– Елші мырза, осы аптада Кения Президенті Уильям Руто елордада екі күндік мемлекеттік сапармен болады. Осы ретте Қазақстанның Кениямен, жалпы, Африкамен ынтымақтастығы туралы айтып берсеңіз.
– Ең алдымен Қазақстанның Африка елдерімен жан-жақты және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға барынша мүдделілік танытатынын және осы бағытта жұмыс істеп келе жатқанын атап өткім келеді. Африканың бүгінде сауда және экономикалық әлеуеті жылдам дамып келе жатыр. БҰҰ мәліметіне сүйенсек, 2050 жылға қарай әлем халқының 25%-ы (2,5 млрд-тан аса адам) Африкада шоғырланып, тұтыну нарығының жалпы көлемі 16 трлн долларды құрамақ. 2021 жылы күшіне енген Континенттік еркін сауда өңірі туралы келісім қазіргі уақытта 1,3 млрд африкалықты жалпы ІЖӨ ауқымы 3,4 трлн долларды құрайтын экономикалық блокқа біріктіріп отыр. Ал әлемдегі минералды қордың 30%-ы – Африкада. Оның ішінде қазіргі заманғы өнеркәсіп пен жоғары технологияларды дамытуға қажетті маңыздылары да бар.
Африка елдері де Қазақстанға саяси және экономикалық тұрақтылығы, жаһандық деңгейде өзін ұстамды таныта білуі, қандай да бір қақтығысқа тартылмауы, сондай-ақ энергетика, азық-түлік, ғылым-білім және инвестициялық әлеуеті, мемлекеттік басқару жүйесінің жоғары рейтингі арқасында қызығушылық танытып отыр. Қазақстанның 2017–2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне, сондай-ақ ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуші ел ретінде сайлануында Африка елдерінің қолдауы шешуші рөл атқарғанын айта кеткеніміз жөн. Сондай-ақ Кения еліміздің 2039–2040 жылдар аралығында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлану кандидатурасын қолдады.
Континент елдерімен ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мақсатында былтыр қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси, құқықтық, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени және гуманитарлық сипаттағы іс-шаралар кешенін көздейтін «2025–2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы мен Африка елдері арасындағы ынтымақтастықты дамытудың тұжырымдамалық тәсілдері мен іс-қимыл жоспарын» бекітті. Сонымен қатар Мемлекет басшысының шақыруымен 2024–2025 жылдары бірнеше африкалық мемлекеттер басшыларының біздің елге сапарлары ұйымдастырылып, нәтижесінде, ынтымақтастықты дамыту бойынша маңызды екіжақты құжаттарға қол қойылды.
– Осы орайда Кениямен әріптестікті нығайтудың артықшылықтарына тоқтала кетсеңіз.
– Кения – 1993 жылы біздің елмен бірінші болып дипломатиялық байланыс орнатқан африкалық елдердің бірі. 2023 жылы 20 қыркүйекте дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай екі ел көшбасшылары Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында алғаш рет кездесіп, Уильям Рутоны елімізге сапармен келуге шақырды.
Кения – бүгінде Африканың қарқынды дамып келе жатқан елдерінің бірі. Момбаса және Ламу теңіз порттары экспорт аясын кеңейтіп, еліміздің Шығыс және Орталық Африка нарықтарына шығуына мүмкіндік ашатын стратегиялық маңызға ие. Сонымен қатар Кениямен ынтымақтастықты кеңейту мақсатында былтыр 27 маусымда Найробиде еліміздің Кения Республикасындағы Елшілігі ашылды.
Қазақстан мен Кения орта державалар ретінде маңызды халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша ұқсас тәсілдерді ұстанатынын атап өткен жөн. Кения біздің ел сияқты БҰҰ-ның қағидаттары мен халықаралық құқыққа негізделген көпжақты тәртіпті жақтап, Ұйымның жаһандық қауіпсіздік пен тұрақты даму мәселелерін шешуде орталық рөл атқарады. Мұхитқа тікелей шыға алмайтын әлемдегі ең үлкен ел ре-тінде Қазақстан жаңа көлік дәліздерін құруға аса мүдделі. Бұл ретте Кения біздің ел үшін Шығыс Африка өңіріне апаратын «қақпа» болып отыр. Ел аумағында орналасқан Шығыс Африкадағы ең ірі Момбаса теңіз порты төңірегіндегі ынтымақтастық елімізге Орталық Азия мен Африканы байланыстыратын жаңа логистикалық тізбектерді құруға мүмкіндік береді.
– Бүгінде екі елдің арасындағы алыс-берісі қай бағытта дамып келеді?
– Қазақстан Кенияны өз өнімдері үшін болашағы жарқын нарық ретінде қарастырады. Себебі астық, тыңайтқыштар, металл өнімдері, мұнай химиясы және өзге де өнімдер Африка нарығында жоғары сұранысқа ие. Ал Қазақстан, өз кезегінде, жоғары сапалы кениялық шай, кофе және гүлдерді тікелей алып отыр.
Сонымен қатар Кения қаржы технологиялары мен мобильді төлемдерді дамыту тұрғысынан Африкадағы көшбасшы позицияға ие. Яғни Африканың «технологиялық хабы» («Кремний Саваннасы») болып, бұл стартаптар мен киберқауіпсіздік саласында өзара тәжірибе алмасу үшін тамаша мүмкіндік береді. Осылайша, электрондық үкімет және финтех саласындағы отандық IT шешімдер (Kaspi, e-Gov) Кенияда үлкен қызығушылық тудыруы әбден мүмкін.
Сауданы ілгерілету мақсатында У.Рутоның елімізге сапары барысында 70-тен аса кениялық бизнесменнің қатысуымен бизнес-форум өтеді. Бұл екі елдің бизнес қауымдастықтары арасында тікелей байланыс орнатуға және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді.
Әлемдік тұрақсыздық жағдайында мемлекетіміз үшін өз одақтастарының шеңберін кеңейтудің маңызы зор. Осы ретте Африка мен жаһандық деңгейде де ықпалды ойыншы саналатын Кениямен арадағы ынтымақтастық еліміздің халықаралық аренада ұлттық мүдделерін ілгерілетуге өз көмегін тигізбек.
– Барлыбай Кәрімұлы, Кенияда жаңа технологиялар қаншалықты дамыған және біз ол бағытта қандай салаларда ынтымақтаса аламыз?
– Кенияны халықаралық қауымдастық технологиялық тұрғыдан дамыған ел деп мойындайды. Сол себепті де елді «Кремний Саваннасы» деп атайды. Сондай-ақ Президент У.Рутоның көздеген басымдықтарының бірі цифрлық экономиканы дамыту болғандықтан, инновациялық секторда қазірдің өзінде
1 млн-нан аса адам жұмыспен қамтылған. Кенияның бұл саладағы жетістіктері мақтауға тұрарлық. Мәселен, Найробиде Google мен Microsoft компанияларының кампустары тұрақтап, ал «Cisco «компаниясы өзінің Country Digital Acceleration бағдарламасын іске қосты, Африкадағы алғашқы Киберқауіпсіздік бойынша оқыту және тәжірибе орталығын ашты. Сондай-ақ M-Pesa мобильді қаржы жүйесін әзірлеп, енгізді. Өткен жылдың соңына қарай мобильді ақшаның ену деңгейі 93%-ды құрады. Кенияның e-Citizen платформасы біздегі eGov платформасына ұқсас. Бұдан бөлек, бүгінде Кенияда ірі инфрақұрылымдық жобаларға назар аударылып отыр. Найробиден 60 шақырым жерде салынып жатқан ақылды қала және технологиялық парк – Конза Технополисі біздің «Alatau city» қаласымен өте ұқсас. Сонымен қатар бұл ел 5G желілерін белсенді түрде енгізіп жатыр.
Екі ел арасындағы сауда айналымы былтыр 52,2 млн долларды құрап, бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда (42,4 млн доллар) 23,3%-ға жоғары болды. Сондай-ақ дата орталықтарын жаңартылатын энергия көздерімен (геотермалдық энергия) қуаттандыруда көшбасшы орынға көтеріліп, бұл Microsoft және Google сияқты алыптарды елге тартуға ықпал етіп отыр. Ауыл шаруашылығы секторы экономикасының негізі болғандықтан, IT жобалар да осы салаға белсенді түрде енгізіліп жатыр. Кения ғарыш агенттігі 2023 жылы өзінің алғашқы «Taifa1» жер серігін орбитаға ұшырды. Сонымен қатар келесі жылы атом электр стансасының құрылысын бастап, оны 2034 жылы іске қосуды жоспарлап отыр.
– Кения климаттың өзгеруімен күресуге және биоәртүрлілікті сақтауға ерекше назар аударып отырған ел екені белгілі. Осы ретте Кенияның қоршаған ортаны қорғау саясатын және осы саладағы елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың келешегіне тоқталсаңыз.
– Кения Африкада «жасыл көшбасшы» ел саналады. Яғни әлемдегі ең таза энергия жүйелерінің біріне ие, оның электр энергиясының 90%-дан астамы жаңартылатын көздерден (геотермалдық, жел және күн) өндіріледі. Бұл ел 2030 жылға қарай қуат өндірісін 100% жасыл энергетикаға көшіруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар 2032 жылға қарай 15 млрд ағаш отырғызу бойынша ұлттық бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Бұл – еліміздегі 2 млрд ағаш отырғызу бастамасымен үндес жоба.
Биыл Кения көміртегі нарығы туралы жаңа заңнаманы әзірлеуді аяқтап, экожүйелерді қорғау үшін ғылымды, бизнесті және қауымдастықтарды біріктіретін Ұлттық биоәртүрлілікті үйлестіру механизмін енгізді. Сондай-ақ осы жылы пілдер санының 36 мыңға жеткені жарияланып, бұл браконьерлікке қарсы ондаған жылдар бойы жұмсалған күш-жігердің нәтижесінің жемісті болғанын көрсетті.
Кения БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру туралы Қазақстанның бастамасын оң бағалаған алғашқы африкалық елдердің бірі және біз Найробимен экология және жалпы су мәселелері саласында тығыз ынтымақтастық орнатуға ниеттіміз. Сонымен қатар Кениямен қоршаған орта мәселелері бойынша ынтымақтастық бізге тәжірибе алмасуға ғана емес, сонымен қатар БҰҰ-ның халықаралық форумдарында біртұтас фронт ұсынуға, дамушы елдер үшін әділ климаттық қаржыландырудағы ортақ мүдделерімізді ілгерілетуге мүмкіндік береді.
– Кения әлемге сафарилерімен әйгілі. Соған байланысты бұл елде туризм жоғары деңгейде дамығанын білеміз. Жалпы, ол жаққа турист ретінде қанша отандасымыз барады және оларды онда не қызықтырады?
– Шынында да, Кения өзінің табиғатымен және жануарларымен, сондай-ақ тамаша қызмет көрсету деңгейімен бүкіл әлемнен туристер тартып отыр. Мұнда сирек кездесетін жануарлар мен экзотикалық өсімдіктердің мекені болып отырған 40-тан аса ұлттық саябақ пен қорық бар. Үнді мұхитының жағалауында әдемі жағажайлары, флора мен фаунаға бай суасты әлемі бар көптеген қонақүй орналасқан.
Статистикаға сүйенсек, Кенияға турист ретінде келетін отандастарымыз көп емес. Дегенмен елге келушілер санының арту үрдісі байқалады. Сапар барысында елдеріміздің туризм министрліктері арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою жоспарланған. Бұл келешекте туризмді кеңейту жобаларын жүзеге асыруға серпін бермек. Жалпы, Кения ресми делегациясының сапары бұл елмен ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашатынына және біздің қарым-қатынасымыздың жоғары деңгейге көтерілетініне сенімдімін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Жасұлан СЕЙІЛХАН,