, сумен, жылумен жабдықтау нысандарының, магистральдық көлік, байланыс, коммуникациялар, коммуналдық-тұрғын үй шаруашылығы және тіршілікті қамтамасыз ететін басқа да жүйелердің құрылысына арналған жобалау алдындағы құжаттарына (техника-экономикалық негіздемелеріне) және жобалау құжаттарына (жобалау-сметалық құжаттарға) кешенді мемлекеттік сараптама жүргізу, сараптамалық қорытынды беру болып табылады.
«Мемсараптама» РМК-нің Астана қаласындағы филиалы 2014 жылғы 22 қаңтарда құрылды. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптаудың республикалық біртұтас мемлекеттік жүйесіне енеді.
Мемлекеттік сараптама жасау – мемлекеттік инвестициялар есебінен, отандық және шетелдік инвесторлардың қаражатымен немесе олардың қатысуымен қаржыландырылатын нысандар мен кешендер құрылысының инвестициялық үдерісінің қажетті кезеңі. «Мемсараптама» РМК-нің Астана қаласындағы филиалының негізгі міндеті – Қазақстан Республикасының нормативтеріне жобаның қаншалықты сәйкестігін, соның ішінде бірінші кезекте өрт пен жарылыс қауіпсіздігін, құрылғылардың сенімділігін, жұмыс істеуінің тұрақтылығын, санитарлық-гигиеналық нормаларға, сондай-ақ, құрылыстың сметалық құнына сәйкестігін анықтап, жобалық шешімдерге баға беруімен ерекшеленеді.
Әдетте сараптама қорытындылары үш түрлі сипатта болып келеді. Бірінші жағдайда, яғни жоба нормаларға толық сәйкес орындалған болса, ол бекітілуге ұсынылады. Екінші жағдайда, яғни жобада нормадан ауытқушылықтар байқалатын болса, ол кемшіліктер ескертіліп, түзетілуге және дұрыстап қайта бір пысықтауға кері қайтарылады. Ал үшінші жағдайда, яғни Қазақстан Республикасындағы құрылыс нормаларының талаптары өрескел бұзылған жағдайда, жоба мүлдем қабылданбайды.
Филиал ұжымын басқарып отырған Нұрлан Чимбаевтың айтуынша, кәсіпорында біліктілікті арттырудың үздіксіз жүйесі жұмыс істейді. Сарапшылар жыл сайын республикалық семинарларларға қатысып, білімдері мен біліктіліктерін арттырады. Кәсіпорынның қызметкерлері, сондай-ақ, сапаны қадағалау жөнінде тұрақты өткізілетін семинарлар мен форумдарға, басқа да түрлі жиындарға белсене қатысып отырады.
Кәсіпорынның өндірістік-техникалық базасы заман талабына сай. Әрбір жұмыс орны соңғы шыққан компьютерлермен, принтер, телефон және факспен жарақтандырылған, интернет желісіне қосылған. Сараптама қызметінде «Лира», «SANA», «АВС-4» бағдарламалары кеңінен пайдаланылады.
Филиалда қызметкерлерді әлеуметтік қорғау институты жақсы дамыған. Қызметкерлерді медициналық сақтандыру, материалдық және әлеуметтік көмек көрсету, спорттық-сауықтыру шаралары қарастырылған. Еңбекке ынталандыру, сыйақы беру жүйесі жұмыс істейді.
Филиал өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Президенттің Жарлықтары мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларын, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің бұйрықтары мен өкімдерін, құрылтайшының нұсқаулары мен шешімдерін басшылыққа алады.
Осындай жағдайға сәйкес филиалдың өндірістік көрсеткіштері де жақсара түсуде. 2014 жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы Астана өңірі бойынша құрылысқа, қайта жаңғыртуға және күрделі жөндеуге жалпы құны 31,011 млн.теңгені құрайтын 113 жобалық-сметалық құжаттама қабылданды. Мемлекеттік сараптаманың ескертпелерінен кейін қайта түзетілген жалпы сметалық құны – 28,453 млн. теңгені құрайтын 109 жобалық-сметалық құжаттамаға оң қорытынды берілді. Жобалық шешімдер мен сметалық құжаттамаларды нормативтік талаптарға сәйкестендіріп, сараптама ескертуі бойынша негізсіз жұмыс көлемі мен шығындарды азайту нәтижесінде бекітуге ұсынылған құрылыстың жалпы мәлімделген құны 2,557 млн. теңгеге азайды.
Сөйтіп, бұл ұжым Астана қаласының заман талабына сай көркеюіне, ондағы құрылыстардың заман талабына сай сапалы салынуына өз үлесін қосып келеді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.