28 Ақпан, 2015

Аналық ақ алғыс

280 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
IMG_2868Өңі түгіл, түсіне кірмеген тосын қуанышты жай алдан шығары, өзі ағынан жарыла айтқандай, сол күні Мисоченко әжейдің қаперінде жоқ еді. Төрт баласының үйдегі кенжесі кенет теледидардың дауысын көтеріңкіреп: «Мама, сіз Президентке хат жазып па едіңіз. Сізді айтып жатыр», дегенде сенер-сенбесін білмей, апыл-ғұпыл жақындай түсіп тыңдағанда, рас екен. Осының алдында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі мүшелерінің кезектен тыс президенттік сайлау өткізу жөніндегі ұсынысына ризалықпен өзінің, балалары мен немерелерінің бақытты өміріндей барша жұрт жақсы тұрмысы, бірлігі мен тыныштығы үшін ерен еңбегіне алғыс білдіріп жазған хаты мазмұнын Елбасы аузынан бірге естіп, әп-сәтте аналарының бүткіл ел алдында мерейі асуы шаттыққа бөленген үлкен шаңыраққа ұмытылмас оқиға болып қалыпты. Асыл әжелерін аймалаған, әжелері құлақтарына құйып отыратындай ертеңдеріне алаңсыз жеткіншектердің мақтанышы, әсіресе, бөлек екені сезілді. – Бәрімізді ортақ мақсат, бір тілекке ұйыс­тырған Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.На­зар­баевқа аналық шын жүректен Тә­ңір жа­рылқасын айтып, ризашылығымды білдіргім келді. Алдағы жылы Жаратқан амандығын берсе, сексенге толғалы отырмын. Жас кезімде Қазақстандай құшағы кең, бауырмалдығы ыстық елге тамыр тартуға жазған тағдырыма тәубе етемін. Тұрғылықты халықтың ешкімді жатырқамайтын, меймандос, ақкөңіл қасиеті мүлдем баурап, осынау ғажайып елде біржола тұрақтап қалдым. Осынау үрдіс үлгісі үзілмей келе жатуына қуаныштымын. Соны керемет жарастырып, бәріміздің тату-тәтті өмір сүруімізді үйлестіріп, келешектің кемел болуына бастаған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегіне алғыс қашанда шексіз. Президенттік сайлаудың өткізілуі жөніндегі халықтың қалауын қолдап, шешім шығарылуы тілегімізге сай болды. Ел сенімі Мемлекет басшысына артылатындығына, өз басым соны қалайтынымды тағы бір айтқым келеді, – деді Нина Алексеевна бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуде. Бұл кісінің есімі бұған дейін де қара­ғандылықтарға беймәлім емес-тін. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары басында қосағы Петр Прокопьевич Мисоченкомен қол ұстасып сонау Белоруссиядан өндіріс екпіні алысқа жаңғырған жас қалаға келгенде екеуі де қыз-қыз қайнаған құрылыс жұмыстарына атсалысуды таңдаған болатын. Өмірлік серігі ғұмырының аяғына дейін сүйікті ісінен қол үзбеді. Кеншілер шаһарында сол уақыттарда салынған әсем тұрғын үйлер мен зәулім ғимараттардың көбінде қолтаңбасы қалуымен танылған құрылысшы атанды. Ол қабырғаларын шеберлікпен қалаумен айналысса, іске ширақ Нина ішін әспеттеуде алдына жан салмады. Бүгінде Нүркен Әбдіров, Бұқар жырау, Бейбітшілік даңғылы сияқты қаланың ең көрікті көшелерін немерелеріне көрсетіп, бұларды біз салдық деп марқайып қоятыны да сондықтан. Шүкір, отбасындағы өнегелі тәрбиенің, адал еңбекке баулудың арқасында бала­лары­ның бәрі өмірден өз жолдарын тапты. Әрқай­сысы жеке-жеке отау иесі, орталарына сыйлы азаматтар қазір. Олардан тараған 7 немере мен 8 шөбересінің, қаны белорустық, жүрегі қазақстандық Мисоченколар әулетінің қазақ жерінде түпкілікті тамырлануына қуанады Нина Алексеевна. Сексен деген жасына қарап оны жан күйттеген жан деп ойлап қалуға болмайды. Облыстық белорус «Спадчына» этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі ретінде қоғамдық іс-шаралардың бел ортасында жүруімен де танымал. Қанша айтқанмен, жақ­сылықты көңілге тоқыған адам ғой, ынтымақ­тастыққа, бірлікке үндеген ақыл-кеңестері алтындай бағаланады. Әлі де сақталған әдемі дауысымен ұлттық әндерді шырқағанда қандастарының жан-дүниесін жадыратады. Ана тілін үйренушілер үйіріледі жанына. Достық осындай ойлы, көкірегі таза, ар­лы адамдар арқылы дәнекерлесер емес пе! «Дос тұтқанды қадірле» дейді халық. Мұн­дай құрметке лайық осы бір қарапайым кейуа­наның шынайы азаматтық сезімі, отан­шылдық пәк ниеті тәнті қылады бәрін. Әр этностың салт-дәстүрін сақтауға, мәдениетін өркендетуге барлық жағдайды жасап отырған, халқының жүрегіне жол таба білген Елбасына деген ризашылықтары шексіз. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.
Соңғы жаңалықтар