27 Ақпан, 2015

Ел ертеңін ерте бастан ескерген ерен қадам

243 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
nauryz 7 Республика жұртшылығы президенттік сайлауды кезектен тыс өткізуді толық қолдайды

Таңдауымыз айқын

Солтүстікқазақстан­дық жас­тар биыл кезектен тыс пре­зи­дент­тік сайлау өткізу туралы Қазақ­стан халқы Ассамблеясы Кеңе­сінің бастамашылығына қызу үн қатып, жер-жерлерде қол­дау акцияларын өткізген бола­тын. Мұның өзі өздерінің жалынды жігерлерімен, тың ізденіс­те­рімен қоғамның алдыңғы са­пы­нан көрініп келе жатқан өске­лең ұрпақтың зор саяси бел­сен­ділігін, ел тағдыры бейжай қал­дырмайтынын аңғартса керек. Біз, Қызылжар өңірінің жас­тары, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бар­ша қазақстандықтардың ұсы­ныстарын ризашылықпен қабыл алып, 26 сәуірде кезектен тыс президенттік сайлау өткізуді белгілеу туралы Жарлыққа қол қоюы ұлтаралық бірлік пен татулықты одан әрі нығайта түседі деген берік сенімдеміз. Мемлекет басшысы респуб­лика тұрғындарына арнаған Үндеуінде алдымызда тұрған ма­ңызды міндеттерді атап көр­сетті. Адамдардың тілейтіні – Отан­ның амандығы, қоғамның берік­тігі. Ел қашанда Елбасына сенеді. Оның бір айғағы, 2011 жыл­ғы сайлауалды науқаны бары­сындағы барлық уәделердің тү­гелдей орындалуы. Енді, міне, ең дамыған 30 елдің қатарына же­туді асқаралы міндет ретінде қойып, ұзақ мерзімге арналған «Қа­зақстан-2050» Стратегиясы мүл­тіксіз жүзеге асырылып келеді. Уақыттың аса күрделілігіне қарамастан, жұмыспен қам­та­ма­сыз ету, жаңа жұмыс орында­рын ашу, тұрмысы төмен, аз қам­тылған отбасылар мен жандар­ды қамқорлыққа алу секілді әлеу­меттік кепілдіктердің берілуі мем­лекеттік бағдарламаларда жан-жақты қамтылған. Осы орай­да, елімізді дамытуға, ілгері­лету­­ге жастар қосар үлестің аз емес­ті­гін атап айтқым келеді. Өңір тұр­ғындарының 23 пайызын жас­тар құрайды. 140 мыңға жуық жас лек 63 ұйымға біріге отырып, әртүрлі салаларда еселі еңбек етуде. 13 ауданда жастар бастамалары орталықтары құрылған. Олардың қатарында «Жас Отан» жастар қанатының, Қазақстан студенттері Альян­сы­ның, «Жас­тар кадрлық ре­зер­ві», «Ардис», «Жас ұлан» бір­ың­ғай балалар мен жасөс­пі­рім­­дер ұйымы» қоғамдық бір­­лес­тік­терінің өкілдері бар. Өрен­дер мен жасөспірімдер­дің тұлға ретінде жетіліп, азамат­тық ұста­нымдарын қалыптас­ты­руда жас­тар ұйымдарының о­рны ­елеу­лі еке­нін осыдан-ақ байқау­ға болады. Жастардың тәрбиесіне «Ал­ғыс», «Саланг», «Ер Отан», «Ассо­циация», тағы басқа пат­риоттық клубтар белсене арала­сады. Колледждер мен мектептерде жастар мәселесімен айна­лысатын комитеттер жұмыс істеп, семинар-тренингтер, флеш-моб, дөңгелек үстел отырыс­тарын, акцияларды жүйелі жүргізіп келеді. «Дипломмен – ауылға!» бағ­дарламасы бойынша 314 жас маман ауылды жерлерге жұмысқа тартылды. «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 350 жас тұрақты жұмысқа орналасты. Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жалпыхалықтық игі­лік­теріміз бен құнды­лық­та­ры­мыз­ды нығайту, қорғау бейбіт өмір­дегі, жасампаз еңбекпен ғана жүзеге асатынын жастар жақсы түсінеді. Елбасының бұл шешімі бізге үлкен жауапкершілік жүк­тейді. Кезектен тыс президенттік сайлау ортақ күш-жігерімізді бір арнаға топтастырып, дағдарыс қиындықтарына тосқауыл қою­дың тегеурінді шараларын бір­ле­се орындауға кепілдік берері сөзсіз. Алмагүл РАМАЗАНОВА, Солтүстік Қазақстан облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі  басқарма басшы­­­сы­ның міндетін атқарушы. ПЕТРОПАВЛ.

Ұлағатты ұстаным, ұтқыр шешім

Қоғамда Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы Үндеуі кең қолдау тапты. Оны бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған әлеуметтік әртүрлі топтар өкіл­дерінің қолдау пікірлері айқын аңғартты. Халық еліміздің бүгінгі қол жеткізген табыстарын Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің сарабдал саясатымен сабақтастыратынына анық көзіміз жетті. Ендігі тоқетер түйінді сөзді, тұшымды тұжырымды Елба­сының өзі айтуы керек болатын. Қазақта «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген нақыл сөз бар. Қашанда халқының қа­мын ойлайтын, Ата Заңнан айнымайтын Президент Нұрсұлтан Назарбаев тағы да көрегендіктің үлгісін көрсетті, көптің көңілін күпті етпеді, халқының қалауын қалтқысыз ұғынды. Мемлекет басшысының Қазақстан халқы­на Үндеуін оқып, танысып, Ел­басының елдік мүддеге адал­ды­ғына тағы куә болдық. Елбасы Қазақстан халқына Үндеуінде әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену міндеттері белгіленген «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың мол мүмкіндіктері бар екенін айта келіп: «Қайта қаһарына мінген әлемдік дағдарыс жағдайында бірлік бізге бұрынғысынан бетер құнды. Мемлекеттің тыныштығы мен елдің бірлігін сақтап, дамыту Президенті бастап, елі қостаған кезде ғана баянды болмақ. Жауапкершілік бүкіл халыққа да жүктеледі. Осыны ұмытпайық. Алдағы биік белестер мен асқар асулар үшін біз барлық кедергілерді бағындырып, алға басуға тиіспіз», – деді. Біз бәріміз кезектен тыс пре­зиденттік сайлау өткізу туралы бастаманы толықтай қолдаймыз. Дәл қазір сайлау өткізу қоғамда тұрақтылық пен бірлікті сақтауға жағдай жасайды. Бұл – алға қойған міндеттерді тиімді іске асыру, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру үшін маңызды қадам. Әлемдегі жағдай және жаһандық сын-қатерлер көптеген елдерде алаңдаушылық туғызуда. Сон­дықтан сайлауды биыл өткізу елі­м­іздің дамуы жолындағы мем­лекеттік бағыттың кідіріссіз жүзеге аса беруін қамтамасыз ететін дұ­рыс шешім деп бағалаймын. Елбасының кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының үндеуін қолдап, оны үстіміздегі жылғы 26 сәуірге белгілеуі ұла­ғатты ұстаным болды. Бұл – шын мәнінде халықтың қалауымен қабылданған тарихи шешім. Ол барша қазақстандықтарды бірлікке, жаңа табыстарға бастайтын болады. Міне, Елбасы мен елінің бір мүддеге жұмылуының айқын көрінісі де осы. Ал біз Елбасы сенім артқан үдеден көрі­ніп, тұрақтылық пен бірлікті ны­ғайтуға атсалысуымыз керек. Дәулет ӘБЕНОВ, Қазақ-орыс халықаралық университетінің кафедра меңгерушісі,тарих ғылымдарының кандидаты. Ақтөбе облысы.

Бірлік пен келісімнің тетігі

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Президентінің сайлауына қатысты Үндеуін біздің көпұлтты ұжымымыз қуана қарсы алды. Саяси науқан өткізілетін күн де белгіленді. Осы қадамның өзі Мемлекет басшысының уақыт бағамындағы көрегендігін, қоғам мүшелерінің саяси белсенділігі мен ел тағдырына бейтарап қарамайтынын көрсетеді. Президент өз Үндеуінде әлемдік экономикалық дағдарыс белең ала түскен кезеңде халыққа ертеңгі күніне деген сенімділік керектігін бөлектеп айтты. Ел халқын ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету жауапкершілігі жүктелген серіктестік мүшелерінде бұл сенімділік бар. Оның үстіне, Үкіметтің кеңейтілген отырысында агроөнеркәсіпті сауықтыруға қомақты қаржы бөлінетіндігі жөніндегі байлам да бізді қуаттандыра түседі. Ендігі міндет – барын­ша жинақылық танытып, есе­лі еңбек ету. Біздің көпса­лалы шаруашылығымыз «Агро­биз­нес-2020» бағдарламасы талап­тарына сай табысты жұмыс жүр­гізуде. Бүгінгі талап дең­ге­йін­де егіншілік құрылымын әр­тараптандыруға айрықша көңіл бөлдік. Диқан қауымы дәстүрлі астық өнімдерімен қатар, майлы дақылдар өсіруге де ден қойды. Машина-трактор паркін қуаттандыру, озық технология­ны игеру түпкі қайтарымды молайт­­қанын айтқым келеді. Соңғы жыл­дары ауа райының қолай­сыз­дықтарына қарамастан әр гектар­дан орта есеппен 16 центнерден­ астық жинауды қамтамасыз етудеміз. Асыл тұқымды мал шаруа­шылығын дамытуда үлкен тәжірибе жинақталды. Шаруашылық өңірде алғашқылардың бірі болып ірі қара етін экспорттау үлесін арттырып отыр. Жұмысты ғылыми негізде ұйымдастыру, мал азығының құнарлылығы, жайылымның жайлылығы ірі қараның қоңдылығын арттырып, өнімнің өзіндік құнын арзандатуда. Қорадағы 5000 бас еттік бағыттағы жергілікті және Ангус тұқымды малдың күйі жақсы. Өткен жылы Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыруға экологиялық таза 100 тонна ет жөнелттік, асыл тұқымды төлді өңірдегі шаруашылықтарға тиімді бағамен саудаладық. Сондай-ақ, жылқы мен қой түлігінің селекциясы да жоспарлы түрде жүргізілуде. Шаруашылық жыл сайын өз кірістерінен 30 миллион теңгені ұжым мүшелерін әлеуметтік қолдауға жұмсайды. Ауылымызда жұмыссыздар жоқ. Сондықтан, ертеңгі күнге биік жоспарлар түзіп, оны орындауға толық мүмкіндігіміз бар. Ал, еліміздің басты саяси оқиғасы – президенттік сайлауды ойдағыдай өткізу баршамыздың үмітімізді ұштап, сенімімізді нығайта түседі. Темірхан МҰҚЫШЕВ, «Бастау» ЖШС директоры, «Құрмет» орденінің иегері. Ақмола облысы, Атбасар ауданы.

Көкейімізден шықты

Бүгінде еліміздің алдында тұрған мақсат-міндеттер бұған дейінгіден де биіктігі, әлем­дегі қаржы-экономикалық тұрақ­сыз­дықтың жаңа толқыны қиындықтар тудырып отыруы бұрынғыдан да гөрі еңбекті еселей түсуге талап етуде. Бұл ретте, ортақ мақсатқа беріктік, тығыз топтасқандық, келешекке сенімділік өте маңызды екені ақиқат.Соған ұйытқы бо­лу­ға өмірдің өзі дәлелдеп келе жат­­қандай, тек Елбасымыз Н.Ә.На­зарбаевтың бастай алатындығын халық біледі. Сондықтан кезектен тыс президенттік сайлау өткізу жө­­нінде шешім шығарылуын біздің ұжым мүшелері де жылы қа­был­дады. Тілегіміз де сол еді. Тұңғыш Президентіміздің мем­лекетіміз тұ­ғырын биіктетіп, Отаны­мыз гүлде­­нуіне жаңа сенім көрсе­тетін­ мүмкіндікті бәріміз қуана қолдаймыз. Бұл күнде отандық фарма­цевтикалық өнеркәсіптің көш­басына айналған еңбек ортамыз іс-ізденістері алысқа аян деуімізге болады. Жергілікті табиғи өсімдіктерден дәрілік препараттар жасап шығаруға Елбасы өзінің қолдаушы болғанын мақтан тұтамыз. Бұдан жиырма жыл бұрын басталған бұл қадам құтты болып, қазір алыс-жақынға танымал іргелі фармацевтика­лық өндірістің орталығы саналамыз. Мемлекет басшысы­ның қамқорлығы арқасында дәрі-дәрмектер дайындау түр-түрі ұлғайып, көлемі артты. Алдағы сәуірде құрылуына 20 жыл толмақ холдингіміз ғалымдары мен мамандары оны жарқын жетістіктермен атап өткелі отыр. Сәуір айында өтетін президенттік сайлауға да бір кісідей қатысуды асыға күтудеміз. Ел мүддесіне, халық тілегіне сай келген бұл шешімді дұрыс деп санаймыз. Сайлаушылар өз қалауын, азаматтық ұстанымдарын білдіруіне жаңа мүмкіндікті үлкен мақсаттарға сай пайдалана алатынына сенеміз. Қорлан ИТЖАНОВА, «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің аға ғылыми қызметкері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. ҚАРАҒАНДЫ

Экономикалық өсімді нығайтуға септеседі

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың күллі қазақстандықтардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, халыққа жолдаған Үндеуін теледидар арқылы тыңдадым. Президент барлық заңнамалық қырлары мен қазіргі қажеттілік жағдайы сараланып, ескерілген президенттік сайлауды ағымдағы жылдың 26 сәуіріне белгілегенін жеткізді. Күннен-күнге күшейіп келе жатқан әлемдік экономикалық дағдарыс пен қалыптасқан күрделі халықаралық ахуал кезінде кезектен тыс президенттік сайлау өткізу еліміздің «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрсетілген ұзақ мерзімді даму басымдықтары мен «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экономикалық салаға үлкен мән берді. Қазіргідей сыни кезде шағын және орта кәсіпкерлікке Ұлттық қор есебінен қолдау көрсету – дер уақытында қабылданған және өте қажет шешімдердің бірі дер едім. Бұл өз кезегінде Елбасымыздың көрегендігін тағы бір мәрте дәлелдей түседі. Жаһандық дағдарыстың жаңа әрі қиын кезеңінде кезектен тыс президенттік сайлауын өткізу арқылы жүргізіліп отырған саясаттың жалғастырылуын қамтамасыз етуге, экономиканың өсімін нығайтуға, Президентке деген сенімді күшейтуге болады. Мемлекет басшысы өт­кен­ жылдың 26 маусымында Шы­ғыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапарында бүкіл республика үшін басым сала болып табылатын шағын және орта кәсіпкерлік саласының өңірімізде қарқынды дамып келе жатқанын атап өткен болатын. Бұл – мемлекеттік қолдаудың арқасында мүмкін болған жетістіктер. Осы орайда шығыс өңірінің кәсіпкерлері Нұрсұлтан Назарбаевтың кезектен тыс сайлау өткізу жөніндегі шешімін қызу қолдайтындығын жеткізгім келеді. Бұл – біздің қоғамдық, азаматтық белсенділігіміз бен ішкі бірлігімізді арттыра түсетін маңызды саяси қадам. Игорь ШАЦКИЙ, Шығыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры. ӨСКЕМЕН.

Дана шешім

Нұрсұлтан Назарбаевқа

Біздің ел бола алады айна өзгеге, Жүрген жоқ киіп халқың жай кездеме! Жұртым кеп тірелгенде бір өткелге, Жасайсың батыл шешім қай кезде де!   Бір жылдың неге керек ар-берісі, Үңілу керек шығар мәнге кісі. Азаттық Туы қолдан мәңгі түспей, Қазақтың толса болды малға өрісі!   Ақындық жылжып барам төріне мен, Хақым жоқ жазуға енді жеңіл өлең. Сүрттің кеп шекпеніңнің етегімен, «Көш-көш!» деп көз жасымды еңіреген!   Ішінде ойлардың бір жүзің де абат, Қақтың сен болашаққа қызған қанат. Жол ашам дегеніңде қандастарға, Жадырап сала берген біздің қабақ!   Алыпсың ардақтаған жұрт есімін, Бітедің қараша үйдің мың тесігін! Тағы елің отыр, міне, Сізді қолдап, Ағажан, дұрыс болды бұл шешімің! Ауыт МҰҚИБЕК. АСТАНА. 26.02.2015 3

Толымды тоқтам

Халқы сенген, екі тізгін, бір шылбырды қолына берген Президенттің түйінді сөзі бекем шықты. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы ұсынысына құлақ асты, қолдады. Өз Үндеуінде бұл шешімге келу себебін де халқымен бөлісті. Қазақстандықтардың осы бір күрделі уақытта елдегі бірлік пен татулыққа, тұрақтылыққа сызат түсіріп алмауға байланысты алаңдаушылығын да бек түсінді. Біз Елбасының еліміздегі тұрақтылық пен бірліктің, бола­шақ­тағы табыстардың кепілі екенін әлдеқашан түсініп бол­дық. Сондықтан да халық прези­денттік сайлауға аса маңыз береді, Нұрсұлтан Әбішұлының талай сындарлы сәттен, күрделі кезеңнен елдің еңсесін түсірмей алып шы­ғып келе жатқанына көздері жетті. Мемлекет басшысы Үндеуінде: «Біздің азаматтарымыз үшін бүгін не нәрсе аса маңызды?» дей келіп, қарапайым халықтың көкейіндегі ойды дөп басады. Қазақстандықтар үшін жұмыс орнымен қамтамасыз ету, жалақының, әлеуметтік төлем­дердің, стипендиялардың тұрақ­тылығы, теңдестірілген ішкі-сырт­қы саясатты ілгері апару қажеттігін айтады. Шыны да, солай. Ал мұндай кепілдік біздің елімізде әлдеқашан орныққанын көзіміз көріп, көңіліміз сезіп отыр. Осының барлығы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының, көсемдік көрегендігінің арқасында жүзеге асып жатқанын айту орынды. Кезектен тыс президенттік сайлау өтетінін естіп, көңіліміз марқайып қалды. Бұл Елбасының қоғамдық пікірмен, халқымен санасатынының айқын мысалы болды дегім келеді. Қайырғали АРЫСТАНҒАЛИЕВ, «Арыстанғали» шаруа қожалығының басшысы. Ақтөбе облысы.

Әлеуметтік оптимизм – ілгерілеу кепілі

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Әлеуметтік зерттеу­лер мен әлеуметтік инжиниринг орталығының студенттік жас­тар ортасындағы мониторингі мәліметтеріне сәйкес, көпшіліктің пікірі бойынша, Елбасы – тәуелсіз еліміздің тарихи дамуындағы ең маңызды кезеңін айқындаушы тұлға. Оның есімімен Қазақстан мен Қазақстан халқы үшін жаңа бастама болған президенттік институттың қалыптасуы тікелей байланысты. Жастар санасында Елбасының есімімен байланыстырылатын – мықты экономикалық іргетастың қалыптасуы, оның өсімі, дағдарыстан шығу, халықтың өмір сапасының жоғарылауы секілді қадамдар жаңа тарихи заманның бастауы ретінде қарастырылады. Экономикалық жетістіктермен қатар, бірқатар респонденттер Қазақстан дамуының модельдік қағидалары мен олардың артық­шылықтарын атап өтті. Жас қазақстандықтар Елбасының жаңа әлемдік тарихтың ажырамас тұлғасы екіндігін мойындайды және мақтан етеді. Көшбасшы өзін прогрессивті, заманауи, мемлекетті жаңғыртуға, дамыған елдердің стандарттарына сәйкес келетін халықтың өмір сапасын қамтамасыз етуге бағытталған сая­саткер ретінде таныта білді. Осы контексте қоғамда Елба­сы­­на деген сенім мен күтілімдер ­жо­­­ғарылағанын түсінуіміз өте ма­ңыз­­­ды, жаңа даму кезеңінде де жа­ңа идея­­лық секіріс жасайты­ны­на,­ қо­ғамды ор­тақ мүдде мен мақ­сат­­­қа біріктіреті­ні­не және жаңа мін­­­деттерді жүзе­ге асыруға жұ­мыл­­дыратынына то­­лық сеніммен қараймыз. Н.Ә.Назарбаев жасаған игі істер арасында ұлдарымыз бен қыздарымыз мыналарды ерекше атап өтеді: Көшбасшы ең ауыр қысылтаяң кезде елдің даму жауапкершілігін өз мойнына алып, еліміздің Тұңғыш Президенті атанды. Осы институтты қажетті құралдармен және психологиялық аурамен қамтамасыз ету негізінде елдегі саяси жүйенің тұрақтылығын қалыптастырды. Еліміздің қазіргі заманғы нарықтық қатынастарға енуіне септігін тигізумен қатар, жаңғыртуға қажетті шарттарды қалыптастыруға әсер еткен маңызды экономикалық реформалар қабылдады. Бүгін жас қазақстандықтар өз­дерінің Президентіне, қазіргі Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа сенеді. Көшбасшының бойындағы ресурсы тек оның саяси артықшылығы ғана емес, сонымен қатар, Қазақ­станның әлеуметтік-психо­ло­гия­лық артықшылығы болып табы­лады. Бұл – әлеуметтік оптимизм секілді прогрессивті артық­шы­лықтың негізі. Аталмыш екі артық­шылық – қазақстандық қоғамды жаңа жетістіктер мен белестерге­ апаратын оның екі қанаты іспеттес. Гүлмира ӘБДІРАЙЫМОВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының меңгеру­шісі, социология ғылымдарының докторы, профессор. АЛМАТЫ.

Басы ашылған үш мәселе

Бүгінгі күні барша қазақ­стандықтарды толғандырып отырған басты мәселелер қан­дай? Олар қазіргі кезде нендей жәйттерді маңызды деп санайды? Бұл сауалдардың жауабын Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Үндеуінде тайға таңба басқандай ашып айтып берді. Біріншіден, төрткүл дүниеде ішкі кикілжіңдер мен сыртқы жанжалдар болмай тұрмайды. Болып та жатыр. Бұлар өзімен өзі томаға-тұйық қалпында қала берсе, Қазақстан халқына зия­ны мен кесірі тимес те еді. Алайда, бұлай болмайды деп тағы да кесіп айту қиын. Күйе күйдірмесе де күйелейді. Кірін жұқтырады. Сондықтан да мұның өзі қазақстандықтардың орынды алаңдаушылығын туғызбай тұрмайды. Оның жолын кесетін басты тетік – тұрақтылық пен ел бірлігі. Осы қоғамдық құндылықты сақтау үшін де бізге президенттік сайлауды кезектен тыс өткізу қажет. Екіншіден, бүгінгі әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында бізге ертеңгі күнге деген сенімділік қажет. Адамдарды сезік алдаса да сенім ешуақытта алдамайды. Қарапайым отбасылар үшін бүгінгі таңда ең керегі – белгілі бір жұмыс орнының болуы. Зейнетақы мен жалақы, стипендия секілді әлеуметтік төлемдердің уақытында төленуі. Әрі оның мөлшерінің кеміп кетпеуі. Елбасы тарапынан әлеуметтің көңіл күйіне тез әсер ететін бұл мәселелерге кепілдік берілуі ештеңемен салыстыруға келмейді. Үшіншіден, жаһандық геосаяси қарым-қатынастар мен дүрбелеңдердің тоқтамай тұрғаны да ел азаматтарын толғандырмай қоя алмайды. Егер осындай зияны мен зардабын тигізетін салқыны көп жәйттер одан әрі ушыға берсе, ұлттық қауіпсіздігімізге де сызат түсуі әбден мүмкін. Осындай күрделі кезеңде теңдестірілген ішкі және сыртқы саясаттың тізгінін қатар алып жүре алатын Нұрсұлтан Назарбаевтай әлем­дік деңгейдегі тұлғаға президент­тік мандат беру аса қажет деген ойдамын. Мемлекет басшысының Қазақ­­стан халқына Үндеуінен ме­нің көңілге түйген кейбір ой-пікір­лерім осындай. Нұрлан ТҰЯҚОВ, Орал қаласындағы «НұрГазПромстрой»  ЖШС бас директоры. Батыс Қазақстан облысы.

Орны бөлек оқиға

Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың Қазақ­стан халқына Үндеуін мұқият оқып, таныстым. Елдің тыныш­тығын, ертеңін ойлаудың нық қадамы деп бағаладым. Кезек­тен тыс президенттік сайлау өткізу туралы Қазақстан халқы Ассамблеясы бастамасының еліміздің Конституциясына және Сайлау туралы Заңға сай деген қорытынды менің де ойымды бекітіп, сеніміме сенім қосты. Шыны керек, төрткүл дүниеде не болып жатқанын ақпарат құралдарынан оқып та, көріп те жүрміз. Сондықтан бұл қадам бейбітшіліктің тірегі болып ел бірлігін сақтап, бейқұт өмір жалғастырары хақ. Зерделей білсек, ел тарихындағы тағды­ры зор оқиға бұл. Дей отырып, сындарлы сәтке үлкен жауап­кер­шілікпен қарап, белсене қаты­сатынымды ашық айтамын. Төл міндетіме орай соңғы уақытта ел ішіне жиі барып, әр жастағы әр этнос өкілдерімен кездесіп жүрмін. Сол кездесулерде халық әуелгі кезекте татулықты тілдеріне тиек етеді. Мұндайда қазақ «Ырыс алды – ынтымақ» деген емес пе?! Ел бірлігінің мықтылығын Елбасының ерен еңбегі, көрегендігі екендігін сол елге айтып жүрмін. Қорыта айтқанда, екі айдан соң өтетін сайлау Қазақстанның өркениетті елдер қатарынан орын алуына да өзіндік ықпалын тигізетіні анық. Мұны білу бар да Елбасына адалдығымызды іс жүзінде дәлелдеу тағы бар. Сергей ПОТАНИН, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы. ТАЛДЫҚОРҒАН.

Дұрыс шешім екені даусыз

Тарихтың түрлі аласапыран кезеңдерінде әртүрлі жағдайлармен қазақ жеріне қоныс аударып, кейін осы құтты топырақты мәңгілік мекен етіп қалған сан ұлттың өкілдерінің басын қосып, бір шаңырақ астына біріктірген еліміздің Ассамблея Хатшылығы тәуелсіз Қазақстан өмірінен тыс қала алмай, оның даму тынысына әрдайым назар аударып отыратындығын аңғарта білді. Ол 2016 жылы президенттік сайлауды бір жыл бұрын өткізуді ұсынған болатын. Маңызды әрі күрделі, сондай-ақ, жауапты қос сайлауды бір жылда өткерудің оңай еместігін алдын ала байқаған олардың бас­тамасы бүкілхалықтық қолдау тапқандығына бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қанықпыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған Үндеуінде сайлаудың нақты мерзімін де белгілеп берді. Жер аяғы кеңіп, мамыра-жай көктем мезгілінің бел ортасында елімізде аса маңызды сайлау өткелі тұр. Бұл дұрыс бастамадан туындаған дұрыс шешім.     Мемлекет басшысы өз Үндеуінде соңғы сайлау өткен төрт жыл мерзімнің күрделі кезеңмен тұспа-тұс келгендігін, қазақ елінің, қазақ жерінің уақыт көшінен қалмай, береке-бірлігін одан әрі ұйытып, әлеуметтік-экономикалық нығаю жолында екендігін нақты мысалдармен және ұғынықты баяндады. Әрбір күн әлемдік сахнада әр алуан оқиғаларға толы қазіргі кезең мен болжауға болмайтын келер күндер барлық елдер сынды Қазақстаннан да берік, бекем және қуатты болуды талап етеді. Біздің елімізде Елбасының бастамасымен қолға алынған алып жобалар, ізгі мұратқа жетелейтін жоспарлар, еліміздің барар бағытын, жүрер жолын, жетер биігін қамдаған мемлекеттік бағдарламалар бар. Әлемдегі жағдай жақсы емес деп, қамданудың жаттығы жоқ, алайда, қамығу немесе күбінудің қажеті жоқ. Біз тәуелсіздік алған жылдардан бері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жолға түскен елміз, бұл жақсы жолымыз, жақсы қалыбымыз жаңа сайлау­дан соң да жалғасын тауып, Елбасымен бірге ертеңге бет аламыз деген ойдамыз. Амангелді ҒҰМАРОВ, Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы. АҚТАУ.

Баянды болашақ үшін біргеміз

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан жұртына арнаған Үндеуінде президенттік сайлау­дың не себепті кезектен тыс өткізілетініне кеңінен тоқталды. Біріншіден, біз президенттік сай­лауды өткізу арқылы еліміз­ді түрлі кикілжің мен сыртқы жанжалдардың кесірінен қор­ғап қала аламыз. Өйткені, біздің еліміз үшін тұрақтылық пен қоға­мымыздың бірлігін нығайтудың маңызы ерекше болып отыр. Екіншіден, қазір әлем елде­рінің бәрінде дағдарыс дендеп тұр. Алыс-жақын шетел­дер осындай қаржылық қиынды­ғына ұшыраған сәтте барша қазақ­стандықтардың ертеңгі күнге деген сенімі нығая түскені абзал. Яғни, бұл үшін Қазақстандағы жұмыс орындарының қысқар­мағаны, жалақы мен түрлі әлеу­меттік төлемдердің сақталғаны аса қажет. Үшіншіден, қазір жаһандық геосаяси ахуал ушығып бара­ды. Мұның өзге елдердегі тұрақ­ты­лыққа әсері тие ме? Міне, Қазақ­стан халқы алдымен ішкі саяси тұрақтылығымыздың сақта­ла бергенін қалайды. Әрине, сыртқы тұрақтылықтың бұзыл­мағаны дұрыс болар еді. Мұның бәрі біздің еліміздің татулықты қол­даған әр азаматы үшін маңызды құндылықтарға айналды. Рас, мұның бәрі тек айтуға ғана оңай, ал іске асырылуы өте көп жылдарға созылатын ма­ңызды мәселелер. Ал біздің елі­міз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде тұрақтылық пен тату­лықты, экономикалық өркендеу мен халықтың әл-ауқатын жақ­сартуды қамтамасыз ете ал­дық. Енді осы бағыттағы жемісті жұмыстардың одан әрі жалғасқаны қажет. Міне, осы тұрғыдан айтқан­да, кезектен тыс президент­тік сайлау өткізудің маңызы ай­шықтала түседі. Біз, этномә­дени ұйымдардың өкілдері қо­ғам алдындағы ерекше жауап­кершілікті сезініп келеміз. Біз Қазақстан халқы Ассамблея­сының аясында жемісті еңбек етудеміз. Ол үйлесімді қоғамды құруда жетекші институттардың біріне айналды. Бейбітшілік, келісім, бір-бірімізге деген құр­мет – бұлар біздің болаша­ғы­мыздың кепілі. Елбасымыздың дана саясаты бізге қиын шақтардан аман өтіп, алауыздықтарға жол бермей, жақсы қарым-қатынастарды сақтап қалуға мүмкіндік берді. Әр ұлттың өкілі өз тарихын оқуда, басқа елдердегі өздерінің туған-туыстарымен араласады. Сонымен бірге, біз қазақ тілі мен мәдениетін оқып, мұндай қарым-қатынасты балаларымызға да үйретудеміз. Біз елдің кемел келешегі, ын­тымағы мен бірлігі, тұрақтылығы мен өркендеуі үшін еңбектене бе­реміз. Баянды болашақ пен бірлігіміз, этносаралық келі­сімнің сақталуы үшін ұдайы бір саптан табыламыз. Гүлсина БАЙКЕНОВА, «Татулык» татар-башқұрт этно­мә­дени бірлестігінің жетекшісі. Атырау облысы.