Жамбыл мен Құлмамбет айтысының бізге белгілі негізгі үш нұсқасы бар. Алғашқы нұсқаны С.Сейфуллин 1931 жылы «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» атты фольклорлық жинақта жариялаған. Айтыстың жалпы көлемі – 221 жол. Ал ақын Ү.Кәрібаев тапсырған нұсқаның көлемі – 466 жол.
1946 жылғы академиялық томдықтағы нұсқа жоғарыдағы екі нұсқадан көлемдірек, яғни 482 жолды құрайды. Бұл нұсқа Жамбыл өлеңдерінің 1982, 1996, тағы басқа жылдардағы жинақтарында аздаған редакциялаумен басылғаны белгілі. Аталған үш айтысты мұқият салыстырып, байқалған біраз айырым-белгілерді саралап, ой қорытып көрген едік.
Бірінші – 1946 жылғы нұсқада Жамбылдың кезекті жауабында айтылып, байлығы сипатталатын Құдайменде, Құттықсейіт байларға қатысты тұстар қысқартылған. Аталған адамдар өз кезінде аса ірі, беделді жандар болғаны белгілі. Мұндағы Құттықсейіт – Жамбылды осы айтысқа қатыстырушы Құдайберген болыстың әкесі. Өз кезегінде Құлмамбеттің: «О, жазған, Албан бай ма, Дулат бай ма?» дей келіп, Қасқараудағы Өтеген, Өтегенұлы Нұрақан, Қанай, Сатыбалды, Естемес, Алмақ, Салмақ, т.б. байларды атап, олардың малын санамалап, көсіле жырлайтын тұсы Ү.Кәрібаев нұсқасында: «Ел байлығын қаптатсам» деп елге телініп, басқа кезекке ауысып кеткен.
Мысалы, 1931 жылғы нұсқада Жамбыл: «Ешнәрсе қанша айтқанмен айта алмайсың, Бұлтарып мен тұрғанда кете алмайсың. Құдайменде, Құттықсейіт жылқысының, Шетіне он күн жүрсең жете алмайсың», дейді.
1946 жылғы нұсқада Жамбыл: «Ешнәрсе қанша айтқанмен айта алмайсың, Бұлтарып мен тұрғанда кете алмайсың. Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, Ел бірлігін сақтаған татулықты айт...» деп ой түйген.
Ү.Кәрібаев нұсқасында ұлы жырау: «Менің де Құттықсейіт байым бар, Қайтетұғын ойың бар. Қалың байды қаптатсам, Болатын әлі-ақ тойың бар», деген екен.
Екінші – 1946 жылғы нұсқада Жамбылдың Ботбай руының батыры Сыпатай Әлібекұлын (1781-1868) жырлауы мағыналық, мазмұндық тұрғыдан өзге нұсқалардан оқшау тұр. Екі нұсқада Сыпатайдың көл-көсір байлығы кеңірек сипатталған. Ерлігі мен қайырымдылығына баса мән беріліп, «қайыры қарашаға сондай жақсы», «ерлігі мен жомарттығы елден асқан», «қайырымды ер» кейпінде көрсетеді.
Екінші нұсқада Жамбыл: «Олай десең барайын күнбатыста Сыпатайға, Айтпай оны кетпеймін тегі жайға. Жылқысының есебін адам білмес, Мәлім шығар жалғыз-ақ бір құдайға» дейді.
Осы жолдар 1946 жылғы нұсқада: «Барайын енді аяңдап Сыпатайға, Айтпай оны кетпеймін тегі жайға. Ұлы жүздің тірегі батырым ғой, Бір болмаған ығай мен сығайына. Қайыры қарашаға сондай жақсы, Қандырар сусындатып қант пен шайға», деп түйген. Бұл Ү.Кәрібаев нұсқасында: «Барайын енді аяңдап Сыпатайға, Бұл Жамбыл Сыпаны айтпай кетпес жайға. Қайыры қарашаға сондай жақсы, Қандырар сусындатып, қант пен шайға», деп келеді.
Үшінші – Жамбылдың 1946 жылғы шығармалар жинағының түсініктемесінде Медеу байдың есімін: «Бұл менің сөзім емес», деп алдырып тастағаны жазылады. Содан ба Медеу байдың айтыстағы ағыл-тегіл жырланатын дәулеті кімге тиесілі екендігі белгісіз боп қалған. Мәтінді үңіле оқысақ Қызылжар мен Семей, Ташкент пен Наманган, Әндіжан мен Марғұлан қалаларында қайнаған ірі сауда-саттық, базармен қазақ саудагерлерінің байланысы бұрынғыдай мал айырбасымен емес, ақшамен бағалап үйренуі, сол кездегі Алматының мәдени-әлеуметтік өмірі мен экономикалық жағдайының жақсара бастағанынан мол дерек береді. Жамбыл шығармаларының кейінгі басылымдары 1940 жылғы нұсқаға негізделгендіктен айтыстың осы бөлігі тәуелсіздікке дейін дерлік қайта басылмаған. Тек 1996 жылғы жинақты құрастырушылар онда айтқан мәнді мәліметтерді ескеріп, сирек қордағы Ү.Кәрібаев нұсқасын қосқан.
Мәселен, 1931 жылғы нұсқада Жамбыл: «...Алматыда барамын Медеу байға, Сондай байың бар ма еді бар еліңде? Алматыдай шәріңе, Он бес мың теңге төктіріп, Көк күмбез үйді салдырған...» дейді. Жырау 1946 жылғы нұсқада:
«Алматының шәһәрінде, «Көк күмбез» үйді салдырған, Қарасаң көзді талдырған. Арғы шетін айтайын..» десе, Ү.Кәрібаев нұсқасында: «Алматыда аяңдап, Медеу байға жетейін. Пар келмес сенің байың Медеу байға, Бұл Жамбыл Медеуді айтпай кетпес жайға», деген екен.
Төртінші – С.Сейфуллин нұсқасындағы Байсалбайдың аста-төк жырланатын байлығы 1946 жылғы нұсқалармен Ү.Кәрібаев нұсқаларында қысқарып қалған екен. Мысалы: «Екейде шыққан озып Байсалбай-ды, Жылқысы өңкей жорға тайпалмайды», – дей келе: «Аңырып әніме аңдар қалатұғын, (?) Өлеңді бүйтіп жыршы айта алмайтын (?)», деп шолақ қайырылып, байлыққа қатыссыз басқа арнаға ауысып кеткен.
Сол секілді 1931 жылғы нұсқадағы Байғабат, Байсерке, Асылбек, Оспан секілді ірі байлардың байлығы жырланатын тұстар айтыстың өзге екі нұсқасында мүлде жоқ.
Жамбыл мен Құлмамбет айтысының үш нұсқасын салыстыра келгенде, 1931 жылғы нұсқада кездесетін ру беделділерінің есімі 1946 жылғы нұсқада қысқарып қалғаны көзге айқын түседі. Осының салдарынан айтыстың ішкі сабақтастығы мен байланысы бұзылып, жүйесіздік, ретсіздік орын алған. Алғашқы нұсқа 1931 жылы Жамбылдың өз аузынан жазылып алынғандықтан, өзге нұсқалардағыдай айтушы, таратушылар қосқан басы артық баяндаулар байқалмайды және көлемінің шағындығымен ерекшеленеді. Жамбыл мен Құлмамбет айтысының 1931, 1940, 1946 жылғы жинақтарда басылған нұсқаларын кезінде профессор С. Садырбаев текстологиялық салыстыра, талдай келе кейінгі екі нұсқалардағы кейбір сөздердің қолдан өзгертілгеніне, бұрмаланғанына баса назар аударады. Сондай-ақ, зерттеуші 1931 жылғы нұсқаның қуатты поэтикасын, эстетикалық әрі мен нәрін атап көрсетеді.
Жамбыл мен Құлмамбет айтыстарының әрқилы нұсқаларынан байқалған айырмашылықтар мен қайшылықты қысқартулар – құрастырушылардың қоғамдық-саяси ахуалға бойсұнған шарасыздығы десек әділетті болады. Екінші тұстан ресми идеологияның Жамбылды тек бай-бағландар мен шенді-шекпенділерді сынап-мінеуші тұлға жасауға ұмтылған біржақты көзқарасының «жемісі» болуы бек мүмкін. Жыр алыбының төңкерістен бұрынғы шығармаларының, әсіресе, кең арналы айтыстарының «еске түскен» кейбір бөліктеріне терең қарап, мұқият текстологиялық тезден өткізу – күн тәртібіндегі келелі мәселе деп білеміз.
Меруерт САТЫНБЕК,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері.
АЛМАТЫ.
Жыр жолбарысы
Нәзікен АЛПАМЫСҚЫЗЫ.
Дара тұр
Дауылпаз жыр дабыл қаққан,
Өзегін қалың қазақ жалындатқан.
Қуат бар – Жамбыл сынды
Жыр алыбы,
Жау түгіл уақытты да мойындатқан.
Майтөбе өнер тұнған балуан қыр,
Сыйыпты ақындыққа алуан сыр.
Серпілген көкті тіліп
Жыр – жолбарыс
Бір ғасыр асып-тасқан
Керуен-жыр!
Батырлық
Ақындықпен өріліпті,
Тектілік
Сөз саптаудан көрініпті.
Көгімен тасқын шабыт шендескенде
Жарқылдап жасын жырлар төгіліпті.
Өр Жамбыл
Өртше лаулап шабыстарда,
Алдына жан салмаған ағыстарда
Дем беріп талай ақын, талай батыр
Алмаған бір ғасырда жарыс бар ма!
Дара ақын,
Дана халқым – дархандарым,
Лайықты бір-біріне жайсаңдарым,
Жыр Жамбыл
Қазақ рухын аспандатып
Мың жылдық даңқ сыйлаған
Бар мен бағым.