Бүгінде Елбасының пенитенциарлық жүйені дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін халықаралық үлгілерге сәйкес, сотталғандарды камералап ұстауға кезең-кезеңмен көшу жүргізіліп жатыр. Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Жанат Кешубаев осы мәселеге қатысты біраз жайды журналистерге баяндап берді.
Жанат Қазбекұлы еліміздің 4 аймағында, атап айтсақ, Астана, Қарағанды қаласында сондай-ақ, Оңтүстік және Солтүстік Қазақстан облыстарында заманауи талапқа сай түзеу мекемесін салу жоспарланып отырғандығы жөнінде ойларымен бөлісіп, тиісті сауалдарға жауап берді. Елдегі түзеу мекемелері өткен ғасырдың 30-70-жылдарында салынған барақ үлгілес ғимараттар мен құрылыстар болып табылады, онда сотталғандар 50-60 адамнан бірге ұсталады. Сондықтан да бүгінде осы аталған өңірлерде тиісті мекемелерді салу қажеттілігі туындап отыр. Осы мақсатта жергілікті әкімдіктерге қажетті құжаттар ұсынылды, олар арнайы жер де бөліп берді. Соған орай әлгі тиесілі жерге халықаралық талаптарға сай түзеу мекемесін салу үшін бұл мәселе инвесторлардың назарына ұсынылған көрінеді. «Қалай болған жағдайда да, дербес түрмелер салу туралы сөз қозғалған емес. Мен бұл мәселеге әдейі назар аудартып отырмын. Өйткені, жекелеген бұқаралық ақпарат құралдарында: «Қазақстанда жекеменшік түрмелер салынбақ», деген ақпараттар тарап кетті. Бүгінгі таңда жекеменшік түрмелер ұстау туралы сөз қозғалып отырған жоқ», – деп кесіп айтты Жанат Кешубаев. Ол одан әрі: «Ең алдымен түзеу мекемелерінің типтік тұрғыдағы жобасы да өзгереді. Яғни, қамау камераларының көлемі мен ол жердегі тұтқындар санының сәйкестенуі, арнайы дәретхана мен асхана, жуыну бөлмелерінің орналасуы бәрі-бәрі халықаралық талапқа сай болуы қатаң қадағаланады. Бұл Қазақстандағы түзеу мекемелерінің ісін жүргізуге қатысты мемлекеттік-жекеменшік серіктестік үлгісіндегі алғаш қолға алынып жатқан жоба», – деді.
Қазақстанның қылмыстық атқару жүйесі үшін мемлекеттік жеке серіктестік түрі барынша оңтайлы болып отыр. «Алдын ала іріктеп алынған модель мынадай: түзеу мекемесін салу және пайдалануға беру. Біріншіден, жеке инвестор келісімшартқа сәйкес өз қаржысы есебінен түзеу мекемесін салады. Екіншіден, құрылыс жұмыстары аяқталған соң аталған нысан толықтай дайын күйінде мемлекетке тапсырылса, үшіншіден, мемлекет жазаланғандарды қабылдау, мекеме ішіндегі сотталушыларды қадағалау, сонымен қоса, түзеу мекемесінің төңірегін күзету қызметін толық көлемде жүзеге асырады.
Бұл ретте инвесторға келісімшартқа сәйкес инвестициялық шығындары кезең-кезеңімен қайтарылатын болады екен. Және де аталған нысанда келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін өндірістік-шаруашылық қызметтерді жүзеге асыруын жалғастыра береді. Өйткені инвесторға тәуекелдерсіз кепілдендірілген жоба барынша тиімді болмақ. Ол түзеу мекемесі базасында бәсекеге қабілетті өнім шығарады, жаңа өндіріс орындарын ашады, өндірістік алаңдарды бергені үшін жалдау ақысын алады, өндірілетін өнім мемлекеттік тапсырысқа ие болады. Яғни, жасалған келісімшарт негізінде киім-кешек, төсек жабындылары сынды бұйымдарды жеткізіп тұруға мүмкіндік алады екен. Оған қоса жаңа қалыптар бойынша қамалғандар бір және екі орындық камераларда ұсталады. Бұл жағдайда әлеуметтік талаптар да ескерілген. Мысалы, мүгедектер үшін әр режімдік блокта арнайы үй-жайлар жабдықталатын болады. Сөз соңында Жанат Қазбекұлы мемлекет үшін басты табыс сотталғандарды қамау үрдісі халықаралық үлгілерге сәйкестендірілуінде – екендігін баса айтты.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
журналист.