Желбіретуге ел туын, шығыңыз тағы бел буып!
Қаламгерлер қауымының ортақ ойы осы
Кеше Қазақстан Жазушылар одағында алқалы жиын өтті. Оған көптеген белгілі қаламгерлер қатысып, ел Президенті Н.Назарбаевтың кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы Жарлығына орай өз пікір-пайымдарын ортаға салды. Одақтың басқарма төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалин бұдан бұрын кезектен тыс Президент сайлауын өткізу жөніндегі бастамаға да жазушы қауымы алғашқы лекте үн қосқанын айта келе, жиынның мәнісін түсіндірді. Иә, халықаралық жағдай өте-мөте шиеленісіп тұр. Ағайын елдердің арасында да сызат бар. Оның үстіне әлемдік дағдарыс жағдайындағы қаржы қиындығын ескере келгенде 2016 жылы екі бірдей сайлау өткізу елімізге ауыр түспек. Олай болса, азаматтық қоғамға тән өркениетті сипатта, Конституцияға қайшы келмейтін үлгілі үрдісте кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді бүкіл халықпен бірге қаламгерлер қауымы да қолдап қостайды. Абыз әдебиетші, академик Серік Қирабаев осы қолдаудың әсіресе Нұрсұлтан Назарбаев үшін болып жатқанын қадап айтты. Егер президенттікке басқа бір белгісіз, сенімсіз адам түсетін болса, бұлайша сабылмас едік. Қазіргі жетістіктер мен жеңістеріміз, халықаралық беделіміз – бәрі де Нұрекеңнің арқасы. Бастаған қаншама істері бар. Соларды жеріне жеткізіп беруі керек. «Өткелде ат айырбастамайды» деген сөз және бар. Додаға Назарбаевтың өзі түсетін болса, мұндай кезектен тыс сайлау өткізілуін әбден қолдаймыз, деді ғалым. Бұдан кейін сөз алған ұйғыр жазушыларының ақсақалы Ахметжан Аширов, Одақтың орыс әдебиеті кеңесінің төрайымы Любовь Шашкова, Марал Ысқақбай, Дулат Исабеков, Марфуға Айтқожина, Бибігүл Иманғазина, Сейфолла Оспанов, Сұлтанәлі Балғабаев, Иран-Ғайып сияқты көрнекті ақын-жазушылар осындай алмағайып сындарлы кезде еліміз үшін тарихи қажеттілік болып отырған таңдауды бірауыздан қолдады. Осыған орай жасалған Мәлімдемеде Қазақстан Жазушылар одағы Нұрсұлтан Назарбаевтың кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы шешімін толығымен қолдайтынын білдірді. «Біз алдағы тарихи оқиға халқымыздың бірлігі мен тұтастығын нығайта түсетіндігіне сенімдіміз. Еліміз тәуелсіздіктің 20 жылдан астам уақытында қалыптасу мен дамудың күрделі де қиын жолынан өтті. Соның нәтижесінде бүгінде күллі әлем мойындап отырған зор табысқа жетті. Алдағы Президент сайлауы Қазақстанның азаматтық қоғамы үшін өзіндік емтихан іспетті. 2015 жылдың 26 сәуірінде қазақстандықтар маңызды таңдау жасамақ», деп атап көрсетті. Сөйтіп, қаламгерлер қауымы азаматтарды осынау кезеңге асқан жауапкершілікпен қарауға шақырды. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.Ағалық қолқа саламын
Ел тарихында ел сыналар кезеңдер де болады, ер сыналар кезеңдер де болады. Қазіргі кезең – сондай кезең. Дүние аумалы-төкпелі болып тұр. Замана желі біресе ана жақтан ұйытқиды, біресе мына жақтан ұйытқиды. Бәрінен қымтану мүмкін емес. Бір елдің ішінде бүлік шықса «бас жарылса бөрік ішінде» қалатын кез келмеске кеткен. Ол елге әр қиырдан әсер еткісі келетіндер табылып, бара-бара солар бір-бірімен айтысып-тартысып жататын болғанына бүкіл әлемнің көзі үйреніп барады. Сондай-сондай сойқандардың салдары экономикасы әлемдік экономикаға әбден кіріккен Қазақстанның жағдайына да әсер етуде. Білетіндердің айтуына қарағанда, бұл бағыттағы қиыншылықтар алдағы кезде асқына түспесе азаймайтын сыңайлы. Мұндайда не істеу керек? Етек-жеңімізді жинап, бойымызды билеп, ойымызды жүйелеп, бүгін қалай жүреміз, ертең қай жаққа қадам басамыз дегенді ерте бастан екшеп алуымыз керек. Нұрсұлтан Назарбаев солай етті. Талай жыл бойы халықтың қамы үшін жинақталған Ұлттық қордың қаржысын қиын кезде экономиканың, әлеуметтік саланың мұқтажына нақтылап бөлді. «Нұрлы Жол» аталған жаңа экономикалық саясатты айқындады. Мәңгілік Ел болудың жолдарын белгіледі. Осындай тұста Қазақстан халқы Ассамблеясы сынды бірегей құрылымның дер кезінде көтерген бастамасы көп көңілінен шықты. Мен өте қуаныштымын. Тар кезеңде тамаша ұсыныс жасалғанына, оны барша жұрттың, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың іліп алып, қолдап кеткеніне, мұның бәрі Ата Заңның талаптары аясында жасалып жатқанына қуаныштымын. Елдігімізге сын болатындай сәтте бәріміздің бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білгенімізге қуаныштымын. Елбасының ел тілегіне құлақ асып, Жарлыққа қол қойғанына, сөйтіп кезектен тыс президенттік сайлау өткізілетін күнді белгілегеніне бек ризамын. Себебі? Себебі сол, бізге саясаттағы сабақтастық керек, бізге тұрақтылық керек, бізге татулық керек. Оның бәрі таңы арайлап ататын, кеші тыныш бататын, халқы бір-біріне жақсылық тілеп жататын елде болады. Қазақстан – сондай ел. Мың тәубе! Бодан күннен кеткенімізге, бостан күнге жеткенімізге, елімізді дәулеті мықты, саясаты тұрақты, алыс та, жақын да сыйлайтын ел еткенімізге тәубе! Құдайға шүкір, бәрі рет-ретімен келіп жатыр. Елулікке енеміз дедік пе? Дедік. Ендік пе? Ендік. Ойлаған уақытымыздан да бұрын ендік. Отыздықтан орын алатын күніміз де келеді әлі. Ол үшін не істеуіміз керек? Еңбек керек. Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құруға шақырып отырған Ердің төңірегіне топтасуымыз керек. Сондай сәт келді, ағайын. Мен жасым сексеннің сеңгірінен асқанша талайды көрдім. Әлемнің де талай жерін араладым. Қызметкерлігім де, қайраткерлігім де талай адаммен араластырып-құраластырды. Сондағы бір түйгенім – Нұрсұлтан Назарбаевтай адамның сирек жаратылатындығы. Екі қоғамның от пен судай шарпысқан шағында шыңдалып шыққан, құрыш құя жүріп өзі де құрыштай құйылған, ойға зерек, сөзге шешен, мінезге бай, қай мінберден де мемлекетіңнің мерейін асырып, абыройын тасытып жарқылдайтын мұндай жарқын тұлға – халқымыздың басына қонған бақ. Басымыздағы бақты бағалайтын халық екенімізді дәлелдеумен келеміз. Алда да дәлелдей береміз. Сондықтан, ел бірлігін ойлағанда, ел тірлігін ойлағанда, елдің ірілігін ойлағанда мен өз басым ағалық жолыммен мынадай қолқа салғым келеді. Нұрсұлтан бауырым! Сайлауға түс. Елді басқару жауапкершілігін тағы да өз иығыңа жүкте. Өзің құрған мемлекетіңді мына қиын өткелден өзің өткіз. Көздеген межелеріңе өзің жеткіз. Бір сөзіңде Әбубәкір Кердері бабамыздың «Жігітке ерлік те оңай, елдік те оңай, әгәрки қабырғалы болса халқы» деп айтқанын келтіріп едің ғой. Қабырғалы халқың саған тағы да азаматтың ауыр жүгін артқысы келеді. Халқыңа сен. Халқың саған сенеді. Алға тарт, Азаматым! Әкім ТАРАЗИ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.Ел атынан сұраймын
Биыл Қазақстан жеріне көктем ерте келетін нышан танытты. Оңтүстіктің қызғалдағы дүр сілкініп, Арқаның саға-сағасына бұлақ сулары күркірей бастады. Осынау дүркіреген-күркіреген өктемімен бірге жыл құсындай болып игілікті жақсы хабар да жақсы ән, тәтті күйдей көңілімізді баурап алды. Жасыратыны жоқ, дүние жүзін өрттей шарпыған әлемдік дағдарыс біздің де түн ұйқымызды бұзбай қоймады. Және бұл дағдарыс таза экономикалық тұрғыда болмай, біреуді біреу басып алу, қару жұмсау, күш көрсету, қарама-қарсы лагерьлерге топталып, білек сыбану әрекеттерімен сабақтас келді емес пе? Санкциялар соғысы деген бәле ұзақ жылдарға белгіленген жоспарымен ілгері басып келе жатқан біздің экономикамызға елеулі зиянын тигізді. Осынау күтпеген, тосындау дүрбелең басталғалы бері Президентіміздің маңдай қыртысы молайғанын байқап жүрмін. Ұйқысы да шала, уайымы да басым сияқты. Жайшылықта тілін сауған шешен, көсем табылады, ал ұлт жүгін арқалаған қайратты ұл – қиын-қыстауда найзағайдай жарқылдайды. Уақыттың қиындығына қарамай, Президентіміздің тап осы кезде елін, халқын соқтықпалы соқпақтан аман алып шығатын «Нұрлы Жол» бағдарламасын ұсынуы – халқы үшін неге болса да бас тігетін өжет, табанды ұлдың мінезін танытады. «Нұрлы Жол» – ғажап бағдарлама. Шағын және орта бизнес Президенттің тікелей қамқорлығымен мемлекетіміздің басты кәсіп көзіне айналатын болды. Осы бағдарлама бас-аяғы төрт-бес жылдың ішінде елімізді гүлдендіріп жіберетініне кәміл сенемін. Оған үлкенді-кішілі индустрияландыру бағдарламасын қосыңыз. Азамат соғысының ойранынан кейінгі «шарық киген» Ресейді осы индустрияландыру ел қатарына қосты. Мәртебелі басшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынып, жер-жерде жүзеге асуын қадағалап отырған индустрияландыру үрдісі дамыған 30 елдің қатарына қосылуға септесетін бірден-бір өнікті жол. Халық Ассамблеясының биыл Президент сайлауын өткізу туралы ұсынысы мен дәлелдері көңілге қонғандықтан да бар-жоғы екі аптаның ішінде бұл ұсынысқа біздегі саяси партиялар мен елуден астам қоғамдық бірлестіктер бірауыздан үн қосып, Парламент палаталары, Үкімет, Конституциялық Кеңес қолдау білдірді. Енді жоғары мәртебелі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының президенттік сайлауға түсуіне ресми келісім беруін ел атынан сұраймын. Әнес САРАЙ, жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.Береке-бірлік тұтқасы
Қазақ елінің тәу етер тәуелсіздігіне қол жеткізгеніне де ширек ғасырға таяды. Осы уақыт ішінде мемлекетіміздің мерейі өсіп, төрткүл дүниеге танылды. Мен мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының жемісі деп білемін. Бір замандары Алаш арысы Әлихан Бөкейханов: «Мемлекеттігі жоқ халық – жетім, жетекшіл халық» деген еді. Тәубе, біз қазір жетім де, жетекшіл де халық емеспіз. Өз алдына тұғырын мықтап ту тіккен, Елтаңбасын биікке іліп, Әнұранын шырқата айтқан жұртпыз. Біраздан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастамасы жұртшылықтың арасында кең талқыланып жатқан еді. Өткен сәрсенбінің сәтінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Үндеу жолдап, сайлау ел өміріндегі үлкен оқиға екенін айтты, оған жауапкершілікпен қарап, белсенділікпен қатысуға шақырды. Шынында азаттық алған уақыттан бері еліміздің береке-бірлігіне, ынтымақты тірлігіне, сан түрлі ұлыстың берік достыққа негізделген дамуына ұйытқы да тұтқа болып келе жатқан Президент өзінің Үндеуінде мынандай бір елдік сөзді алға тартыпты. «Мен жеткен абырой, мәртебе – барша Қазақстанның мерейі», деп өзіне тілек білдірген азаматтарға шынайы ықыласын танытты. Қазақ жұртының төңірегіне топтасқан Қазақстан мемлекетінің бүкіл адал ниетті үлкен-кішісі сайлау жайлы әңгіме қозғалғаннан бастап, өздерінің шынайы ықыластарын білдіріп келеді. Мен де сол қалың қауымның арасында жүрген қаламгермін. Александр Пушкиннен қалған бір қағида бар. Қоғамдағы барлық өзгеріс ақын жүрегінен өтеді деп келеді ол. Шынында, қазір төрткүл дүниедегі сапырылыс, қақтығыстар біздің де көңілімізді алаң етіп жүргені анық. Оның үстіне дүние жүзін шарлаған дағдарыс та арқаны аяздай қариды. Осындай таразы басы теңселіп тұрғанда бірауыздылық танытып, Президент сайлауын биыл өткізсек ұтылмаймыз, ұтарымыз көп болады. Себебі, Нұрсұлтан Әбішұлының «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы айтылған келелі істер мен «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауындағы міндеттерді мүлтіксіз орындау – бастаған істі аяғына жеткізу керектігін бәріміз де түсінеміз. Президент «Сайлау – аса маңызды конституциялық және патриоттық акт» дей келіп, «Алдағы сайлауға өзімнің қатысатыныма орай шешімді мен кейінірек, еліміздің конституциясы мен заңдарына толық сәйкес қабылдайтын боламын» деген екен. Еліміз азаттығын алған күннен бастап іргесін қалап, керегесін мықтап, шаңырағын биікке көтерген, қазақ халқы мен қазақстандықтардың мәртебесін асқақтатқан ел тұтқасы – тұлға тағы да халық тілегін қабыл алып, жұрт жүктеген сенім биігінен көрінеді деген ойдамын. Қажығали МҰХАНБЕТҚАЛИҰЛЫ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.«Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ»
Не ықылым замандар бұрын осы сөзді тауып айтқан Білге қаған бабамыз неткен кемеңгер еді! Тіпті, арыға бармай-ақ, соңғы ширек ғасырда халқымыздың басынан өткен оқиғаларға көз салсақ та оның мәнділігі мен зәрулігіне тәнті боласың. Иә, ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ! Бүгінгінің тілімен айтқанда, бұл –тәуелсіз мемлекет аясында топтасу деген сөз. Бұған қоса өзіңді өзің билеу, өз тарихыңды өзің жасап, өз тағдырыңды өзің шешу, атадан қалған мұраға – жерің мен байлығыңа, тілің мен діліңе, өнерің мен дініңе ие болып, адамзат бағыт алған ұлы көште өз бағдарыңды, өз орныңды дұрыс табу. Бұл оңай ма?! Әрине, оңай емес, дүниенің төрт бұрышында болып жатқан дүрбелеңдер мен қантөгістерді көресің де еліңнің амандығына алаңдайсың. Ел басқарған азаматыңның тұғыры биік, тұлғасы зор, кемел ойлы көреген болғанын қалайсың. Қазір халқымыз тағы да жауапты кезеңде тұр. Алдағы аз уақытта ел Президентін сайлауымыз керек. Бұл – бір кісінің мансап биігіне көтерілуі емес, тұтас халықтың, Қазақ елінің тағдыры безбенге түсті деген сөз. Сондықтан кімді таңдаймыз?! Құдайға шүкір, талай жайсаңдарымыз бар. Бірақ солардың ішінде де Абай айтатын кемел тұлға – Нұрсұлтан Әбішұлы менің көзіме Тәңіртаудың биік шыңындай дара көрінеді. Ол – барлық сыннан өткен, өмірдің дауылы мен жауынына, ыстығы мен суығына шыныққан, мынау беймезгіл заманның сырын ұққан, әлемдік саясатты жасаушылардың қай-қайсысымен де терезесі тең сөйлесетін қайраткер. Осы күндерде ел халқы президенттікке кандидат ретінде ең алдымен Елбасының есімін айтатыны – шығар күндей шындық. Егер Елбасы, өзінің кандидатурасын ұсынушы көпшіліктің тілегін қабыл алса, бәріміз де ұтар едік. Нұрсұлтан Әбішұлының азаматтық, қайраткерлік қасиеттері туралы көп жазылды. Ол мемлекет басында отырған жылдарда, әрине, көп нәрсені көрді, үйренді, жиренді, достық пен қастықты, мейірбандық пен сатқындықты – бәрі-бәрін көрді. Әр нәрседен түңілген де кезі болған шығар. Бірақ мен тұңғыш тілдескен кезден бүгінге дейін айнымаған бір мінезі – ол достық пен бауырластыққа негізделген ұлы дала заңдарын бойына терең сіңіріп, содан айнымай келе жатқаны. Қысқа бір дерек айтайын. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары болатын. Түркия Президенті Тұрғыт Озалдың шақыруымен Нұрекең Түркияға тұңғыш ресми сапарымен барарында, қасына бір топ зиялы қауым өкілдерін ертіп алды. Түріктің Анкара, Ізмір, Ыстамбұл қалаларында естен кетпес қабылдауларды көрдік. Солардың бірінде біз отырған үстелге Нұрекең келді. Шерхан Мұртаза бәрімізді таныстыра бастады. Камал Смайылов, Қалдарбек Найманбаев, Дулат Исабеков, Төлен Әбдіков, т.б. атымызды атаған сайын Нұрсұлтан Әбішұлы әрқайсымызға бір жылы сөз тауып, еңбектерімізді жаңылмай айтып, көңілімізді көтеріп тастады. Соңынан: «– Жігіттер! – деді. – Бұл тәуелсіз мемлекетіміздің елдігін танытқан тұңғыш тарихи сапар болды. Жақсы аяқталды. Енді осылайша, азат ел екенімізді жер дүниеге жариялап, жалғастыра береміз!». Бәрімізді құшағына алып: – «Бірлігіміз, бауырластығымыз арта берсін. Бірге болайық. Халқымыз сенген азаматтар бір болсақ, тату болсақ, тәуелсіздігіміз баянды болады», деді. Білек пен білек, құшақ пен құшақ айқасты. Тәуелсіздіктің елең-алаңында айтылған осы сөздерден ол ешқашан жаңылған емес. Керісінше, оны халықаралық дәрежеге көтерді. Міне, осы тату-тәтті бауырластықтың арқасында туған елін тарих кемесінде аман-есен басқарып келеді. Солай бола беруінің басты кепілі – Елбасының ақбоз атқа қайта қонуы. Ал бұл біздің өз қолымызда. Сұлтан ОРАЗАЛЫ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.