27 Ақпан, 2015

Биылғысы бұрынғылардан өзгерек болмақ

267 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Дүбірге толы дүние Дубир-1Екі күннен кейін Тәжікстанда парламенттік сайлау өтеді. Бұған іште де, сыртта да айрықша назар аударылып отыр. Өйткені, биылғы сайлауда саяси күштердің арасындағы күрес әдеттегіден тартысты болады деген болжам бар. Оған түрлі жағдайлар әсер етпек. Бұрындары биліктің, президент Эмомали Рахмонның Халықтық-демократиялық партиясы (ХДП) даусыз жеңіске жететін де, баламалықты, демократияны аңғарту үшін оншақты орын басқа партиялардың үлесіне тиетін. Әдетте, күреске елдегі ауызға ілініп жүрген 8 партия түсіп, парламенттің төменгі пала­та­сындағы (Меджлиси намояндагон) 63 орын үшін күресетін. Бұл орындардың 22-сі партиялық тізіммен анықталса, 41-і жеке мандаттық округтер бойынша анықталады. Соңғысына, партиялармен қатар, өздерін ұсынатындар да қатысады. Күреске түсетін партиялардың атын да атай кетейік. ХДП-дан басқа Исламдық жаңғыру партия­сы (ИЖП), Коммунистік партия (КП), Экономикалық реформа партиясы (ЭРП), Аграрлық партия (АП), Демократиялық партия (ДП), Социалистік партия (СП) және Социал-демократиялық партия (СДП). Қазіргі парламентте ХДП 55 мандатқа ие болса, ИЖП, КП, ЭРП және АП әрқайсысының екіден орындары бар. Басқа үш партия жай ғана қоса шауып жүргендер. Ешқандай коалициясыз-ақ ХДП парламентте өз дегенін өткізіп келеді. Сарапшылар биыл жағдай біршама өзгереді дегенді айтады. Әрине, ХДП-ның жеңісінде ешкімнің дауы жоқ. Бірақ биыл ең алдымен ИЖП онымен тіресіп көрмек дейді. Оның басты себебі, басқа жерлердегідей, діни күштердің біршама жандануы. ИЖП басшылығы мұны қапы жібермеуге тырыспақ. Елдегі жалпы экономикалық жағдайдың күрделілігі де партиялар үшін билік партиясына сын айтуға, сондай-ақ, өз бағдарламаларын белсенді жарнамалауға мүмкіндік береді. ИЖП-ның бірінші аталуында оның мүшелерінің саны да айтарлықтай, беделі де бар. Тек іште ғана емес, бұларды сыртта да қолдайтындар табылып отыр. Қолдағанда, Түркия мен Ресейдегі қаржылық құрылымдардан айтарлықтай көмек күтіп отырған көрінеді. Сондай-ақ, бұл партия сырттағы тәжік иммигранттарына да арқа сүйемек. ИЖП көсемі Мұхитдин Кабири сол сыртқа біраз уақыт шығып та қайтқан. ХДП олардан кәдімгідей қауіптенетін сыңайлы. Елдегі партиялардың әлеуетін олардың депутаттыққа қанша үміткерлер ұсынуларынан да аң­ғарғандайсың. ХДП-ның пар­тиялық тізімінде 27 үміткер болса, жеке мандаттық округтер бойынша да бір-бірден үміткерлері бар. ИЖП-да партиялық тізімге 27 адам тіркегенмен, жеке округ­тердің тек 19-ында ғана күреске қосылмақ. Басқа партиялар көрпелеріне қарай көсіліп, көп далақтап шабуға қосылмай отыр. Сөйтіп, төменгі палатадағы 63 орын үшін 288 үміткер күреске түсті. Шын мәнінде күрес қызу болды. Партиялар, үміткерлер өз бағ­дарламаларын жарнамалап қана қоймай, өздерінің сөзін сөй­лейтін ақпарат құралдары арқылы қар­сыластарын қаралауға да барды. Биылғы сайлаудың тағы бір ерекшелігі деуге болар – үміткерлер арасында әйел азаматтардың саны әдеттегіден біршама көп болып отыр. 57 әйел азамат күреске тү­сіпті. Оны жағымды ерекшелік десе жөн. Сірә, дауыс жинаған партия­лар жұрттың әйелдерге деген ықыласын ескеретін шығар. Бұрындары бұл елде сайлау жай үйреншікті шарадай өтетін. Енді оны жұртшылық билікке деген сенім, баға ретінде қабылдайтын болып отыр. Президент Рахмонға да, оның биліктегі партиясына да қазіргідей күрделі жағдайда халық сенімі ауадай қажет. Жау іздегенге ол оңай табылады Venezuela Mayor ArrestedСоңғы кезде Венесуэла тынышсыз. Жақында ғана бұл елде азық-түлік тапшылығына байланысты толқулар болса, енді оппозиция тарапынан мемлекеттік төңкеріс жасалмақ екен деген айыппен ел астанасы Каракастың мэрі Антонио Ледесманың тұтқынға алынуы жағдайдың айтарлықтай күрделі екенін аңғартады. Оппозициялық күштердің қарсылығын түсінуге болар, ал әкімшілік буындарының билікпен қайшылығы қиын. Президент Николас Мадуроның жағдайы тым күрделі сыңайлы. Қала басшысын тұтқындауға арнаулы қызметтің 150 агенті қатысыпты. Есікті сындырып кіруге барған. Саяси күреске сыйыспайтын әрекеттер. Ал Ледесма өзіне тағылып отырған айыптауларды мүлде мойындамайды. Ол мұны оппозицияны жайдан-жай қаралау, оны бөлшектеу әрекеттері санайды. Билік өткен жылғы қақтығыстарға да Ледесманың қатысы болды дегенді айтады. Астана мэрі сияқ­ты үлкен лауазымдағы қай­рат­керлердің жүріс-тұрысы, әрекеттері де көпшіліктің көз алдында, оларға кінә таға салу қиын. Оның үстіне, оны қамауға алуға ордер де берілмеген көрінеді. Антонио Ледесманың оппозицияда екені де, ол «Батыл адамдар альянсы» партиясына жетекшілік ететіні де белгілі. Күрес ашық, өркениетті жолмен жүргізіледі. Жұрттың наразылығын тудырып отырғаны – биліктің негіз­сіз кінә тағып, соған орай жосық­сыз әрекеттерге баруы. Қала тұрғын­дары арасында толқулар пайда болған. Президент Мадуро бұдан қорықпайтынын, өзінің жау­ларына қарсы пәрменді шаралар қолданатынын мәлімдеді. Жалпы, қазіргі билік өзіне жау іздеуге құмар. Өздерінің со­циалистік жүйеге негізделген бағыт-бағдарына іште де, сыртта да жау көп көрінеді. Әлемдегі мұнай қоры ең көп елдегі халықтың тұрмыс жағдайы төмен болса, ол ішкі және сыртқы жаудың әрекетінен дейді. Ішкі жау белгілі – оппозиция, ал сыртқы жау дегенде, ол осал емес – АҚШ империализмі. Және мұны жай емес, айқайлап айтады. Содан да оған АҚШ Мемлекеттік департаменті жауап беруге мәжбүр. АҚШ-тың Ақ үйінде өткізілген брифингте баспасөз хатшысы Джош Эрнест Венесуэла бас­шысының АҚШ-ты айыптауын есерлік деп сипаттап, ешқандай негізі жоқ деп мәлімдеді. Мем­лекеттік департаменттің тара­тылған мәлімдемесінде Венесуэла АҚШ-тың аса ірі сауда әріптесі деп атап көрсетілген. Баспасөз хат­шысы журналистердің Ма­ду­роның айыптауына жауап ретінде Венесуэлаға қарсы санк­циялар қолданыла ма деген сұрақтарына жағдайды оңал­туға бағытталған біршама «құралдар» қарастырылып жат­қанын айтты. Бірақ оның не екені нақтыланбаған. Жау іздегендерге оның оңай табылатыны да анық. Венесуэла билігі оппозицияға қарсы өзінің жосықсыз әрекеттерімен оның қарсылығын күшейтсе, АҚШ-ты айыптап, оның да қарсы шараларына ұшырамақ. Ал жаудың көп болғаны жақсы емес. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.