14 Мамыр, 2015

Әке мен бала кешегі сұрапыл соғыста бір деревня үшін қан төккен еді

339 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Әдетте, академик Әбдуәлі Қайдаридің есімі аталса – қазақ тілі, қазақ тілі десе – академиктің есімі бірі-бірінен ажырамай, жұптаса қалатыны бар. Өйткені, қазақ қоғамы – бүгінде 90 деген жастың төрінде отырған академик ағамызды туған тіліміздің шын жанашыры ретінде жақсы біледі. Алайда, ол кісінің жауынгерлік жолын, соғыста әкесі Туғанбай екеуі бір деревня үшін қан төккенін  көпшілік біле ме екен?!  egemen (32) – Әбдуәли аға! 9-сыныптың оқу­шы­сын сізді әскерге қалай шақырып, май­дан­ға қалай алып жүр? – Патриоттық се­зім­нің қызуы ғой. 9-сы­ныптың бір топ оқу­шысы ау­дан­дық газетте «Біздің майданға бар­ғымыз келеді!» деп үндеу тастадық.  Қол­­даушы­лар бол­ғанымен, Ең­бек­ші­қазақ ау­дан­­дық әскери комис­­са­­риа­тының бастығы: «Сендер әлі мыл­тық көтере алмайсыңдар», деп Түргендегі үш айлық мұ­ға­лімдер курсына оқуға жібертті. Сол жерде алғашқы әскери дайындық пәнін оқыдық. Сөйтіп жүріп шақыру қағазын алдық, бірақ майданға барамыз деген қуанышымыз ұзаққа созылмады. Бұл жолы Ташкентке  жіберді, сол жерде радио-телеграф саласы бойынша тағы үш ай тосын мамандыққа оқытты. Содан, күндердің күнінде Мәс­кеу­ден бір-ақ шықтық... Ол тұста қала іргесінен жау қуылып тасталған-тын. – Ең алғаш оқ-дәрінің иісі мұрныңызға тиген жер есіңізде ме? – Соғыстың аты – соғыс... Жастығымызға қарамады әрі майдан даласына демалысқа келмегеніміз анық. Ә дегеннен-ақ «тиіп-қашып» шайқасқа түстік. Солардың ішінде күллі майдан жылдарындағы есімде ұмытылмастай із қалдырған бір ғана оқиға бар... Калинин майданы. Плеханов деген деревня үшін шайқастық. Ол туралы «Операция «Марс». Казахи в долине смерти» деген кітапта тәптіштеп жазылған. Қандастарымыз баудай түсіп қырылған жері. Сол деревня үшін шайқаста әкем Туғанбай қаза тауыпты. Таяқ тастам жерде, әлгі елді мекеннің екінші бүйірінде мен шайқастым... Кейін естіп-білгенде, өзегімді өрт шалды. Бір майданда, бір деревняда Қайдардың әкелі-балалы ұрпағы жан аямай соғысыппыз ғой, шырағым... – Бұл айтқандарыңыз кәдімгі, кеше ғана дүниеден өткен атақты Резо Чхеидзенің  «Солдаттың әкесі» атты классикалық фильмдегі жағдайға ұқсап тұр ғой... – Одан да өткір оқиға. Таңғаларлығы сол –  әлгі елді мекен үшін болған сол шайқаста мен де  бас көтере алмас­тай қатты жараландым. Жаралыларды майдан даласынан шанаға жегіп, үйретілген иттер арқылы шығаратыны бар еді. Қанша дегенмен де шайқас алаңы емес пе, снаряд деген тоқтаусыз жауып тұрады. Жарылыстан жалт бұрылған ит шананы аударып алуы да мүмкін. Соған қарамастан, әлгі ақылды мақұлық оттың ортасынан менің денемді тылға алып шыққан ғой.  Бірақ, ес-түссіз жатқан ұсқынымды көріп, санитарлар «өлген» деп лазаретке тастай салады. Қатты тоңып оянғанда ғана кіл өлі дененің арасында жатқанымды сездім. Тұла бойымның ауырсынғанына қарамастан: «Мен тірімін!» деп айқай салмаймын ба?! Менің даусымнан тағы бір орыс жігіт «оянады». Екеуміздің ащы даусымыз дәрігерлерге жеткен... Әкемнің қаза тауып, менің жараланған күндеріміздің арасы небәрі он-ақ күн! – Елге сол жарақаттан соң оралған болдыңыз ғой, сірә? О баста майданға бір отбасынан қанша жан аттанып едіңіздер? – Е-е... ол жарақаттар соғыста ойыншыққа тең. Одан да ауырлары жетеді. Бір рет контузия алдым... Жаспыз ғой, атып тұрып автоматты асынамыз да кете береміз. Әкеммен бірге туған, майданға бірге аттанған бауыр еттері –  Майлыбай мен Жексен де соғыстан оралмады. Өзім ауылға 1946 жылы жазда бір-ақ келдім. Келсем, шешем Жамбала жарықтық, ауылда сол екі ағамның әйелі мен балаларын, оған қоса жер аударылып келген үш балалы бір чешен отбасын қоса бағып, асырап отыр. Сол үшін  шаруашылықтың 1 гектар темекі плантациясын баптап, өсімін мемлекетке тапсыруды мойнына алыпты. Анамды аяп кеттім, егілдім. Әкемнен «қара қағаз» алған анам менің тірі оралғаныма сенер-сенбесін білмей әбден жылады... – Майданнан кейінгі азаматтық өмірге бейімделуді қалай бастадыңыз? – Кеудесі орден-медальға толған лейтенант 9-шы сыныптың, иә, иә, күлкісі жоқ...  Өзімнен бес жас кіші балалармен бір партаға отырдым. Оқуға деген ынта ол заманда басқашалау еді! Солармен бірге мемлекеттік емтихан тапсырып, мектепті үздік бітірдім. ҚазМУ-дың филология факультетіне түстім. Ешкімнің  жәрдемінсіз аспирантураны бітірдім, сурет салатын ерекше қабілетім бар еді, оны сол тұста доғарып, тіл біліміне біржолата мойын бұрдым, 1980 жылдан ҰҒА корреспондент-мүшесімін. – Бір деревня үшін сізбен бірге қан төккен әкеңіздің тағдыры маған қатты әсер етті, аға... – Е, шырағым, ол оқиғаны осыншама жасқа келсем де еске алу маған да оңай емес. Роза  есімді қарындасым, өзі ғылым жолында – химия ғылымдарының кандидаты... сол Плехановқа барып, әкемнің бейітіне топырақ салып, Құран бағыштап қайтты. Біздің ауылдағы үйде өсіп, кейін өзім домбыраға үйретіп, білімге жол сілтеген Ахмет Магомаев бауырым ержетіп, өсіп, қызметі Чешен-Ингуш Автономиялы  Республикасының ішкі істер министрінің орынбасарына дейін көтерілді. «Ашаршылықта жеген құйқаның» дәмін әлі күнге дейін ұмытпайды. – 1 мамырда Ахметті, 9 мамырда әкейді еске алады екенсіз ғой?! – Дәл солай десең де болады... Қазақ – ешуақытта еш ұлтты «бұл бөтен» деп жатсынған емес. Оның қайтарымы болады екен, балам! Қазір еліміздегі күллі өзге ұлт өкілі неге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты жақсы көреді?! Неге оған деген сүйіспеншілігі жоғары? Оның түбінде сонау ауыр жылдардағы қазақтың бауырмалдығының қайтарымы жатыр, білдіңіз бе? – Әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет, аға! Әңгімелескен Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.