«Қазхром» ТҰК» АҚ-тың филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты қоршаған ортаны қорғау басқармасының игі бастамасымен «Қазхромның» әлемде теңдесі жоқ жаңа ферроқорытпа зауытының аумағына 200 түп пирамидалық терек ағашын отырғызды. Металлургтердің қолымен отырғызылған ағаш көшеттері жаңа кәсіпорынның көркіне көрік қосып, жасыл желекке бөлейтін болады.
Жаңа ферроқорытпа зауытының аумағына ағаш отырғызу шарасына 100-ге жуық зауыттықтар белсене қатысты. Көшет отырғызатын орындарды энергоцех, химиялық сараптама зертханасының, қойма шаруашылығының және №4 балқыту цехы ұжымының көмегімен алдын ала қазылып, оған қажетті құрал-саймандар дайындалып қойылды. Жақсы көтеріңкі көңіл күймен жиналған зауыттықтар Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойдың құрметіне отырғызылған пирамидалық теректер әлемде теңдесі жоқ жаңа зауытқа ерекше сән беріп, металлургтердің үзіліс кезінде көлеңкесін саялайтын орындарының біріне айналатынына сенімді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында: «Біз елімізді жапырағы қурамайтын, тамыры суалмайтын, көрген жан тамсанбай тұра алмайтын Мәңгілік жасыл елге айналдыруымыз керек», деп атап көрсеткен болатын. Бұған үлес қосуды металлургтер өздерінің азаматтық парызы деп санап, жыл сайын зауыт аумағын көгалдандырып, абаттандырып отыруды дағдыға айналдырып келеді. Жыл сайын «Мен ағаш отырғыздым», «Ағаш отырғыз» акциясы аясында бұл игі іс өз жалғасын табуда. Жақында ғана облыстық экология департаментінің бастамасын қолдаған зауыттықтар Ақтөбе қаласындағы №12 шағын ауданында бой көтерген балалар алаңына өздерінің қолтаңбаларын қалдырып, кәсіпорын атынан Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай 70 түп терек көшетін отырғызып, қала тұрғындарына қуаныш сыйлады. Жаңа зауыт аумағында отырғызылған бұл көшеттердің жайқалып жасыл желекке айналуы үшін күтіп баптау, суару жұмыстары зауыт жұмыскерлеріне жүктелген, – дейді Ақтөбе ферроқорытпа зауыты қоршаған ортаны қорғау басқармасының басшысы Татьяна Самойленко.
Әрдайым жақсы істердің ұйытқысы болып жүретін металлургтердің осындай игі шараларда белсенділік танытқаны бізді де қуантты. Зауыттықтар «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген халық нақылының шынайы көрінісін көрсетіп, өзгелерге үлгі болуда. Металлургтердің өнегесін өңірдегі өзге кәсіпорындар да іліп әкетіп, жас көшеттер отырғызуға кірісіп кетті.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.