13 Шілде, 2010

ӨҢІРЛЕР ДАМЫП КЕЛЕДІ, ЕНДІ ЖЕРГІЛІКТІ ПРОБЛЕМАЛАР ШЕШІМІН ТАБУЫ ҚАЖЕТ

610 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Үкімет басшысының солтүстік облыстарға сапарынан осындай ой түйдік Еліміздегі өткен аптадағы елеулі оқиғалардың бірі Елбасы тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің солтүстік облыстарға жасаған жұмыс сапары болды. Бұл сапардың маңызы мен мақсаты туралы осының алдында газетіміздегі “Үкімет” бетінде жазғанбыз. Солтүстік облыстардағы меншікті тілшілеріміз де бұл сапардың барысымен оқырмандарымызды егжей-тегжейлі таныстырған болатын. Дегенмен, осы тақырыпқа қайта бір оралып, қорытынды түюді жөн санадық. Премьер-Министр еліміздің астықты өңірлеріне жасаған бұл сапарында индустриялық-инно­ва­циялық ж­обалардың жүзеге асу ба­рысымен, облыстардағы білім беру, денсаулық сақтау салала­ры­ның жағдайымен, халықты ауыз сумен, көгілдір отынмен қамтудың және инфрақұрылымдық нысан­дар мен инженерлік желілердің жай-күйімен танысып қана қой­май, сонымен қатар, өңірлер тұр­мыс-тіршілігіне әсері бар проб­лемаларға да үңілді. Әр өңірде бірнеше кеңестер өткізіп, өңірлер басшыларымен, мамандармен бір­лесе отырып, толғақты мәселелер­дің шешімін табу жолдарын жер­гі­лікті жердің өзінде талқылады. Осыған сәйкес тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма берді. Сөй­тіп, бірқатар мәселелер Үкіметтің жедел араласуымен шешімін таба­тын болды. Мұның өзі Үкімет бас­шысының жұмыс стилінің өзін­дік бір қырын әйгілегендей болды. Көкшетауда, облыстық әкім­дік­те Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен осындай үлкен кеңес, өңірдің ағым­дағы және алдағы уақыттағы өзекті мәселелерін шешуге арналды. – Елбасының тапсырмасына сәйкес Ақмола облысына келіп отырмыз. Біз елімізді индустрия­лан­дырудың жаңа міндеттерін шешу үстіндеміз. Бұл әркімнен жауап­кершілікті талап етеді. Ендігі арада біз Қазақстанның солтүстік өңірлерін сұйытылған газбен жаб­дықтау ісін қолға алуды жоспар­лап отырмыз,– деді Үкімет бас­шысы. Облыс әкімі Сергей Дьяченко хабарлама жасап, ең әуелі өңірдің экономикалық және әлеуметтік жайымен танысуға келген Үкімет басшысына шынайы ризашылы­ғын білдірді. – Біз Үкіметтің қамқорлығы мен көмегін әрдайым сезініп ке­ле­міз. Үкіметтің қолдауымен Көк­шетау және Степногор қалаларын сумен жабдықтаудың, Бурабай ку­рортты аймағының инфрақұры­лы­мын дамыту, Астананың серіктесі ретінде дамытылатын Қосшы ауы­лының әлеуметтік-экономикалық мәселелері оңтайлы шешіле бастады, – деді облыс әкімі. Қазіргі уақытта Ақмола об­лы­­сының әлеуметтік-экономи­ка­лық жағынан дамуы тұрақты деуге болады. Биылғы жылдың алты айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімі көлемі нақтылы индексі 118,5 пайызды құрады. Қазақстанды индус­триялық-ин­но­вациялық жедел дамыту бағдар­ла­масына сәйкес 2010 жылы Ақмола облысы бойынша 74,8 миллиард тең­генің 9 жобасы аяқталуы керек. Осы жобаның қазіргі уақытта тең жартысы жүзеге асырылды.  Көк­темгі дала жұмыстары өз дәре­же­сін­де өткізілді. Қазір ауыл ша­руашылығы қызмет­керлері егін орағына жан-жақты дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ауыл шаруашылығын жанар-жағар маймен қамта­масыз етуде қиындап отырған мәселе жоқ. Үкімет басшысының алдына облыс әкімі С.Дьяченко мына өзек­ті мәселелерді қойды. Ең әуелі Астананы айнала біткен облыстың 19 елді мекенінің инфрақұры­лы­мын жақсарту қажет. Бұл елді ме­кен­дердегі халықтың саны соңғы жылдары 2 есеге өскен көрінеді. Сондықтан да елорданың іргесін­дегі елді мекендерді сумен, электр қуатымен жабдықтау қиындап барады. Балабақшалар жетіспейді. Осы 19 елді мекенде тұратын ха­лық­тың 80 пайызы Астана қала­сына  қатынап жұмыс істейді. Ен­дігі арада Астананың маңайындағы елді мекендердің әлеуметтік мәселелерін шешуге Үкімет тарапынан нақтылы көмек керек. Бурабай курортты аймағының мәселесін айта келіп, облыс басшысы осындағы “Лесная поляна” ауданындағы тұрғын үй құрылысын жедел аяқтауға көңіл бөліну қажеттігін айтты. Өйткені, үлескерлердің есебінен салынып жатқан бұл тұрғын жайлардың құрылысы ұзаққа созылып кетті. Көкшетау қаласын жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ету үшін шағын жылу электр орталығын салу, облыс орталығының жолдарын жөндеу мәселесін шешуге қажетті қаржыны 2011-2015 жылдардағы  республикалық бюджетке енгізу мәселесі айтылды. Қазір Көкшетау қаласы бойынша балалардың 42 пайызы ғана балабақшамен қамтылған. Алдағы уақытта кем дегенде 20 балабақша салынуы керек. Облыс әкімі С.А.Дьяченконың бұл ұсыныстарын мақұлдай келіп, Үкімет басшысы өздерінің тарапынан қолдау болатындығын айтты. Алайда, бұл мәселелерді шешу үшін ішкі резервтерді іске қосу мәселесін көтерді.  Инвесторлардың келуіне барлық жағдай жасалуы керек. Балабақша мәселесін шешудегі Қарағанды облысындағы жұмыстың оң тәжірибесіне жоғары баға берген Үкімет басшысы бұл орайда бизнестің  әлеуметтік жауапкер­ші­лі­гін тағы бір еске салды. Көк­ше­таудағы “КамАЗ-Инжиниринг” се­ріктестігінде ауруханасы мен емханасы жоқ елді мекендерге дә­рігерлік қызмет көрсететін жыл­жымалы “ауруханалар” жасауға кө­мек көрсетілетіндігін жет­кізді. Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевтың сөзіне қарағанда,  қазіргі уақытта Қазақстанды Ресей Федерациясының  және өз елі­міз­дегі батыс аймақтың газ көздері­нен жабдықтау мәселесі шешіліп жатыр. Ендігі арада солтүстік өңір­лерді газбен жабдықтаудың өзекті мәселесін шешуге тиістіміз. Бұл өңірлерді газбен жабдықтаудың екі жолы бар. Біреуі – Ресейден газ құбырын тарту. Бұл арзанға түседі. Өйткені, газ құбыры қысқа жол­мен келетін болады. Алайда, газ құбыры тартылғаннан кейін көрші мемлекет арасындағы қатынасы­мыз қалай болады? Міне, осыны да ойлауымыз керек. Еліміздің ба­ты­сынан солтүстік өңірге ұзын­дығы 1500 километрлік газ құ­бы­рын тартуға тиістіміз. Әрине, осын­шама ұзындықтағы құбыр тарту аса қымбатқа түседі. Міне, біз осы екі жолды таңдауға тиіс­тіміз, деді. Парламент Сенатының депу­таты Еділбай Иманқұлов сөз алып,   елімізді газбен жабдықтау мәселесі бойынша Үкіметпен бірлесіп, дөңгелек үстел басында пікір алысу болғандығын, бүгінгі кеңес сол ұсынысқа Үкіметтің құлақ асқандығы деп ризашылығын біл­дірді. Кеңесте Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Самат Ескендіров, Қостанай об­лы­сы әкімінің орынбасары В.В.Мейстер, Ақмола облысы әкі­мінің орынбасары Қосман Айт­мұ­хаметов сөз сөйлеп, осы өңірлерді газбен жабдықтаудың қазіргі жайымен таныстырып, толғанды­рып отырған мәселелерге Үкімет басшысының  назарын аударды. Кеңесті қорытындылаған Үкі­мет басшысы Кәрім Мәсімов  Ақмо­ла, Солтүстік Қазақстан, Қос­та­най облыстарында индус­трия­лық-инновациялық жоба­лар­дың ойдағыдай жүзеге асырылып жатқандығын айтып, бұл істі онан әрі жақсарту қажет екендігін атап көрсетті. Солтүстік өңірлерді газ­бен жабдықтау мәселесін шешу­мен Үкімет түбегейлі айналысатын болады. Бұл орайда Үкімет бас­шысы Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевқа осы солтүстік өңірлерді газбен жабдықтаудың  жобасын жасап, Үкіметте қарау үшін ұсынуды тапсырды. Министр бұл ұсыныстың екі аптаның ішінде әзір болатындығын айтты. Қазіргі күні Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары­ның қай-қайсысында болмасын, бүкіл еліміздегі секілді тіршілік арнасы қызу қайнап жатыр деп айтуға болады. Биылғы жылдың өзінде осы облыстарда көптеген инвестициялық жобалар іске қосылу үстінде. Премьер-Министр сапар барысында осындай көпте­ген нысандарда болып, олардың жұ­мыс жағдайымен, өңірлік да­муға тигізетін әсерімен танысты. Мәселен, Ақмола облысына сапа­рында өңірдің өнеркәсіптік ошағы іспеттес Степногор қаласындағы “Қазфосфат-химиялық зауыты” жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігінде болғанында осы зауытта орын алып отырған негізгі проб­ле­ма – техникалық күкірт қыш­қылының жоқтығына ерекше на­зар аударып, осы мәселені жедел­детіп шешу жөнінде мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар бер­ді. Өйткені, бұл көкейкесті мә­селе шешімін тапқан жағдайда тағы да 400 адамды жұмысқа қа­былдауға болады екен. Степногорда келесі жылы жылына 180 мың тонна күкірт қышқылын шығаруға қуаты же­те­тін “Қазатомөнеркәсіптің” күкірт қышқыл зауыты іске қосылуы тиіс. Ал “Степногор тау кен-химия комбинаты” ЖШС-іне қарасты гидрометаллургия зауытында жы­лына 3200 тонна табиғи уран, 75,8 тонна молибден өндіруге болады. Осы жетістікке жету үшін салыққа қатысты мәселелер шешімін табуы тиіс екен. Ал “Есіл Агро” ЖШС-інде 1200 сауын сиыры өсірілетін жаңа технологиялармен жұмыс істейтін жаңа кешен құрылысы жүзеге асырылуда. “СТ Авто­сер­вис” ЖШС осындағы ауыл шаруа­шылығы құрылымдарын жаңа техникалармен, қосалқы бөлшек­тер­мен, сервистік қызметпен қамтамасыз етпек. Солтүстік Қазақстан облы­сын­да индустриялық-инновациялық бағытта жалпы құны 27 миллиард теңгені құрайтын 13 жоба жүзеге асырылуда. Оның 4-уі агроөнер­кә­сіп кешені саласына, 6-уы мәшине жасау және құрылыс материал­да­ры өндірісіне, 2-уі металлургия, 1-уі химия өнеркәсібіне тиесілі. Бұл жобалардың 9-ы биыл пайдалануға берілетін болса, соның 6-уы бірін­ші жарты жылдықтың өзінде іске қосылып үлгерілді. Ал Қостанай облысының Қостанай ауданында жақында ғана “Қарасу-Ет” қасапханасы мен өңдеу кешені ашылған болатын. Бұл кәсіпорын жылына 4,5 мың тонна ет өндіре алады. Міне, осы жобалардың қай-қайсысы болмасын өңірлік дамуда өзіндік орны бар. Үкімет басшысы облыстарда бол­ған сапарында неғұрлым проб­лемалық мәселелерге де көбірек назар аударғандығын жоғарыда айт­тық. Солардың бірқатары су­мен жабдықтау, кәріздік жүйелерді жетілдіру мәселесіне қатысты. Мәселен, “Көкшетау жылу” мем­лекеттік коммуналдық кәсіпорны осы аттас қала тұрғындарын жы­лу­мен қамтамасыз ету мақсатында қызмет етеді. Бұл кәсіпорынның проблемасы – электр қуатының тап­шылығы. Соған байланысты сметалық жобасы 3,9 миллиард теңге тұратын электрмен қамту­дың жаңа орталығы іске қосылған жағ­дайда қала тұрғындарына бе­рілетін жылу мен ыстық судың бағасы едәуір дәрежеде арзандай түспек. Осындай проблема Қызылжар өңіріне де тән деуге болады. Мә­се­лен, Петропавл қаласының сол­түстік беткейіндегі су торабы қы­рық жылдан бері жөндеу көрмепті. Жағдай осылай жалғаса берсе, экологиялық қауіптің ушыға түсетіндігі анық. Жобаның бірінші кезегі жүзеге асқанымен, қаржы тапшылығына байланысты әрі қарай жалғасын таппай қалған. Осындай проблемалар “Қос­танай су” мемлекеттік коммунал­дық кәсіпорнында да бар екен. Қостанай қаласы жер асты суын пайдаланатын. Қазір тұрғындар мен кәсіпорындарға берілетін су­дың 80 пайызы ашық су қойма­сынан, қалғаны скважиналардан алынады. Сонымен қатар, Қос­та­най қаласы негізінен табиғи газбен жылытылады. Ол қалаға көрші елден жеткізіледі. Бұл жағдайдың өзі тарифтің көтерілуіне әсер етіп отыр. Осыған байланысты тарифті тұрақтандыру үшін субсидия мә­селесін қарастырған жөн болар еді. Сапар барысында Үкімет бас­шысы жергілікті мамандар арқылы істің мән-жайымен тереңірек таныса келе, оларды шешу жол­да­рын қарастырды. Олардың қайсы­бірі алдағы уақытта Үкіметте қа­ра­латын болса, енді біріне қаржы­лай көмек көрсетілетін болды. Солтүстік Қазақстан облысына тән болып отырған тағы бір проб­лема – элеваторларда жатқан был­тырғы астыққа қатысты. Алда жаңа егін орағы келе жатыр. Демек, бұрынғы астықты тездетіп өткізу немесе басқа орындарға орналастыру мәселесі шешімін табуы қажет. Осыған орай Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевқа 400 мың тонна астықты еліміздің Батыс өңірлеріне жеткізіп орна­ластыру мәселесін шешуді тап­сырды. Осы өңірлерде бірнеше жаңа элеватордың салынатынын, күздің жаңа астығын кідіріссіз қабылдау үшін барлық жағдайдың жасалатынын мәлімдеді. Сапар барысында Үкімет бас­шысы денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің жай-күйіне ерекше назар аударды. Мәселен, ағымдағы жылы Көкшетау қала­сын­дағы жаңа қан орталығы іске қосылмақ. Биылғы жылы осы ор­талық үшін бюджеттен 2 миллиард 031 миллион теңге бөлінсе, оның 1 миллиард 97 миллион теңгесі иге­рілді. Осы жерде Үкімет бас­шысы денсаулық сақтау сала­сы­ның мамандарымен ашық әңгіме өткізіп, саланың қазіргі ахуалын барынша сұрастырып білді. Кез­десу соңында денсаулық сақтау саласының қызметкерлері мен ма­мандары өз істеріне жауапкер­ші­лікпен қарап, халықтың сенімінен шыға білу қажеттігін айтты. Олар­дың қызметтеріне сәттілік тіледі. Қостанай облысына сапар ба­рысында кеден мәселесіне көбірек көңіл бөлінді. Бұл облыс бізбен бірге Кеден одағын құрып отырған Ресеймен көршілес орналасқан. Сондықтан аталған істің  сәтті басталуы кеден ісіне көп қатысты. Премьер-Министр осы облыстағы “Қайрақ” кеден бекетінде болған кезінде: “Мен Кеден одағына кіруімізге байланысты Елбасының тапсырмасымен Ресей шекара­сын­дағы “Қайрақ” бекетінің жұмысын өзім көріп, танысу үшін келдім. Жаңа талаптағы жұмыс жаман ұйым­дастырылмаған секілді. Адамдар Кеден одағы берген тиімділік пен қолайлылықты се­зінуге тиіс. Істің о бастағы мақ­саты да осы”, – деді. Қорыта айтқанда, Үкімет бас­шысының еліміздің солтүстік өңір­леріне жасаған сапары табыс­ты болды. Бұл сапар өңірлердің алға қойған стратегиялық жоба – жаңа индустрияландыру бағытына сәйкес дами бастағандығын көрсе­тіп  берсе, екінші жағынан алған­да, жергілікті, бірақ маңызы зор проблемалардың шешімін табуына ықпал ететіндігі айқын. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.