18 Тамыз, 2015

Келімсектер көшінен көз тұнады

355 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Елдеріндегі атыс-шабыстан діңкесі құрып, өмір сүру үшін жайлы орта іздеу мақсатында теңіз асып, Еуропаға беттеген босқындар күннен-күнге қаупі артып келе жатқан апаттардан да, одан қалса, кісі ұрлап, құлдыққа сататын саудагерлерден де тайсалмайтын сыңайлы. Биылғы жылдың басынан бері кәрі құрлыққа заңсыз жолдармен өткен мигрант пен босқындар санының 224 мыңнан асуы, Жерорта теңізінен өту кезінде 2 мыңнан астам адамның қаза болуы осыны аңғартады. 17 08 - boskin 3Белград саябақтары босқындар лагеріне айналды Сербия астанасы – Белградтың негізінен теміржол мен автобус вокзалдары аумағындағы саябақтары мигранттардың төтенше лагеріне айналды. Күнделікті түнде мұнда 500-ден 700-ге дейін мигрант аялдайтын көрінеді. Бұлар – өмір сүру үшін жайлы жер табу мақсатында Еуроодақ елдеріне қарай беттеген Сирия, Ауғанстан мен басқа да бірқатар елдің азаматтары. Босқын мәртебесін алу үшін заңды көмек көрсетіп жатқан Белградтың адам құқықтары жөніндегі орталығы өкілдерінен бөлек, мигранттарға өзге үкіметтік емес ұйымдардың еріктілері азық-түлік және тазалық заттарын жеткізіп беруде. Белградтың адам құқықтары жөніндегі орталығының өкілі Николина Миличтің айтуынша, еріктілер күнделікті төтенше лагерьді аралап, ондаған адаммен сөйлеседі. Орташа есеппен мигранттар Сербияда шамамен екі күн аялдайды. Олар елге Македониямен шекаралас жатқан Прешево қаласынан кіруде. Одан Белградқа келіп, тәуліктен кейін Венгрия аумағына жақын Суботица немесе Канижа қалаларына жетеді. «Мигранттардың жартысы Сирия мен Ауғанстаннан келуде, одан бөлек, Пәкістан, Судан, Бангладештің де азаматтары кездеседі. Олардың 90 пайызы Германияға бара жатыр. Сондай-ақ мигранттар Скандинавия елдеріне, ал африкалықтар негізінен Франция мен Ұлыбританияға бағыт алады», – дейді Н.Милич. Мигранттардың елге жаппай ағылуына байланысты жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында Еуропа одағының Сербияда босқындарды қабылдайтын арнайы орталық құруды жоспарлағаны туралы ақпарат пайда болды. Алайда, бұл хабарды Сербияның еңбек, жұмыспен қамту, ардагерлер мен әлеуметтік мәселелер жөніндегі министрі Александр Вулин жоққа шығарды. «Сербия – мигранттарды асырау орталығы емес, ал елге кіріп-шығушылар әрекеттерін заң аясында істеуі қажет, – деді министр. – Біз мигранттарды елімізде ырқынан тыс ұстамаймыз, олар Сербияны Еуроодақ елдеріне жету жолындағы транзиттік мемлекет ретінде пайдаланады. Біз оларға адамгершілікпен және жауапкершілікпен қараймыз». Италияда мигранттарды заңсыз тасымалдаушылар ұсталды Бортында заңсыз мигранттары мыңдаған кеме Жерорта теңізінің орталық бөлігінде орналасқан Апеннин түбегіне қарай толассыз ағылуда, өкінішке қарай, көбісі апатқа ұшырап жатады. Италияның жағалау күзеті күнделікті жүздеген босқынды құтқарып, жағалауға жеткізеді. Сөйтіп, оларды онсыз да лық толы уақытша ұстау орталықтарына орналастырады. Жақында Италияның бұқаралық ақпарат құралдары Сицилия аймағындағы Рагуза қаласында мемлекеттік полиция қызметкерлерінің мигранттардың Италияға заңсыз тасымалдануын ұйымдастырушы 4 адамды ұстағанын хабарлады. Күдіктілер өткен аптада Солтүстік Африка елдерінен 453 мигрантты Апеннин түбегіне алып өтпек болған көрінеді. Төрт үрлемелі қайыққа отырғызылған босқындардың арасында кәмелеттік жасқа толмаған 13 бала мен 4 аяғы ауыр әйел болған. Италия жағалау күзетінің кемесі бұларды ашық теңізде құтқарып алып, Сицилияның Поццалло портына жеткізді. Мигранттар жергілікті құқық қорғау органдарына заңсыз сая­хатты ұйымдастырушыларды көрсеткен. Босқындардың бірі олардың борттағы адамдарды қорқытқанын айтты. Тіпті, күдіктінің бірі мигранттарға тілін алмаған жағдайда балаларын суға лақтырамын деп қоқан-лоқы жасаған көрінеді. Бұдан бұрын Палермо провинциясында заңсыз адам тасымалдау және кісі өлтіру күдігімен үш ливиялық, екі алжирлік қамауға алынған болатын. Полицияның ақпары бойынша, олардың 5 тамызда Ливия жағалауынан 30 шақырым жерде орын алған қайғылы оқиғаға қатысы бар. Ол кезде бортында Солтүстік Африка елдерінен шыққан жүздеген мигранты бар кеме аударылып, суға батқан еді. АНСА агенттігінің ақпары бо­йынша, апат кезінде кемеде 700-ге жуық адам болған, оның 400-і құтқарылды, 25 адамның денесі табылып, жағаға шығарылды. «Кеме мигранттардың бір шетке көптеп шоғырлануынан тепе-теңдігін жоғалтып аударылған», – деп мәлімдеді миграция жөніндегі халықаралық ұйымның өкілі Ленард Дойл. Жалпы, 2015 жылы Жерорта теңізі арқылы Еуропаға заңсыз өту әрекеті кезінде қаза болған мигранттар саны күрт өсті. Алғашқы жеті айдың өзінде 2000 адам қаза болыпты. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 400-ге көп. Канада Ирак пен Сириядан тағы 10 мың жұмыссыз қабылдауға дайын Елдің басқарушы Консер­вативті партиясы 19 қазанда болатын парламент сайлауында жеңіске жететін болса, елге тағы 10 мың босқынның келуіне рұқсат беруге дайын. Бұл туралы партия лидері, премьер-министр Стивен Харпер Торонто қаласында өткен сайлауалды шарасында мәлімдеді. Оның айтуынша, Канада алдағы төрт жылда өз аумағына Таяу Шығыс елдерінен «Ислам мемлекеті» террорлық тобының әрекеттері үшін үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған 10 мыңға жуық босқынды қабылдай алады. Премьердің Либералды және Жаңа демократиялық партия­дағы оппоненттері Канаданың коалиция қатарында «Ислам мемлекетіне» қарсы әскери мис­сияға қатысуын сынға алды. Олар мем­лекеттің тек гумани­тарлық көмек көрсетумен ғана шек­телгенін дұрыс деп есептейді. Бұл орайда Стивен Харпер: «Егер сіздердің саясаттарыңыз әскери қолдаусыз гуманитарлық көмек көрсету болса, онда көмектеріңіз тек қаза болған адамдарға жетеді», деген болатын. Айта кетейік, бұдан бұрын Канада Ирактан 20 мың және Сириядан 2,5 мың босқынды қабылдады. Ираннан санкциялардың алынуы мұнай бағасын төмендетеді 17 08 - munaiДүниежүзілік банк мама­ны­ның болжамы бойынша, Иран­нан ядролық бағдарламаға байланысты санкциялардың толық алынуы мұнайдың әлем­дік нарығына елеулі ықпал етіп, 2016 жылы «қара алтын» бағасының барреліне 10 долларға арзан­дауына алып келеді. «Иранның әлемдік нарыққа толық оралуы ақыр аяғында мұнайды күніне миллион баррельге көбейтеді», – делінген банктің баспасөз хабарлама­сында. Келісім бекітілген жағ­дайда, Иранның ядролық бағдарламасын баяулатуына орай АҚШ пен Еуропа Одағы оған қойған санкцияларын алып тастайды. Естеріңізге сала кетейік, үсті­міздегі жылдың 14 шілде­сінде Иран мен «алтылық» иран атомына байланысты көпжылдық проблеманы реттеу туралы тарихи келісімге қол жеткізді. Көптеген айлар бойы жүргізілген келіссөздер нәтижесінде Иранға АҚШ, Еуроодақ пен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі тарапынан қойылған экономикалық және қаржылық санкцияларды алып тастау қарастырылған бірлескен іс-әрекет жоспары қабылданды. «2015 жылдың сәуір айында шектемелі келісім бекітілгеннен бастап, халықаралық компа­ниялардың Иранның мұнай-газ секторына инвестиция құю­ға қызығушылықтары жоға­ры екені байқалып отыр. Санк­циялар алынған соң бұл үрдіс жетіле түсіп, елді қажетті капиталмен қамтамасыз етіп, мұнай-газ секторы технологияларын жаңарта түсуі ықтимал», – дейді Дүниежүзілік банктің Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка бойынша экономисі Лили Моттаги. Бұдан бөлек, Дүниежүзілік банк сарапшысы келер жылы Иранның ІЖӨ өсімі 5 пайызға өсетінін болжап отыр. Бөтен ел адамдарының көбеюіне бельгиялықтар наразы 17 08 - boskin 1Ipsos халықаралық әлеуметтік орталығы жүргізген сауалнамаға сәйкес, Бельгия азаматтарының 61 пайызы ел билігінің мигранттарды тым көп қабылдап жатқанына алаңдауда. 2011 жылы осы мәселе жө­нінде алғаш рет сауалнама жүр­гізілген кезде, жауап алынған бельгиялықтардың жартысы өз­дерінің мигранттарға деген те­ріс көзқарасын білдірген бола­тын. Соңғы сауалнамаға сәйкес, жер­гілікті халықтың 58 пайызы немесе әр алтыншы азамат босқындардың елге ауып ке­луі әлеуметтік-экономикалық жағдайға кері әсерін тигізеді деп есептейді. Сұралғандардың 52 пайызы мигранттардың жұмыспен қамту мәселесінде, ал 56 пайызы олардың ұлттық әлеуметтік қорғау жүйесі үшін қиындық туғызатынын айтқан. Тек респонденттердің 12 пайызы мигранттар ел дамуы­на жағымды ықпал етеді деген пікір білдірді. Айта кетейік, сауалнамаға Бельгияның 16-64 жас аралығындағы 500 азаматы қатысты. Дайындаған Айдар ӨРІСБАЕВ, «Егемен Қазақстан».