Бұл ойды барша қазақстандықтар қуаттайды

* Жеделсөз – беделсөз
Бекболат МҰҚЫШЕВ,
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары:
– Бүгінде әлемде қаржы-экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны көрініс беруде, геосаяси шиеленістер асқына түсуде, қарама-қайшылықтар мен қауіп-қатерлер ушыққан жаңа аймақтар пайда болуда. Осындай халықаралық жағдайда Қазақстан бұрынғысынан да берік, ынтымақтастығы бекем болуы қажет. Президенттік сайлаудың қоғамның барлық тараптарын біріктіріп, нығайтып, «Нұрлы Жол» бағдарламасы нық адымдап алға бастайтындығына сенімдіміз.
Осы жерде атап көрсететін бір жайт бар. Ол – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 26 сәуірге белгіленген президенттік сайлауға өзінің кандидатурасын ұсыну мәселесі. Бұл – барша қазақстандықтардың көкейіндегі мәселе.
Бақытжан ЕРТАЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, Халық Қаһарманы:
– Қазіргі таңда Қазақ елі бейбітшілікте өмір сүріп жатыр. Ел қорғаны – Қарулы Күштеріміздің заман талабына сай әскери техникамен жарақтандырылғаны да көңілге үлкен медеу. Бүгінде халқымыз елімен мақтанса, бүкіл сарбаздары мен сардарлары Отан алдындағы жауапкершілігін жақсы сезінеді және олар туған Отандарын қорғауға дайын екендіктерін әркез істерімен дәлелдеп те жүр.
Қазіргі кезде қазақстандықтардың ойын бір ғана мәселе мазаласа керек. Ол – Елбасының өз кандидатурасын президенттікке ұсынуы. Президент халық қалауына түсіністікпен қарайды деп үміттенеміз. Сондықтан барша қазақстандықтарды 2015 жылғы 26 сәуір күні өтетін президенттік сайлауға бір кісідей қатысуға шақырамыз.
Бақытбек СМАҒҰЛ,
Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Біздер, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының, Қазақстан ардагерлері қауымдастығының өкілдері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың президенттік сайлау өткізу туралы шешімін толық қолдаймыз және Мемлекет басшысын қолдап қана қоймай, президенттікке кандидат ретінде тіркелгенін қалаймыз.
Қазақстандықтарды еліміздің болашағы жолында тарихи таңдау жасайтын шақ күтіп тұр. Өз басым мұны бекерге айтып отырғаным жоқ. Елбасы президенттіктен үміткер ретінде сайлауға түседі деп үміттенемін. Бұл біздің күрделі кезеңде қоғамды топтастыруға септігін тигізіп қана қоймай, «Нұрлы Жол» бағдарламасын, басқа да жоспарларды табысты жүзеге асыруға алғышарт жасайтыны анық.
Абылай МЫРЗАХМЕТОВ:
Қазақстан ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы:
– Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізде кезектен тыс президенттік сайлауды осы жылы өткізу туралы шешімін толығымен қолдаған болатын. Енді Президент сайлау өтетін күнді де тағайындап беріп отыр. Осы орайда, Қазақстан кәсіпкерлері, басқа да отандастарымыз секілді, президенттік сайлауға Елбасы да өзінің кандидатурасын ұсынғанын қалайды.
Осы арада бір атап көрсетерім, қазақстандық кәсіпкерлер әр уақытта еліміздің тұрақтылығын, соның ішінде экономикасының қарқынды дамуын, шағын және орта бизнестің кең қанат жаюын қолдап келді және әрі қарай да қолдай бермек. Елбасының жүргізіп келе жатқан сарабдал саясатының нәтижесінде Отанымыздың алдағы уақыттарда да алған бағытынан ауытқымай, тек нық қадаммен ілгері жылжи беретіні күмәнсіз.
Нұрлан ЕРІМБЕТОВ,
Қазақстан азаматтық Альянсының президенті:
– Елбасының Үндеуін үлкен қуанышпен қабылдадым. Жасыратыны жоқ, күткен үндеуім еді, үмітім ақталды. Байқағаным, менің достарым, ағайын-туыстарым, өзім жетекшілік ететін азаматтық қоғамның белсенділері – бәрі-бәрі осы үндеуді қолдады. Себебі, қазір көп жерде дағдарыстар, қақтығыстар орын алып жатыр. Бізге қазір тұрақтылық керек. Алдымызда тұрған үлкен жоспарларымызды аяғына дейін жеткізуіміз қажет.
Ал мұның елімізге Президент Нұрсұлтан Назарбаев басшылық жасаған жағдайда ғана жүзеге асуы ықтимал екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан азаматтық қоғамның өкілдері де, барша қазақстандықтар секілді, Нұрсұлтан Әбішұлының үстіміздегі жылдың 26 сәуіріне белгіленген президенттік сайлауға қатысқанын қалайды.