28 Ақпан, 2015

Қазақ елі – туған Отанымыз!

400 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

ЭМБЛЕМА ГОДАЫрыс алды – ынтымақ

1 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл толады

Парламент Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан корейлері қауымдастығы» РҚБ президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі ­­­Роман КИММЕН әңгіме – Қазақстан халқы Ассамблея­сының қоғамдағы рөлі туралы ойларыңызды ортаға салсаңыз. Ким Роман Ухенович1,1 (3х4)– Өзіңізге белгілі, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың 1995 жылы 1 наурыздағы Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Осындай ұйым құрудың қажеттігі және оның маңыздылығы туралы Елбасы 1992 жылы жас еліміздің Тәуелсіздік алғанына бір жыл толуына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында жария еткен еді. 1995 жылы әлем бойынша алғаш рет мұндай бірегей әрі ерекше ұйым құру – біздің Президенттің дана және болашақты болжай білетін шешімінің нәтижесі. Ол кезде халықтың өмір сүруінің өзі оңай болған жоқ. Зауыттар жабылып, жұмыссыздық белең алған тұс. Алатын жалақысы аз болған соң, білікті мамандар амалсыздан жаппай саудаға кетіп жатқан кез. Сол шақ қала тұрғындарына да, ауылдықтарға да қиын тиді. Сондай жағдайда осындай ұйым құру туралы шешім қабылдау – даналық. Қазір бізде тұрақтылық, бейбітшілік, келісім бар. Біз оған үйреніп кеткеніміз сондай, оны бағалауды ұмытып бара жатқан сияқтымыз. Өйткені, бейбітшілік пен келісім ауа сияқты, ойланбай жұта бересің немесе ол күн сияқты мәңгілік шуағын төгіп тұра береді деп ойлайсың. Алайда, қоғамды ұстап тұрған бейбітшілік пен келісім – өте нәзік «мате­риал». Сондықтан тұрақтылықты, бейбітшілік пен келісімді сақтап тұру үшін онымен күн сайын айналысуың керек. Ол өмір сүру үшін ең маңызды қажеттілік ретінде әр адамның жүрегінде, санасында болуы тиіс. Күнделікті тірлікте әуелі бейбітшілік пен келі­­сім болуы керек, содан кейін барып жуынуға, тамақ ішуіңе болады. Оны сақтауымыз, қорғауымыз керек. Мысалы, өзім он бес жылдан астам уақыт бойы Қазақстан корейлері қоғамдық ұйымының жетекшісі қызметін атқарып келемін. Бұл – тұрақты атқарылатын жұмыс. Біздің жұмысымыз мемлекеттік саясатты жүргізуге бағытталған. Елдің Конституциясына, Прези­денттің тапсырмаларына сәйкес және қабылданған негізгі бағдарлама бойынша жұмыстар жүргізіледі. Ең бастысы, елдің бірлігі сақталуына бар күш-жігерімізді саламыз. – Аталған ұйымның тағы қандай маңызды қырларын айтар едіңіз? – Ассамблея сияқты бірегей институттың құрылғаны елдің ішіндегі әрбір этностың бір-бірін құрметтеуіне, жақсы қарым-қатынас арқылы жақынырақ білуіне мүмкіндік жасады. Мысалы, мен барлық этномәдени бірлестіктердің жетекшілерін білемін. Көбі менің достарым, әріптестерім. 15-20 жылдай бірге жұмыс істеп келеміз. Ал егер Ассамблея болмаса, көз алдыңызға елестетіп көріңізші, біз қалай пікір алмасып, байланыс жасар едік? Өз әсерлерімізбен қалай бөлісер едік? Тәжірибемізбен бөлісу мүмкіндігі туа ма? Проблемаларды қалай шешер едік? Сонымен қатар, менімен бірге жұмыс істеп келе жатқан әріптестерімнің «ұлтаралық дау-жанжалдар болмауы үшін, сенімсіздік тумауы үшін осы елге қандай да бір пайдамыз тисе екен» деген бір-ақ ойы, бір-ақ мақсаты бар. Адамдар бір-бірін жауы деп емес, тек қана досы ретінде көргенін қалаймыз. Әрине, түсінбестіктер туып қалуы мүмкін, пікір қайшылығы болуы ықтимал, түйінді мәселелер болуы да ғажап емес. Міне, соның бәрін бір үстелдің басында отырып, ақылдасып шешуге мүмкіндік бар. Біз де адамбыз, біз де осы қоғамда өмір сүреміз, біздің де тұрмыстық проблемаларымыз бар. Тіпті, әртүрлі ұлттың өкілдері бір жерлерде тіл табыса алмай, ұрысып, төбелесіп қалуы мүмкін. Сондайда ұйым жетекшілері кездесіп, өзара ортақ шешімге келеміз. «Тамшыдан теңіз құралады» дегендей, ұлт өкілдері арасында жасалып жатқан оң істер біздің достығымызды, бейбітшілік пен тұрақтылықты қалыптастырады. Бұл – күн сайын назар аударуыңды қажет ететін жұмыс. Қазір Ассамблеяның оң істері туралы жиі жазылып жатыр. Алайда, кейбір адамдар оң істерді көргісі келмейді. Кейбіреулерге бәрі жақсы болса да, ұнамайды. Жаман болса, ол да ұнамайды. Дегенмен, салмақты ой айтуымыз керек қой. Жақсы дүниені көрсеткеніміз жөн. Жақсы бастаманың кемшіліктерін іздеп, әуреге түспегеніміз абзал. Тіпті, үлгілі отбасында да бір кемшіліктер болады емес пе? «Ұлттық мәдени бірлестіктерді ұстауға қанша қаражат кетеді?» деп те жатады. Ал біздің қоғамдық ұйымдарды ұстауға ешкім де қаражат төлемейді. Біздің ұйымдар өз отандастарымыздың қаражаты есебінен жарна төлеу арқылы, сондай-ақ, демеушілердің көмегімен қаржыландырылады. Дегенмен, біз ұлттық салт-дәстүрімізді, мәде­ние­­­­тіміз бен тілімізді сақтауға бағытталған барлық шараларды ұйымдастырамыз. Соның бәрі біздің достығымызды нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар, саламатты өмір салтын ұстану мақсатында денсаулық сақтау, спорттық іс-шараларды да өткізіп тұрамыз. Біз – Қазақстан азаматымыз, бұл – біздің Отанымыз. Сондықтан мұнда тек қана өмір сүріп қоймай, елімізге пайдамызды тигізгіміз келеді. Өзімнің негізгі жұмысымнан бөлек, қоғамдық жұмыспен де айналысып отырмын. Мысалы, қазір соғыс қақтығыстары жүріп жатқан елдер бар. Олар бір күнде бейбітшілік пен келісімде өмір сүруге көше қалғысы келеді. Ол мүмкін емес! Ертегіде ғана мүмкін болатын шығар. Осындай бейбіт жағдайға қол жеткізу үшін біздің Президенттің бастамасымен іске асып келе жатқан ұлттар арасындағы достық пен келісім үлгісі керек. Бұдан әрі де келісімде өмір сүру үшін жұмысты жалғастыра беру қажет. Міне, біз бүгін Ассамблеяның бейбітшілік пен келісім бағдар­ламасын жүзеге асырдық деп мақ­танышпен айта аламыз. Соның қорытындысы – елдегі тұрақ­ты­лық. Біз мұнымен тоқтап қалмай, әрі қарай дамыта беруіміз керек. Бізде күн бар, жарық бар, су бар, жұмыс бар, еңбекақы бар, тек қана жұмыс істеу керек. Ең бас­тысы, бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатырмыз. Бізге балала­ры­мыз бен немерелеріміздің бола­ша­ғы үшін алаңдаудың қажеті жоқ. – Көптеген өзге ұлт өкілдері «Қазақстан – менің екінші отаным» деп жатады. Сіз қалай ойлайсыз? – Жалпы, мен ҚХА Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов бір басқосуда атап көрсеткендей, «екінші Отаным» деген тіркесті ендігі жерде қолданыстан алып тастар едім. Мысалы, «екінші Отаным» деп бұдан жиырма, отыз жыл бұрын айтқандар болды. Әрине, Қиыр Шығыстан осында қоныс аударылған ата-аналарымыз үшін екінші Отан саналған шығар. Алайда, мен осы елде өмір сүріп жатқан үшінші ұрпақпын, балаларым – төртінші буын. Ал енді келіп Қазақстанды екінші Отанымыз десек, мүлдем қате болар еді. Қазақ елі – туған Отанымыз! Оған ешқандай «екінші», «негізгі» дегендей сөздерді жалғаудың қажеті жоқ. Өз анаң сияқты, ол біреу болады ғой! Бірінші, екінші, сүйікті деп бөлмейсің, өз анаң әрдайымда бірінші және сүйікті болады емес пе?! – Небір ұлттардың өкілдері осы жерде өмір сүріп қана қоймай, өз бақыттарын да осы жерден тапты десек, қателеспейміз ғой? – Адам өмірінде тұрмыстық, денсаулық жағдайына байланысты қиындықтар кездеседі, бірақ оның бәрі еңсеруге болатын қиындықтар. «Мен Қазақстанда тұрғандықтан бақыттымын» десем, қате болар еді. Бәрі де адамның өзіне байланыс­ты. Адам миллиардер болғанмен, бақытсыз болуы мүмкін. Немесе бір адамда дүние-мүлкі жоқ болуы мүмкін, бірақ үлкен отбасы бар, бала-шағасы, немерелерімен өзін бақытты санайтын шығар. Адамның өмір сүруі үшін лайықты жағдай жасалған Қазақстан сияқты елде тұрып жатқанымыздың өзі – бақыт. Президент «Қазақстан-2050» Стратегиясында ең жайлы, қолайлы елде өмір сүретінімізді айтты емес пе? Ендеше, қақтығыстар жоқ, қолайлы жағдай жасалған елде өмір сүру – барлық адам үшін бақыт. Егер қабырғаның арғы жағында соғыс жүріп жатса, өзім аулаға шығуға қорқып отырсам, маған миллиондаған ақшаның немесе озық заманның мықты автокөлігінің, қымбат жиһазды зәулім үйдің керегі бар ма?! Сондықтан, бейбіт өмірдің әрбір шуақты күнін бағалай білейік. Әңгімелескен Айбатыр СЕЙТАҚ, журналист. АСТАНА.