*Былтыр мемлекетімізден 11 млрд. текше метр газ экспортталды. Энергетика министрінің біріншіорынбасары Ұзақбай Қарабалиннің айтуынша, өткен жылы еліміздің аймақтары тұтынған газ көлемі 12,5 млрд. текше метрге жеткен.
*Жылқы шаруашылығын дамытуға бағытталған несиелеу межеден асып түсті. «Құлан» бағдарламасы бойынша өткен жылы жалпы сомасы 3 698 млн. теңгелік несие 393 кәсіпкерге берілді. Бұл қаражатқа еліміздегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 12 467 бас жылқы, оның ішінде 11 703 бас бие мен 764 бас асыл тұқымды айғыр сатып алған.
*Астанада туберкулездің алдын алу бойынша айлық шара басталды. Ол 24 ақпан мен 23 наурыз аралығын қамтиды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, елордада аталмыш айлық аясында медицина қызметкерлері үшін туберкулезді ерте анықтау және алдын алу бойынша семинар-тренингтер ұйымдастырылады. Сондай-ақ, тұрғындарға флюорографиялық тексерулер жүргізіледі.
*Алматы өңірінде жаңа емхана ашылды. Қарасай ауданында бой көтерген нысанның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов қатысты. Екі қабаттан тұратын медицина ғимараты бір уақытта 50-ге жуық адамды қабылдай алады. Мұнда барлық жағдай жасалған.
*Түркiстанға Түркиядан 13 терең қопсыту техникасы жеткiзiлдi. Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі атап көрсеткендей, бұл құрылғылар топырақты 70-80 см. тереңдiкте қопсытып, жердiң төменгi тығыздалған қабатын босатуға тiкелей әсер ететін көрінеді. Осылайша өсiмдiк тамырының терең бойлауына, топырақ ылғалдығының ұзақ мерзiмге сақталуына ықпал жасайды. Нәтижесiнде егiстiктiң өсiп-өнуi жақсарып, өнiмдiлiгi артады.
*Қарағанды облысында жылу жүйесінсіз балапан бастыратын құс фабрикасы жұмыс істейді. Кәсіпорын директоры Әсел Қалиева мәлім еткендей, Германияның технологиясымен жабдықталған фабрика былтыр 100 млн. дана жұмыртқа өндірген. Мұнда жұмыстың барлығы автоматты түрде жүзеге асырылады. Ол маңайдағы елді мекен тұрғындарын толық жұмыспен қамтып отыр. Мәселен, көрші ауылдағы 100 адам осында еңбек етеді.
Хабарлар Үкімет, облыстық әкімдіктер сайттары, «ҚазАқпарат» агенттігі мен «24kz» телеарнасының деректері бойынша дайындалды.