Фото: Диапазон (оқырмандары)
Ақтөбе қаласында бала ұрлау әрекетіне қатысты дерек тіркелді. Бұл туралы жергілікті тұрғындар Диапазон басылымына хабарлаған. Олардың айтуынша, оқиға Есет батыр ауданында (бұрынғы Нұр-Сити) болған.
Куәгерлердің мәліметінше, аулада ойнап жүрген кішкентай қызды бейтаныс бойжеткен өзімен бірге ертіп кетпек болған. Ол баланы алдау үшін «жүр, саған сақина беремін» деп уәде етіп, тіпті сырғасының бар-жоғын сұраған. Бала барудан бас тартқанына қарамастан, белгісіз адам оны көндіруге тырысқан.
Қолайлы сәтте қыз бала қашып шығып, жақын маңдағы дүкенге тығылған. Оқиға дүкендердің біріндегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Тұрғындар бұл жағдайды бірден полицияға хабарлаған. Сонымен қатар, олар ауладағы камералардың істемейтінін айтып, балалар қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірген.
Оқиғаға қатысты Ақтөбе облысы полиция департаменті пікір білдірді. Ведомствоның мәліметінше, күдікті қыз ұсталып, полиция бөліміне жеткізілген.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тексеру жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары күдіктінің әрекетіне заң аясында баға беріліп, тиісті шешім қабылданатынын мәлімдеді.
Талғардағы адам өлімі мен бала ұрлығы: Учаскелік инспекторға үкім шықты