27 Ақпан, 2015

Бюджет туралы заң жобасы таныстырылды

254 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Парламент Сенатында палата Төрағасы­ның орынбасары Қайрат Ищановтың қатысуымен «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. 2014 жылдың іс жүзіндегі қорытындыларына сүйене отырып, есептеулерді нақтылау, макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамын түзету, сондай-ақ, әлемдік нарықтардағы елеулі ауытқулар және жалпы алғанда, қалыптасып отырған геосаяси факторлар жағдайларында, елдің әлеуметтік-экономикалық және қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету шараларын қабылдау қажеттілігі 2015 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау үшін негіз болып табылады. Нақтыланған бюджет жобасы Елбасының үстіміздегі жылдың 11 ақпанында Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларына сәйкес «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасына жасалған өзгерістерді қамтиды. Заң жобасы екі негізгі міндетті шешуді: - кірістердің түсу болжамының азаюы нәтижесінде өзгерген бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуді; - және қолайлы жылдары Ұлттық қорда жинақталған резервтердің есебінен «Нұрлы Жол» бағдарламасын іске асыру арқылы экономиканы қолдауды қамтамасыз етуді көздейді. Ұлттық экономика министрі Е.Досаев макроэкономи­калық тұрақтылықты 2015 жылы қамтамасыз ету шаралары туралы баяндады. Макроэкономикалық көрсеткіштердің нақтыланған болжамы экономика салаларының 2014 жылғы алдын ала дамуы мен қазіргі жағдайдағы әлемдік тауар нарықтарындағы негізгі экспорттық тауарлардың бағалары ескере отырып жасақталды. ІЖӨ-нің өсуі 2015 жылы 1,5 пайыз, қарашадағы нақтылаудан 3,3 пайыздық тармаққа төмен, 2016 жылы 2,2 (3,1 пайыздық тармаққа төмен) деңгейінде бағаланып отыр. Бұған қарағанда, ІЖӨ қарашадағы нақтыланған көрсеткішке қарағанда 2413,7 миллиард теңгеге төмен болып, 2015 жылы 41 307,6 миллиард деңгейінде болжанып отыр, ол 2019 жылға 59 869,9 миллиард теңгеге ұлғаяды. ІЖӨ жан басына шаққанда 2015 жылы 12,8 мың доллардан 2019 жылы 17,6 мың долларға ұлғаяды. «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қаржы министрі Бақыт Сұлтанов таныстырды. 2015 жылға арналған республикалық бюджет түсімдері 5 988 млрд. теңге көлемінде немесе бекітілген бюджетпен (6 858 млрд. теңге) салыстырғанда 870 млрд. теңгеге белгіленді. Кірістердің болжамы (трансферттердің түсімін есепке алусыз) 3 219,9 млрд. теңге көлемінде немесе бұрын бекітілген көлемнен 939,6 млрд. теңгеге төмен, оның ішінде салықтық түсімдер бойынша 959,6 млрд. теңгеге төмендеу есебінен бағаланады. Ұлттық қордан кепілдік берілген трансферт мөлшері 1 702 млрд. теңге бекітілген деңгейінде сақталады. Ұлттық қордан нысаналы трансферт «Нұрлы жол» бағдарламасын түзетуге байланысты 76,0 млрд. теңгеге ұлғайтылды және 783,5 млрд. теңгені құрайды. Республикалық бюджет шығыстары – шығыстарды 686,7 млрд. теңгеге оңтайландырудың және «Нұрлы Жол» бағдарламасының жаңа бағыттарына 76,0 млрд. теңгеге ұлғайтудың нәтижесінде, бекітілген бюджетпен салыстырғанда 610,7 млрд. теңгеге төмендей отырып, 7 244,5 млрд. теңге сомасында қалыптасты. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков депутаттарды ақша-несие саясатындағы өзекті мәселелер туралы депутаттарды хабардар етті.