Қазақ амандасқанда: «мал-жан аман ба?» дейді. Мал – байлық, отбасының азығы. Мінсе – көлік, ішсе – сусын, кисе – киімі. Сондықтан да «мал ашуы – жан ашуы» дейді.
Сарыағаш ауданының тұрғындары өткен жылдың желтоқсаны мен наурыз айының аралығында ұрланған малын тауып беруді өтініп аудандық полиция бөліміне 10 рет арыз жазған. Ұрылар жайылымнан тоқты-торым емес, жылқылар мен мүйізді ірі қараны алып кете береді екен.
Облыстық ішкі істер басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру іс-шарасы барысында біреудің ақ адал малын өзінікіндей көріп, өрістен ұрлап жүрген бір топ ардан безгендерді ұстады. Жау алыстан келмепті. Сарыағаш пен Қазығұрт аудандары аумағында жарты жылдан астам уақыт жоғарыдағыдай кәсіппен айналысқан қылмыстық топтың серкесі 50 жастағы осы өңірдің азаматы болып шықты. Ол бұған дейін бірнеше мәрте мал ұрлығымен сотты болған, бөтеннің малын өз дүниесіндей көретін сабаз екен. Ауызы піспейді. Медиация деген ағайынға жақсы болды. Қолға түссе делдал биді апарып, басы салбырап кешірім сұраған болады. Құнын төлеп береді. Былай шыға бере бәрін сыпыра бір балағаттап, атына ырғып мінеді. Бой тасалап өрісті шалады. Жайылып жүрген малдың жерін белгілеп кетеді. Мұндай ұрылар Сарыағаш және Қазығұрт ауданының тумалары. 7 күдікті анықталып, 6-уы қолға түсті. Бұлардың ұрлық жолдары біреу. Күндіз иесіз жүрген малдардың тұрғанын байқастайды да, түнде жасырулы жүк машинасына айдап апарып тоғытады.
Содан өздері білетін таса жерге апарып, соятынын сойып базарға арзан бағамен өткізеді.
Әзірге олардың 11 рет мал ұрлығы жайына қатыстылығы анықталған. Өрістен 70 бас жылқы мен ірі қара айдап әкеткен олар мал иелеріне 20 млн. теңгеден астам шығын келтірген. Полиция ұрланған малдардың жартысы мен тасымалға пайдаланып келген екі «КамАЗ» машинасын тәркіледі. «Қылмыстылар жазасын алса екен», – дейді ашынған жұрт.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.