2015 жылғы 29 сәуір – Қазақстан дамуында жаңа дәуірдің басталу күні.
Осы күні Елбасы өзінің инаугурациялық-бағдарламалық сөзінде біздің мемлекетіміздің қалыптасуының маңызды кезеңдерін атап өтіп, халықаралық аренадағы шым-шытырық жағдайды ашып көрсетіп, мемлекетіміздің алдында тұрған мақсаттарды нақты белгілеп берді. Президентіміз ұлтымызды жаңа 5 қауіп-қатерден бұрынғыдай алдын ала сақтандыра ескертті. Осы жағдайдың өзінде алдағы жылдардағы міндет айқын: ол – әлемдегі ахуалға қарамастан, Қазақстанды нығайту, дамыған 30 елдің қатарына қосу. Елбасы ұсынған бес институттық реформаны жүзеге асыру алдағы мақсаттарға жетуге жол ашатыны сөзсіз. Жаңа реформаларға қадам бұрын болған жоспарлар мен бағдарламалардан түбегейлі өзгеше. Сондай-ақ, реформалар тиімділігінің әрбір азамат пен бүкіл қоғамның қатысуына тікелей байланысты екендігі баса айтылды. «Реформалардың мәні – ұлтты жаңғыртуда. Ұлттың сапасы, халық рухының күші, уақыт сын-қатерлерін қабылдай білу және тек қана алға басу – бұрын да мемлекет табысының айқындаушы факторы болған және бола береді», деді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде. Ұлтты жаңғырту, ол қандай болу керек және қандай құндылықтар жүйесіне бетбұруы тиіс – бұл бұрын-соңды ешбір мемлекет белгілемеген, алдына қоймаған шын мәнінде ғаламат міндет болып отыр. Тарихи дамудың әрбір межесінде өзінің мәнін жоғалтқан құндылықтардың орнына уақыт талабына сай жаңалары қалыптасады. Оларға өзгермес коварианттық негіз болып әлбетте жалпы адамзаттық құндылықтар қалады. Қазақстанда уақыт ағысы мүлдем басқаша. Қазақстан басқа елдер үшін жүз жылды қажет еткен өзінің Ұлы Жолын оншақты жылдың ішінде жүріп өтті. Енді мемлекетіміз Мәңгілік Елге апаратын «Нұрлы Жолды» лайықты өтуі керек. Межеленген шараларды жүзеге асыру ол мақсатқа жеткізетіні де сөзсіз. Осы ретте ең басты құндылықтардың бірі – Президенттің «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына» қатысты айтқан Еңбек ұғымы. Адамдарды міндеттер мен мақсаттардың ортақтығындай ештеңе біріктіре алмайды. Ол болашақ Ұлтты қалыптастырудың даңғыл жолы бола алады. Елбасы реформаларды қатаң бірізділікпен жүзеге асыру қажеттігін және олар мемлекеттік қызмет жүйесін реформалаудан басталатынын ескертіп айтты. Қазірдің өзінде Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, жұмысын бастап кетті. Шын мәнінде, әрбір саланың жетістігі, алдағы экономикалық өсім, индустрияландыру саясатының тиімділігі, әлеуметтік саланың ахуалы, халықтың әл-ауқаты, жалпы алғанда, елдің даму деңгейі сауатты кәсіби басқарушылыққа тікелей байланысты. Мемлекеттік қызметкер болашақта өзінің міндетін халыққа, азаматтардың заңды мүддесіне, мемлекетке қызмет ету деп түсінетін, басқару баспалдақтарының бәрінен біртіндеп өткен, өз ісінің шебері, жоғары кәсіпқой маман. Сондықтан, мемлекеттік қызметке кірудің басты талабы: кәсібилік, сәйкес дипломмен дәлелденетін, мамандығы бойынша базалық біліммен ғана шектелмейтін біліктілік. Біліктілік – бұл жан-жақты білімі бар және жүктелген міндетті орындауға дайын екендігін көрсететін сапалық көрсеткіш. Кәсіпқой үшін бүгінгі күні жоғары шеберлік пен мамандықты терең меңгеру аздық етеді. Бұл – сонымен қатар, өз ісіне бейжай қарамай, жан тәнімен беріле білетін азамат болу. Құзыретті және кәсіпқой басқарушыларды қалыптастыру – бұл өте маңызды және өте күрделі міндет. Оған Елбасының бастамасымен және тапсырмасымен мемлекеттік құрылымды оңтайландыру, өкілеттіктердің аражігін ажырату, заңдық деңгейде бекіту арқылы алдын ала жағдай жасалған болатын. Бүгінгі таңда оны одан әрі тереңірек реформалау қажеттілігі туындап отыр. Мемлекеттік қызметке іріктеу мен қабылдауға ғана емес, бастапқы кезеңі ретінде кадрларды дайындау жүйесіне түбегейлі өзгеріс қажет. Кәсіби автономиялық мемлекеттік аппарат әрбір ұйымның, мекеменің, өз өкілеттілігі аясында мәселелерді жедел шешу, қабылданған шешімдер үшін басқаларға сілтемей, өзіне жауапкершілік ала білу сынды квазидербестікті білдіреді. Бұл үрдіс тұрақты, жүйелі және сабақтастықты қамтамасыз етеді. Ол қазіргі мемлекеттік қызметкерлерді ғана емес, қоғамның барлық салаларын қамтиды. Бірінші кезекте кадрларды дайындау жүйесін қамтиды. Елімізде мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау, кәсібилігін арттыру жүйесі бар. Сонымен қатар, жүктелген міндеттер мұқият жұмыс істеуді талап ететін айтарлықтай ауқымды. Мемлекеттік аппарат, әдетте, білімі бар, түрлі салада қызмет ететін тұлғалардан құралады: білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, мәдениет, ауыл шаруашылығы, тағы басқа. Ал, жаңа формациядағы мемлекеттік қызметшіге қажетті талаптар: оқып, мамандық алатын кезден қалыптастыруды қажет ететін жоғары кәсібилік, адамдарға, елге қызмет ете білу қабілеті мен ынтасы. Әрине, барлығы да мемлекеттік қызметке бармайды. Алайда, кәсібиліктің алғашқы дағдылары, адамдармен жұмыс істей білу осы кезеңде қалыптасады. Осы мақсатта кадрларды дайындау бағдарламасын өзгерту, қайта ой елегінен өткізу қажет етіледі. Олар тереңдете мамандандыруға бағытталуы керек. Әрбір басшыға төменнен бастап барлық басқарушылық баспалдақтардан өту өте әділ талап. Барлық кезеңнен өтпеген басшының қарамағындағыларға дұрыс кеңес бере алуы, олардың қызметін түзетіп, сауатты басқара алуы екіталай. Одан іс кері кетеді, адамдар зардап шегеді. Күнделікті позициядан мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне өту аса қажет. Бұл жерде аймақтардағы жұмыс істеу тәжірибесінің бар-жоқтығына назар аударған да дұрыс болар еді. Тамырластықтан тазару мемлекеттік қызметке үміткерлерді таңдау аясын кеңейтеді, бұл сапалы кадрларды таңдауға және көптеген талантты адамдардың мемлекеттік қызметке келуіне жол ашады. Сонда Елбасы Н.Ә Назарбаев айтқандай, «Мемлекеттік қызмет меритократия қағидаты негізінде барлық азаматтарға өз қабілеттерін жүзеге арттыру үшін бірдей мүмкіндіктер берілетін әділ қазақстандық қоғамның түпбейнесіне айналады». Бұл – межеленген реформаларды жүзеге асыруды қамтамасыз етудің түпқазығы.
Гүлмира ИСИМБАЕВА, Парламент Мәжілісінің депутаты.