Жайылымдық алқапты тиімді пайдалану
– мал шаруашылығын дамытудың басты бағыттарының бірі
Нарықтық жағдайда мал шаруашылығы саласын дамыту үшін, бірінші кезекте, жемшөп қорын тұрақты жолға қойып және оны нығайтуды негізге ала отырып, мал шаруашылығын интенсивті әдіспен жүргізуге қолайлы жағдай жасау қажет. Бұл бағытта жайылымдық алқаптарды ұтымды пайдалану жолдарын нақтылап, малды неғұрлым өзіндік құны төмен, әрі жоғары сападағы жемшөппен қамтамасыз ету керек. Сондай-ақ, ең бастысы – малдың пайдалы заттарға бай, жеңіл сіңірілетін табиғи жайылымдарға қол жеткізудің амалдарын ғылыми тұрғыдан және заң шеңберінде реттелетін жағдайда қалыптастыру қажет.
Өкінішке қарай, біздердің тиімді пайдаланбай және жаңаша дамытпай отырғанымыз – табиғаттың бізге берген байлығы, тарихи сынақтан өткен дәстүрлі мал шаруашылығы саласы. Іс жүзінде, қолда бар 188 миллион гектар жайылымдық алқаптың 43 пайызы немесе 80 миллион гектары мал жаюға қолданылып отыр, бұл жерлердің көбі ауыл маңына жақын орналасқан, ал кейбір жайылымдық жерлер белгісіз себептермен тиімсіз пайдаланылуда.
Негізінде, төрт түлік малдың басым көпшілігі ауыл маңына жақын аумақтарда ұсталады және бұл жерлердің басым бөлігі іс жүзінде бүлінген әрі тозған. Себебі, 20 миллионнан астам мал басы, оның ішінде халықтың жеке ауласындағы және шаруа (фермерлік) қожалықтарының меншігіндегі малдар осы жерде жайылады, тиісінше, бұл аймақтағы малдың тығыздығы қолданыстағы нормативтен бірнеше есе жоғары.
Керісінше, шаруашылықтарды жекешелендіру кезінде ауылдан шалғай жатқан жайылымдар АҚ-тардың, ЖШС-лердің меншігіне өтіп кетсе, олар қазіргі кезде не өздері мал шаруашылығымен айналыспайды, ал малмен айналысатын шаруашылықтар мен қосалқы шаруашылықтарға пайдалануға шектеу қойып келеді. Неге десеңіздер, мұндай кедергілер заң шеңберінде нақты реттелмегендіктен қалыптасып отыр. Осыған байланысты кейбір аймақтарда жайылым жетіспеушілігінің күрделеніп бара жатқанын көріп жүрміз. Ал еліміз бойынша, жоғарыда айтқандай, жайылымның жартысынан көбі пайдаланылмай жатыр.
Мұның бәрі жайылымдық ресурстарды пайдалану мен бөлуге, оларды басқаруға қатысты заңнамалық нормалардың жетілдірілмегендігінен, сондай-ақ, қолданыстағы құқықтық кедергілердің салдарынан орын алуда. Сондықтан, жайылымдық ресурстарды ұтымды және тұрақты басқару туралы мәселелер бүгінде аса өзекті болып отыр. Бұл туралы Елбасы өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясында отандық мал шаруашылығын бұрыннан қалыптасқан тарихи дәстүрлерді және жаңа ғылыми-техникалық басқаруды ескере отыра қайта жандандыру керек екенін атап өткен болатын.
Елімізде ауыл шаруашылығы аясындағы жер қатынастары, негізінен Қазақстан Республикасының Жер кодексімен және «Шаруа немесе фермер қожалықтарының қызметі туралы» Заңмен реттеледі. Дегенмен, жоғарыда аталған нормативтік-құқықтық актілер жайылым ресурстарын басқару және ұтымды пайдалану саласында туындайтын кең ауқымды мәселелерді жеткілікті деңгейде реттей алмайды. Сондықтан жайылымдық алқапты құқықтық реттеудің шектеулігіне байланысты, ауыл тұрғындарын жайылыммен қамтамасыз ету бүгінде өзекті проблемаға айналған.
Осыған байланысты жайылым пайдаланушылар мен жайылым меншіктерінің арасындағы құқықтық қатынастарды реттеуді қарастыру мақсатында жеке жайылым туралы заң қабылдаудың қажеттігі туындап отыр. Осы себепті Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің бір топ депутаты, мал шаруашылығы саласын дамытуды нығайту және жақсарту үшін, ел табиғатының байлығын тиімді де ұтымды пайдалануды реттейтін құқықтық аспектілер көрсетілген жайылым алқаптары туралы заң жобасын әзірлеуде.
Ең бірінші, заң жобасында бұрын құқықтық алаңда анықталмаған жайылым алқаптарын реттейтін уәкілетті органды анықтау туралы норма Үкіметке жүктелген. Іс жүзінде аса үлкен аумақтағы жайылымдық алқаптар керекті деңгейде толық көлемінде реттелмеген және заң жүзінде басқару жүйесі жетілдірілмеген болатын.
Одан басқа, заң жобасында әр өңірдің табиғи жағдайларын ескере отырып, олар әр деңгейде болғандықтан, өңірлер бойынша ауыл шаруашылығы малдарын ұстап-бағудың шектегі нормативтерін бекіту құқығын уәкілетті органның меншігіне беру қарастырылған. Мұндай норманы енгізудің нәтижесінде ауыл маңына жақын орналасқан жайылымдық жерлерге малдың тығыздығынан түсетін салмақ айтарлықтай азаяды және жайылымдық жерлердің бүлінуінің, тозуының және нашарлап кетуінің алдын алуға болады.
Сондай-ақ, заң жобасында жайылымды тиімді пайдалануға, жергілікті өзін өзі басқарудың құқықтарын кеңейтуге бағытталған түзетулер қарастырылған, дәлірек айтқанда, тиісті өңірлерде жайылымды басқарған және бөлген кездерде тиімді пайдалану, ауылдық елді мекендердің, аудандық маңызы бар қалалардың шекараларына жақын орналасқан жайылымдық жерлерді анықтау, жайылым пайдаланушыларға жер бөлу туралы ұсыныстар дайындау, сондай-ақ, жайылымды пайдалану мен басқару туралы жоспарды дайындау көзделген.
Бұл нормалар жайылым пайдаланушылар мен жайылым алқаптарының меншіктері арасындағы жайылымдық учаскелерді бөлісу кезіндегі ауыл тұрғындарының көкейінде жүрген сұрақтарына қатысты атқарушы органдарға, неғұрлым демократиялық шешімдер қабылдау үшін халықтың ықпал етуіне жағдай туғызады. Ал осы арада атап көрсететін бір жайт – бүгінге дейін барлық жайылым пайдаланушылардың, жайылымды бөлу туралы проблемалық мәселелері ауыл тұрғындарының тікелей қатысуынсыз шешіліп келді. Нарық заманында өзіңнің жеке шаруашылығыңды жалғыз дамыту, тәжірибе көрсетіп отырғанындай, бүгінде мүмкін емес.
Осы мәселені шешу үшін заң жобасында халықтың жеке ауласында, шаруа (фермер) қожалықтарында тұрған ауыл шаруашылығы малдарын кооперациялау арқылы тиісті әкiмшiлiк-аумақтық құрылым бірлігіне жататын ауыл шаруашылығы малдары иелерінің мүддесін қорғау мақсатында жайылым пайдаланушыларды біріктіру нормасы қарастырылған. Заң жүзінде елімізде басқа қорларға ауысып кеткен жайылымдық жерлер баршылық. Олардың ішінде 8,4 миллион гектар жайылым орман қорына жататын жердің құрамында және 3,0 миллион гектар жайылым ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрамында, сондай-ақ, 97,8 мың гектар жайылым су қорына жататын жердің құрамына өтіп кеткен.
Ал бұл жерлерді реттейтін нормалар болмағандықтан, малды жаюға пайдалануға беру жағдайлары қарастырылмаған.
Осыған байланысты Су және Орман кодекстеріне және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңға тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізу көзделіп отыр, оның ішінде орман, су қорларының жеріне және ерекше қорғалатын табиғи аумақтың құрамындағы жерге кіретін жайылымдар жеке және заңды тұлғаларға мал жаю үшін берілуі тиіс болмақ. Сондай-ақ, заң жобасына сәйкес, облыстың аудандары арасындағы және облыстар арасындағы шалғай жайылымдық учаскелерді пайдалану және бөлу тәртібі бөлек бап арқылы реттелетін болады. Сол сияқты, шалғай жайылымдықтың инфрақұрылымын жақсарту үшін жергілікті атқарушы және жергілікті өзін өзі басқару органдарының уәкілеттілігі кеңейтілген.
Тұтастай алғанда, заң жобасын қабылдау оң бағаланатын бірқатар әлеуметтік, экономикалық және экологиялық нәтижелерге әкеледі:
біріншіден, халықты сапалы әрі арзан мал өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді;
екіншіден, ет экспортының әлеуетін арттырады;
үшіншіден, жеке қосалқы шаруашылықтарды және шалғайдағы мал шаруашылығын дамытуға, мал басын арттыруға, жемшөп қорын дайындауға, сондай-ақ, экологиялық тұрғыдан таза мал шаруашылығы өнімінің өзіндік құнын төмендетуге жағдай жасайды.
Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ,
Мәжіліс депутаты,
экономика ғылымдарының кандидаты.
Дағдарыс орталықтарында проблемалар бар
Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы Заңға сәйкес, бүгінгі таңда елімізде психологиялық және физикалық жәбірлеу қатерін төндіретін қолайсыз отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар себебінен ауыр өмірлік жағдайға тап болған азаматтардың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық шаралар кешенін жүзеге асыру мақсатында он Дағдарыс орталығы жұмыс істеуде. Тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан өмірлік қиын жағдайға ұшыраған әйелдер мен олардың кәмелетке толмаған балаларына мемлекет тарапынан кешенді әлеуметтік-оңалту көмегін көрсету Дағдарыс орталықтары қызметінің негізгі мақсаты болып табылады. Сонымен қатар, қазіргі таңда Дағдарыс орталықтарының жұмыс істеуі бойынша стандарттар, регламент, ережелер және өзге де ұйымдастыру шаралары жоқтың қасы. Осы орайда, олар өз қызмет ерекшеліктерінде көмек сұраған жандарға субъектілік өзгешеліктер мен қажеттіліктерді көздемейтін медициналық-әлеуметтік мекемелердің арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну тәртібін басшылыққа алуға мәжбүр. Мысалы, жүкті әйелдерге және емізетін баласы бар әйелдерге арналған тамақтану, жаңа туған балаларды гигиеналық жабдықтармен қамтамасыз ету нормалары және тағы да басқалар. Міндетті норматив кешендерінің жоқтығы салдарынан Дағдарыс орталықтары көптеген проблемаларға тап болады. Мәселен, көп жағдайда көмек сұраған азаматтардың куәландыратын құжаттары болмайды, тұрғылықты жері бойынша тіркелмейді, сондай-ақ, құжаттарды қайта қалпына келтіру, жұмысқа орналастыру, мектепке дейінгі білім беру, медициналық ұйымдарға орналастыру бойынша шаралар кешенін және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің кепілдендірілген көлемін ұсыну кезінде қиын жағдайға әкелетін қолайсыз материалдық, физикалық, психологиялық-эмоциялық жағдайлар кездеседі. Осыған орай Үкімет өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға мемлекет тарапынан барынша толық және уақтылы көмек көрсету мақсатында стандарттарды әзірлеуді жеделдетсе, сонымен қатар, әлеуметтік қорғау, жұмысқа орналастыру, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, білім беру салалары бойынша мемлекеттік органдардың құзыреті мен үйлесімділігін реттейтін қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізсе, көмекке мұқтаж адамдар үшін үлкен сауапты іс атқарар еді. Майра АЙСИНА, Мәжіліс депутаты.Қазақстанда кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалған
Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінде өткен Сейітсұлтан Әйімбетовтің жетекшілігіндегі кеңейтілген отырыста «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде орта және шағын кәсіпкерлік субъектілерін қолдаудың мемлекеттік шаралары» тақырыбы талқыланды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. Басқосуда Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев баяндама жасады. «Сіздерге «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау көрсетудің болашағы және нәтижелері туралы баяндауға рұқсат етіңіздер. Бүгін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы кәсіпкерлер арасында танымал және талап етілетін бағдарлама екені өздеріңізге белгілі. Бағдарлама аясында кәсіпкерлерді субсидиялауға және екінші деңгейлі банктердің несиелері бойынша оларға кепілдеме беруге, өздерінің жаңа бизнес бастамаларына грант алуына, жетпей тұрған инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салуына, сонымен қатар, оқуға, шетелдерде тағылымдама алуға, сервистік қолдау және мамандандырылған консалтинг арқылы біліктілігін арттыру түріндегі қолдау құралдарын алуға мүмкіндіктері бар», деді министр. Сондай-ақ, ол бағдарламаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен бұған дейін қаншама қаржы бөлінгенін, 2015 жылға 51,8 млрд. теңге және дағдарысқа қарсы шара ретінде ШОБ жобаларына инфрақұрылым салу үшін Ұлттық қордан 10 млрд. теңге бөлінгенін айтты. Сонымен қатар, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету арқылы қандай нәтижелерге қол жеткізілгенін жіліктеп берді. «Бүгінгі күнге бағдарлама аясында қолдаудың барлық шараларымен 230 442 кәсіпкер қамтылған, – деді ол. – Қолдау шараларын іске асыру нәтижесінде 237 мыңнан астам жұмыс орындары құрылды және сақталды. Бағдарлама аясында 2010 жылдан бастап оған қатысушы кәсіпкерлермен 174,4 млрд. теңге салық төленіп, 2 503,3 млрд. теңгеге өнім өндірілді. Жалпы айтсақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы тиімді, өйткені, жоспарланған көрсеткіштер бүгінгі күні орындалып отыр». Дегенмен, бағдарламаның қазіргіден де тиімді іске асырылуы әкімдіктердің іс-әрекеттеріне байланысты екені де атап көрсетілді. Сондай-ақ, министр бағдарламаны іске асыру тиімділігін арттыру және құралдар мен бизнесті мемлекеттік қолдау тетіктерін одан әрі жандандыру бойынша жұмыстарды министрлік уақтылы жүзеге асыратындығына сенім білдірді. Отырыста «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқармасының төрайымы Л.Ибрагимова, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары, басқарма мүшесі Н.Әлтаев, Мәжіліс депутаты А.Перуашев сөз сөйлеп, депутаттарды атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті. Комитет отырысына қатысқан кәсіпкерлер де сөз алып, «Қазақстанда бүгін жақсы жұмыс істемегенде қашан істейміз. Кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалып жатыр», – деп осы мүмкіндіктерді туғызуға басшылық жасап отырған Елбасына ризашылықтарын білдірді.Арнайы уәкілдің сапарлары
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов Мемлекет басшысының арнайы уәкілі ретінде Словак Республикасына сапармен барды. Сапар мақсаты 2017-2018 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын ілгерілету, сондай-ақ, екі ел арасындағы парламентаралық өзара әрекеттестіктің қазіргі жағдайы мен болашағын талқылау болды. Сапар шеңберінде Қ.Сұлтановтың Словакия Президенті Әкімшілігінің басшысы Ян Шотпен, осы ел Ұлттық Кеңесі төрағасының орынбасары Мирослав Чижбен және «Словакия – Қазақстан, Беларусь, Молдова, Армения, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Грузия» парламенттік достық тобының басшысы Роберт Мадеймен кездесулері болып өтті. Я.Шотпен болған сұхбат барысында Қ.Сұлтанов Словак Республикасының Президенті Андрей Кисканың атына 2016 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануында Қазақстанның ұсынымын қолдау жөніндегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауын табыс етті. Тараптар екіжақты қарым-қатынастардың саяси және экономикалық салаларда даму болашағын талқыға салды. Сонымен қатар, аймақтық және халықаралық саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұстанымдардың ұқсастығы атап көрсетіліп, екі мемлекет арасындағы әлеуетті ескере отырып, сауда және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру қажеттілігі баса айтылды. * * * Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов Мемлекет басшысының арнайы уәкілі ретінде Чех Республикасына да сапармен барды. Прага қаласына сапары шеңберінде қазақстандық депутаттың Чехия Президенті Милош Земанмен және Чехия Парламенті Депутаттар палатасы төрағасының орынбасары Войтех Филиппен кездесулері өтті. Қ.Сұлтанов М.Земанға Қазақстанның кандидатурасын 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне ілгерілету жөніндегі Елбасының Жолдауын тапсырып, чех тарапын аймақтық және халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, оның ішінде ядролық қаруды таратпау және қарусыздану салаларына қосқан Қазақстанның үлесімен қатар, көпжақты дипломатия саласындағы еліміздің белсенді қызметі туралы хабардар етті. Чехия Парламенті Депутаттар палатасы төрағасының орынбасарымен сұхбат барысында тараптар Қазақстан-Чехия парламентаралық қатынастарының тұрақтылығын және екі елдің парламенттік делегациясы өкілдері сапарларының жиілігін атап өтіп, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мүшелерінің Чех Республикасына сапарының дайындығын талқылады. Сәулебек БІРЖАН.Сенаттағы анықтамалық таныстырылым
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссар Басқармасының (БЖКБ) Астанадағы Өкілдігімен бірлесе әзірленген «Азаматтығы бар және азаматтығы жоқ адамдар» анықтамалығы таныстырылды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Анықтамалықтың мақсаты – халықаралық құқықтың, атап айтқанда, 1954 жылғы Апатридтер мәртебесі туралы конвенцияның қорғауында жүрген азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ, азаматтығы болмауының негізгі себептері туралы әңгімелеу. Тұсаукесерді аша келіп, Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков қазіргі кездегі азаматтық беру, бермеу және жоғалту жөніндегі халықаралық заңдар жүйесіне қарамастан, бүкіл әлемде миллиондаған адам азаматтығы болмай өмір сүруге мәжбүр екенін атап өтті. БҰҰ БЖКБ мәліметтері бойынша, бүкіл әлемде ең аз дегенде азаматтығы жоқ 10 миллиондай адам бар көрінеді. Азаматтығы болмау білім алуға, дәрігерлік қызметке, заңды жұмысқа орналасуға, еркін жүріп-тұруға қол жеткізе алмай, болашағы белгісіз, ертеңгі күнге деген сенімсіз өмір кешу дегенді білдіреді. Сонда да азаматтығы жоқтықтың және жаңа жағдайлардың пайда болуының алдын алу мәселелерін шешуде Орталық Азия елдері белсенді қызмет етіп келеді. Сондай мысалдардың бірі 2014 жылғы наурызда БҰҰ БЖКБ мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуын айтуға болады. Бұл елдегі адамдардың азаматтығы болмауының алдын алу жөніндегі Қазақстанның табысты қызметін қамтамасыз етуге арналған тығыз ынтымақтастыққа негіз болады. «Азаматтығы болмау мәселелерін шешу жөніндегі Қазақстанның жетістіктері халықаралық деңгейде мойындалды. Келесі қадам – азаматтығы болмаудың алдын алу, құқықтық реформалар арқылы оның пайда болуының түпкі себептерін жою», деп атап өтті БҰҰ БЖКБ Аймақтық өкілі және Орталық Азиядағы Аймақтық үйлестірушісі Бернард Дойль. Шараны қорытындылай келіп, Икрам Адырбеков қазіргі кезде бұл мәселені шешуде сапалы тұрғыда жаңа қадам қажеттігін атап өтті. Бұл адамдардың азаматтығы жоқ болуына қатысты мәселелерді шешудің тиімді әдістерін әзірлеу, яғни халықаралық құқықтардың қорытындысы мен әлемдік қоғамдастықтағы елдердің ұлттық заңнамаларындағы құқықтық алшақтықтарды жою болып табылады.Фотокүнделік
Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.
