16 Шілде, 2010

СЕГІЗАЯҚ ПАУЛЬ “КӨРІПКЕЛДІҢ” ҚҰПИЯСЫ

789 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бақсы, балгер, көріпкел десе ішіп отырған асын тастай беріп елең ете қалатындардың бірі – біздің қазекең. Сенгіш қазақтар ғана емес екен. Әлем жанкүйерлерінің ес-түсін кешегі додада кө­ріп­кел осьминог-сегізаяқ Пауль алғаны рас. Аф­ри­кадағы чемпионатта оның болжауы айдай келді емес пе. Пауль 2008 жылы ағылшындардың Дорсет паркінде дүниеге келіпті. Өзінің ерекше жара­ты­лыс иесі екенін бұл сегізаяқ жәндік аква­риум­ға көрермендер келгенде аңғартуға тырысады екен. Бүгінде ол Германияның Оберхаузен қаласындағы океанариумде өмір сүріп жатыр. 2008 жылғы Еуропа чемпионатында Пауль­дың болжауы 80 пайыз тура келген. Океанариум қыз­мет­керлері бәске түсетін екі мемлекеттің жалауы бар мидия салынған қос контейнерді суға батыр­ған­да Пауль жем алған контейнерге жа­лауы ілін­ген ел жеңіске жетеді екен. Бір кере­меті, Оңтүстік Африка Республикасында өткен әлем чемпио­натында Паульдың сәуегейлігі 100 пайыз расталды. Сегізаяқ немістің асын ішіп-жеп отырмын, көңілдеріне келмесін, алдай салайын дегенді білмеді. Жартылай финалдағы Германия мен Испания матчының алдында ол испан жалауы бар контейнерден жем алған. Расында, Испания жеңді, Германия жеңілді. Қанына қарайған неміс жанкүйерлерінің бірі бейшара жәндікті боршалап сойып, қуырып жеуге дайын екенін айдай әлемге интернет арқылы білдіртті. Бұған дейін Австралия, Гана, Англия және Аргентина құрамаларының жанкүйерлері де Паульді иттің етінен де жек көретіндіктерін жасырған жоқ. Ал, испандықтар финалға өтетінін білдірген Паульға арнаулы күзет те қойдырмақ болған деседі. Сегізаяқ соңғы матчтардағы ойын тағдыр­ларын дәл көрсеткен. Германия мен Уругвай үшінші орын үшін таласқанда Пауль неміс жанкүйерлерінің талағын тарс айыра жаздап, он минөттей “ойланыпты”. Содан соң Германия жалауы бар контейнерге барған. Расында, жеңіс немістерге оңай келген жоқ. Екінші таймның басында уругвайлықтар есепті теңестіргені былай тұрсын, біраз уақытқа дейін 2:1 есебімен алда тұрды ғой. Сегізаяқ далбасалай береді, бұл адам­дардың ойыны, ал мынау үлкен шоу дегендер де болған. Алайда, Пауль Германияның үшінші орын үшін айқаста мерейі үстем болатынын екі күн бұрын болжағандықтан оның сәуегейлігіне әлгіндей әңгімелер көлеңке түсіре алған жоқ. Көріпкел жәндік дүние жүзін осындай тамашаға батырып жатқанда букмейкерлер кеңселері пайдаға белшесінен батыпты. Пауль жартылай финалда Испания жеңеді деп болжаса да Германияның бір қызуқанды жанкүйері сүйікті құрамасы жеңеді деп 500 мың евро салыпты. Германияның мерейі үстем болаты­нына сенген бұндай бозым жалғыз болмаса керек. Wіllіam Hіll букмекер кеңсесі Германияның жеңілуінің өзінен ғана 5 миллион евро пайда тапқан. Сегізаяқ Пауль әлемнің көзқұрты болып тұрғанын өзі сезе ме, сезбей ме, бұл бөлек әңгіме. Ол – жаратылыстың адам ұғымына сыймайтын бір кереметі, тылсым құпиясы. Айтайық дегеніміз, қазір қазақта балшы, балгер, құшынаш, сәуегейлер көбейіп кетті. “Сұңқарлар” мен “аққулар” көп, әулиелі жерді  қоймай аралап жүр олар.  Аруақтармен тілдесіп, арғы дүниенің “жаңалығын” біліп отыратын солардың абыройын Пауль-мақұлық әлем чемпионатында  қатты түсіріп кетті. Бақтияр ТАЙЖАН.