27 Ақпан, 2015

Келісімдер ратификацияланды

320 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі кезекті жалпы отырысында Әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру мәселелері бойынша өзгерістерді көздейтін заң жобасы қаралды. Сондай-ақ, депутаттар ратификациялауға жататын үш келісімді жан-жақты талқыға салды. Күн тәртібіне шығарылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын босату және сайлау, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық сотының судьясын босату туралы мәселе өз шешімін тапты. Мемлекет басшысының ұсынымы бойынша орнынан түсуіне байланысты Елена Ақмолдаева мен Владимир Борисов Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьялары қызметінен, басқа лауазымға тағайындалуына байланысты Венера Сейтімова ТМД Экономикалық сотының судьясы қызметінен босатылды. Тиісінше, жалпы отырыста Абай Рахметулин мен Бейбіт Шермұхаметов Жоғарғы Сот судьясы болып сайланды. Бұдан кейін отырыс заң жобаларын қарауға ұласты. Алдымен қаралған «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Македония Республикасының Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы депутаттар қолдауына ие болды. Келісімнің негізгі мақсаты елдер арасында инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар жасау, сондай-ақ, екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту және кеңейту. Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, келісім уағдаласушы мемлекеттердің жеке және заңды тұлғаларының табыс­тарына қосарланған салық салуды болдырмайды. «Сондай-ақ, келісім екі мемлекеттің жергілікті органдары арасындағы салық мәселелері бойынша ақпарат алмасуын қарастырады. Салықтан жалтарудың алдын алу мәселелерін шешеді. Құжаттың жекелеген баптары өзара келісу рәсімі секілді бірқатар ортақ шараларды реттейді», деді министр. Бұл ретте, ведомство басшысы екі ел арасындағы тау­ар айналымы импорт есебінен 2013 жылы 1 миллион 745 мың долларды құрағандығын, импорттың негізгі бағыттары темекі, полиграфия өнеркәсібі өнімдері мен киім-кешек заттары болғандығын алға тартты. Сонымен қатар, кешегі отырыста «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі (энергия тиімділігін арттыру және жастар бірлестіктерін дамыту бағдарламасы үшін бір донордың Траст қоры әкімшісі ретінде әрекет етуші) арасындағы Грант туралы келісімді (Энергия тиімділігін арттыру жобасы) ратификация­лау туралы» заңдық құжат та қолдау тапты. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің сөзіне қарағанда, халықаралық банк Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру жобасына грант бөлуді қарастырса, оның жалпы сомасы 21 миллион 763 мың АҚШ долларын құрайды. Бұл қаражаттар мемлекеттік нысандарды, нақты айтқанда, мектептер, балабақшалар, ауруханалар секілді әлеуметтік нысандарды және де көшелерді жарықтандырудағы энергия тиімділігін арттыру жобаларын іске асыруға бағытталады. Бұдан басқа, халықаралық банктің қаражаты осы саладағы бағдарламалар мен базаларды жетілдіруге де жұмсалары белгілі болды. Ә.Исекешевтің сөзіне қарағанда, жоба 2017 жылдың 30 маусымына дейін жалғасады. Сөз реті келгенде министр аталған халықаралық қаржы институтының ұсынатын энергия тиімділігін арттыру бағытындағы гранты еліміз стратегиялық міндеттеріне сәйкес келетінін де тілге тиек ете кетті. Жалпы, жоба инвестициялық және техникалық көмек көрсету секілді екі құрамдас бөліктен тұрса, оның біріншісі бойынша мемлекеттік және әлеуметтік нысандардың энергия тиімділігі бағытындағы инвестициялық тартымдылығын 17,7 миллион долларға дейін арттыру көзделген. Мұның аясында әлеуметтік саланың 70-ке тарта нысанын қайта жарақтандыру қарастырылып отыр. Екіншіден, техникалық көмек көрсету бағытында институттық, нарықтық тетіктерді дамыту, орнықты энергетиканы қалыптастыру мәселелері қамтылады. Кешегі отырыста қаралған «Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да депутаттар қолдауына ие болды. Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев келісім Еуразиялық экономикалық комиссиясының мемлекеттік билік органдары арасындағы бәсекелестікті іске асыру шеңберіндегі заңды және жеке тұлғалары қатысатын құпия ақпараттарға қатысты қолданыларын ерекше атады. Келісімде құпия ақпараттарды жария еткені үшін жауапкершілік көзделіп отырғандығы да айтып өтілді. Иммунитеттен айырылған комиссия қызметкерлері тұрғылықты жері бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершілікке, ал азаматтығы бойынша қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова баяндаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы депутаттардың қызығушылығын туғызды. Заңдық құжатпен әлеуметтік-еңбек саласындағы 36 мемлекеттік қызметтің 16-сын өзгерту ұсынылған. Жалпы, енгізіліп отырған жаңа нормалар бұл қызметтерді азаматтардың тек мемлекеттік және жергілікті органдарда немесе зейнетақы орталықтарында ғана емес, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, сондай-ақ, «электронды үкімет» порталы арқылы алу мүмкіндігін қарастырады. Министрдің мәлімдеуінше, қызмет көрсету мекемелерін таңдау құқығы әркімнің өзінің жеке шешіміне байланысты болады және қызмет алу орындарын кеңейту бір жағынан мемлекеттік қызметке қолжетімділікті арттырса, екінші жағынан мекемелер арасындағы бәсекелестікті арттыру арқылы көрсетілетін қызметтің сапасын жақсартуға игі әсер етеді. Және де Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы мемлекеттік қызметтің он түрін қамту мүмкіндігі қарастырылған. Соның ішінде республикалық бюджеттен және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу, жасына байланысты зейнетке шығу, жұмысынан айырылуына байланысты төленетін базалық жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер де қарастырылған. Бұл төлемдер қазіргі таңда 700 мыңға жуық азаматқа беріледі. Министрдің сөзіне қарағанда, әлеуметтік төлемдер үшін ХҚО-ға өткізетін құжаттар тізімі де қысқарған. Мәселен, зейнетақыға өтініш беру үшін бұрын талап етілетін үш құжаттың біреуін ғана – жеке куәлікті көрсетсе болғаны. Ал қызмет көрсету уақыты 7 күннен 1 күнге дейін қысқарады. Сонымен қатар, жасына байланысты берілетін әлеуметтік жәрдемақы, жұмыстан шығып қалуына немесе бала бағуға байланысты әлеуметтік төлемдер алуға арналған құжаттар да электронды үкімет арқылы рәсімделетіні белгілі болып отыр. Одан басқа, материалдық өндірістің барлық саласының жұмысшылары мен еңбек­керлерін өндірістегі аса жоғары көрсеткіштері үшін көтермелеу мақсатында «Еңбек» орденінің орнына «Еңбек Даңқы» мемлекеттік марапаты енгізіледі, бұл үш дәрежеден тұрады. Бұл ретте, «Еңбек Даңқы» орденінің толық иегерлері мәртебесі бойынша «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған адамдарға теңестіріледі. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар