Елбасымыздың президенттік сайлауды биыл өткізу жөніндегі
Әрбір саналы қазақстандықтың борышы
Мемлекет басшысының халыққа Үндеуін мұқият оқыдым. Қазіргідей тар кезеңде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс президенттік сайлау өткiзу туралы бастамасына келісім бергеніне қанағаттандық. Қазiр әлемдегi саяси-әлеуметтiк жағдай тұрақсыз. Қаржылық-экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны бой көрсетiп отыр. Ендеше, осындай алмағайып күндерде барша қазақстандықтар Елбасы Н.Назарбаевтың төңiрегiне тығыз топтасуымыз қажет деп ойлаймын. Бұл жолы да Нұрсұлтан Әбiшұлының сайлауға қатысқанын қалар едiм. Өйткенi, Нұрсұлтан Әбiшұлының Отанымыздың iргесi бекiген тәуелсiз мемлекет болып қалыптасуына сiңiрген еңбегi шексiз екенiн тек қазақстандықтар ғана емес, бүкiл әлем бiледi. Әр жылы халыққа арнайтын Жолдауларында Отанымыздың дамуына ең қажеттi деген келелi мәселелер мен тапсырмаларды көрегендiкпен, дер кезiнде қоя бiлуiнiң арқасында бәсекелестiкке қабiлеттi елдiң қатарына енгенiмiз – Н.Ә.Назарбаевтың нағыз Көшбасшы екенiнiң дәлелi. Нұрсұлтан Әбiшұлының ендiгi мақсаты – Қазақстанды дағдарыстан аман-есен алып шығып, бәсекелестiкке қабiлеттi 30 елдiң қатарына енгiзу. Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау арқылы Мәңгiлiк Елдiң беделiн әлемдiк деңгейде ұлықтау, iргесiн тағы да бекiте түсу. Бүгiнде «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы бойынша қарқынды жұмыс басталып кеттi. Алдымызда Елбасы еңбегiнiң арқасында жеңiп алған ЭКСПО-2017 көрмесiн өткiзу мiндетi тұр. Игi мақсатпен басталған осындай үлкен iс-шараларды табысты аяқтау үшiн Нұрсұлтан Әбiшұлына мүмкiндiк беру әрбiр саналы қазақстандықтың азаматтық борышы деп бiлемiн. Амангелдi СОПБЕКОВ, Оңтүстiк Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты. Оңтүстік Қазақстан облысы.Тілегіміз осы еді
Бүкіл ғұмырым ел ішінде өтіп келе жатқандықтан, өзім сияқты адамдардың қоғамымыздағы жағдайларға байланысты пейілін, пікірін жақсы білемін. Жас мемлекетіміз беделін биіктетіп, әлеуметтік әлеуетімізді жақсартып, бірлігімізді беріктіріп, даму жолына ұйытқы болушы Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың адал қызметіне, орасан зор еңбегіне ризашылық шексіз екеніне күнбе-күн көз жетіп жүр. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастама көтеруі орынды болды. Өйткені, әлем экономикасындағы қазіргідей күрделі кезеңде тұрақтылықты сақтап, келешегімізге кепілді күшейтіп, одан әрі өсіп-өркендеуді қамтамасыз ету қажеттігі уақыт талабы екені ақиқат. Жас мемлекетіміздің өсу жолдары көз алдымызда. Жеңістермен қатар, қиындықтар да аз болмады. Соның бәрін Тұңғыш Президентіміздің сарабдал саясаты арқасында еңсеруіміз көпке мәлім. Осылай бола беруін тілейміз. Сол мүддемізге орай Елбасының президенттік сайлауды биыл өткізу жөніндегі бүкіл халықтың қалауын қабыл алып, шешім шығаруын қуана қарсы алдық. Бұған байланысты Қазақстан халқына Үндеуінде: «Әлемдік экономикалық дағдарыс белең ала түскен кезеңде халыққа ертеңгі күніне деген сенімділік керек. Бұл, ең алдымен, жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, әлеуметтік төлемдердің, жалақының, стипендиялардың тұрақтылығы», деп атап айтқанындай, жарқын болашаққа сеніміміз зор. Қашанда үмітімізді ақтап, келешекке жол бастаушы кемеңгер Көшбасшымыздың бұл жолы да қайратымызды қайрап, жігерімізді жанып, асқаралы мақсаттарға жетелеріне күмәніміз жоқ. Бәріміздің көкейіміздегіні дөп басқан, көңілімізден шыққан шешімді барша қазақстандықтардай жаңаарқалықтардың да қызу қолдауын жеткізгім келеді. Қамбар СЕЙІТКАМАЛОВ, Жаңааарқа аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары. Қарағанды облысы.Бақ біз сияқты тату елге барады
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастама көтерген болатын. Елбасы бұл бастаманы мұқият ой таразысына салып, «кезектен тыс президенттік сайлау өткізген жөн» деген пайымға келді. Сондай-ақ, бұл ұсынысты жаһандық сарапшылар, қазақстандық қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен еліміздің түкпір-түкпірінен түрлі салада жұмыс істейтін қызметкерлер қолдап, өздерінің көпшілікпен ынтымақтастығын білдіріп жатыр. Шын мәнісінде, бұл сайлау жай ғана сайлау емес. Елбасымыз айтқандай, сайлау – аса маңызды конституциялық және патриоттық акт. Бұл сайлауда келешегі кемел елдің тағдыры, ұлттың болашағы шешіледі. Бұл сайлау арқылы әлемдегі экономикалық және геосаяси ауыртпалықтарға қарсы ауқымды кең қорғаныс шарасы жасалынбақ. Ал нақты бағдарлайтын болсақ, президенттік сайлауды өткізу – заңды құбылыс. Сондықтан, шынында еліміздегі басты саяси науқанды кейінге шегеруге еш негіз жоқ деп ойлаймын. Бұл – уақыт талабы. Биылғы жыл – еліміздің өмірінде маңызды оқиғаларға толы жыл. Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында атап көрсетілгендей, ағымдағы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы және Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы мен ел Конституциясының 20 жылдығы кең көлемде атап өтілмек. Сондай-ақ, келешегімізді айқындайтын экономикалық бағытта білім беру саласында біршама жобаларды жүзеге асыру көзделген. Ал осы ілкімді істердің орындалуы 2016 жылға түсіп отыр. Сол себептен де, жалпыхалықтық маңызды істің ертерек өтуіне қолдау көрсеткеніміз абзал. Қазақта «Бақ, қайда барасың? Көршімен болған бірлігі, Мерекелі тірлігі, Ұйымшыл елге барамын», деген қанатты сөз бар. Болашағымызды айқындап, келешегімізге жол ашар маңызды іске «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» қолдау көрсетіп, атсалысуға шақырамын. Дария ҚОЖАМЖАРОВА, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, республика Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі. Жамбыл облысы.Қалауымыз – тұтастық
«Біз қазақ мал баққан елміз. Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз», деген ғой Қаз дауысты Қазыбек би. Бұл – біздің жұрттың бүкіл болмыс-бітімін ашатын сөз. Кеңпейілдігін, жомарттығын, қонақжайлығын, бейбітшіліксүйгіштігін дәл көрсеткен, анық айтқан, көркем кестеленген осы суреттеу бүгінгі қазаққа да тән. Сын сағатында бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, елдің тыныштығы мен тұрақтылығын басты құндылық санайды біздің жұрт. Қазақстан халқы Ассамблеясының кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы ұсынысын халқымыз мемлекетіміздің баянды болашағы, кемел келешегі үшін жасалған жақсы қадам ретінде қабылдады. Сондықтан біртұтас қолдап, қуаттап, Елбасына арнайы хат жолдап, саяси шешімді қабылдауды сұрады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев халықтан түскен өтініш-тілектерді тыңдап, ой елегінен өткізіп, терең сараптап, өзінің кесімді сөзін айтты. Сонымен, президенттік сайлау 26 сәуірге белгіленді. Бұл дер шағында, дәл уақытында қабылданған шешім болды. Елбасы өз Үндеуінде президенттік мерзімді референдум арқылы созғаннан гөрі кезектен тыс сайлау өткізген дұрыс деді. Әлемдік саясат қым-қиғаш кейіпке еніп, дағдарыстың дауысы зорая түскен мына шақта елдің болашағын алдын ала айқындап алмаса болмайды. Мұндай кезеңде бізге ең алдымен тыныштық пен татулық керек. Алауыз болмай, араздыққа бармай, бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай ауызбіршілікте болсақ қана алда тұрған қиындықтарды еңсере аламыз. «Жер бетінде саны қанша миллион болса да туын тігер ұлтарақтай жерді, ұрпағына мирас етер елді арман еткен ұлттар қаншама! Елі болғанмен бағдары жоқ, бағдары болғанмен берекесі жоқ халықтар да көз алдымызда. Қазақстан даму көшіне ілескен елдерден суырылып шығып, көш тізгінін ұстаған елдердің санатына бет алды»,– деді Мемлекет басшысы. Шекарасы бекітілген жеріміз бар, біртұтас еліміз бар. Бағытымыз айқын. Бағдарымыз анық. Сондықтан дамудың көшіне еркін енген халқымыз алдағы саяси сәтте өзінің болашағын адаспай таңдайды деп ойлаймын. Сейілбек ШАУХАМАНОВ, Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы. ҚЫЗЫЛОРДА.Сенімді серпіліске жетелейді
Қазақстан халқы Ассамблеясының кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастамасы ел тарапынан қызу қолдау тапты. Осыған орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Үндеуін жолдады. Кезектен тыс сайлау өткізу жөніндегі шешім геосаяси және сыртқы саяси жағдайларды ұғынудан туындап отыр. Бүгінгі жаһандық өзгерістер тиісінше зерделі іс-қимылды, нарыққа жедел бейімделуді, халықаралық және ішкі саясатқа тыңғылықты ден қоюды талап етеді. Елбасы Үндеуін Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ұжымы қызу қолдайды. Біздің университетте өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобына мүше болып енген ғалымдар еңбек етеді. Яғни, ғалымдарымыз Елбасы Үндеуін қолдаумен бірге, еліміздегі тұрақтылық пен татулық тұғырының ғылыми негіздемесін терең түсініп, қоғамға жеткізуге ықпал етіп келеді. Кеше ғана университеттің ғылыми кеңесінде кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы профессор-оқытушылар құрамы сөз сөйлеп, оның қазіргі маңызы жөнінде тұщымды ой-пікірлерін ортаға салған болатын. Осы орайда, ғылыми әлеуетіміз бен шәкірттеріміздің үні Үндеумен үйлесім тауып, бір арнада тоғысты. Мемлекет басшысының қазақстандық дамудың даңғыл жолына бағыттаған батыл да бағдарлы саясаты баршамызға сенім ұялатады. Президенттік сайлауды биыл өткізудің тиімділігін екі тұрғыда қарастырған ләзім. Біріншіден, келер жылы күнтізбеде парламенттік сайлау өтеді. Электораттық науқанды екі сайлауға жұмылдырған еліміз үшін тиімсіз. Екіншіден, осы сайлау арқылы еліміздің экономикалық және саяси мәртебесі сақталады. Өйткені, әлемдегі қаржы дағдарысы мен бірқатар елдердің ішкі тұрақсыздығының күшеюі кезеңінде біз Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген басты байлығымыз – бірлік-берекемізді сақтап қалуымыз тиіс. Елбасының басшылығымен бірге біз барлық қиындықтар мен кедергілерді жеңіп шығып, табысқа қол жеткіздік. Мемлекет басшысының жетекшілігімен бүгінге дейін дағдарыстың үш толқынын өткердік. Кезекті жаһандық күрделі жағдайда да Елбасының көреген саясаты елімізді сенімді серпіліске жетелейді. Нұрлан ТЕМІРБЕКОВ, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ректоры, республика Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі. ӨСКЕМЕН.Бұл – жауапты шақ
Сайлау – демократиялық қоғамның аса маңызды көріністерінің бірі. Әр азаматтың осы үдеріске қатысуы, дауыс беруі ел болашағының қандай болатынын шешеді. Кешегі Үндеуінде Елбасы халықтың мүддесіне орай, оның өтінішін, жалпыға ортақ ерік-жігерін есепке ала отырып, Негізгі Заңды бұлжытпай сақтау үшін мен Конституцияның 41-бабының 3-1 тармағына сәйкес шешім қабылдап, 2015 жылдың 26 сәуірінде кезектен тыс президенттік сайлауды белгілеу туралы Жарлыққа қол қойдым, деді. Яғни, бірлік пен келісім орнаған елімізде өркендеу де, даму да болатынына сенімді екенімізді жеткізді. Осы мақсат әрі қарай да жалғаса беруі үшін бірлесіп қызмет етуге шақырды. «Елдің бірлігін нығайтып, Отанымызды көркейтуге бағытталған кез келген ұсыныс мен үшін құнды», – деп атап өтті. Өйткені, бәрімізге белгілі, біздің еліміз қазір 30 елдің қатарына қосылу жөніндегі «2050» Стратегиясын жүзеге асыруға кірісті. Біздің ауданымызда да әкімдік бастамасымен көптеген шаралар атқарылуда. Қазір шалғай жатқан Қызылағаш ауылында мектеп құрылысы жүргізілуде. Шалғай ауылдарда Амантай Мусин, Николай Миллер деген ірі шаруашылықтардың қожайындары тұрады. Ауылдықтар олар басқаратын егін және мал шаруашылықтарында еңбек етуде. Бұл ондаған жұмыс орны, ауылдықтар жұмыссыз емес дегенді білдіреді. Әрине, қиындықтар әр істе кездеседі. Мәселе сол қиындықтарды жеңіп, орнықты тірлік құруда ғой. Барлық Елбасы Жолдаулары еңбекке, даму жолына, өркениеттілікке, ортақ Отанды өркендетуге үндейтіні де сондықтан. Біздің ауданымыз, мысалы, Ресей аудандарымен шектеседі. Рухани-мәдени байланыс барысында өткізген қандай іс-шаралар болсын біздің еліміздің бірлік, татулық мақсатымыздан қазақстандықтар үлгісін, Отанға деген ортақ сүйіспеншілікті көрсетіп мақтаныш етеміз. Бұл мүдде жолын Елбасы «бүгінгі біздің қазақстандық мінез-бітіміміз осындай! Бірлік пен Тұрақтылық – бұл біздің жауапты таңдауымыз!» деген тамаша баға берген сөздерімен атап өтті. Осы Үндеуде «қазақстандық мінез-бітім» деген жаңа атау пайда болды. Алдағы сайлауда да ел тарихындағы тағы бір тағдырлы оқиғаға ерекше жауапкершілік осы қазақстандық мінез-бітім арқылы көрініс табады деп ойлаймын. Ғалымбек ҚАЙЫРЫСҚАҚҰЛЫ Ертіс аудандық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бастығы. Павлодар облысы.