18 Тамыз, 2015

Күрделі өмірдің көркем көрінісі

807 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
карибай5туралы туындылар жазған қаламгер Кәрібай Ахметбеков туралы бір үзік сыр Белгілі жазушы Кәрібай Ахметбеков өмірден өткелі он жыл болды. Осы уақыт ішінде оның шығармаларының негізгілері төрт томға жинақталып басылып, оқырман қолына тиді. Бірінші кітабына – «Қасірет», екіншісіне – «Ақдала» романдары, үшінші-төртінші томдарына – «Егіз қала», «Сый орамал» атты хикаяттары мен әңгімелері енген. Қаламгердің шығармашылығы жайындағы мақалалар мен қалам­дастарының, туыстарының, достарының естеліктерінен құрас­тырып, Орынкүл Ахметбек келіні «Кәдірі бөлек Кәрағаң. Кәрібай Ахметбеков туралы» атты жинақ шығарды. Жазушының екінші рухани ғұмырындағы осынау маңызды оқиғалар хақында баспасөзде пікірлер айтылып, жазушының бейнесі мен туын­дылары оқырман санасында жаңғыртылып жүр. Осы еңбектерді көріп оқығанда біз, Кәрекеңнің оқырмандары оны, оның шығармашылық қызметін тағы бір еске алуды жөн көрдік. Кәрібай Ахметбеков екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында дүниеге келді. Ағалары қан майданға, әкесі еңбек армиясына аттанып, әпкесі мен аналары тылда белдерін жазбай жұмыс істеген кездерде қос сәби – тете ағасы екеуі ұзақты күн талай «үй қамағын» бастан кешкен. Сосын әкесі әлдебір қиырда сүйменмен тас бұзып, кен қазып, соғыс мұқтажын қамтамасыз еткен ауыр еңбек майданынан келді. Шайқас далаларынан бір ағасы қайтпады, екінші ағасы сонау совет-фин соғысының, одан совет-герман соғысының қанды шайқастарын кешіп, фашистерді жеңгеннен кейін бір-ақ оралды. Содан соң ес білу, есею, мектеп бітіріп, қойшы таяғын ұстау, одан жоғары білім алып, еңбекке араласу кезеңдері сабақтаса жалғасып жатты. Саналы ғұмырын Кәрібай Ахметбекұлы қазіргі аға ұрпақпен бірге, бүгінде тоталитарлық дәуір деп аталатын қасаң кезеңде өткізді. Яғни Кәрекең де, сол кездің иланымымен айтқанда, коммунистік қоғам құрып жатқан заманда өмір сүрді, тиісінше, жарқын болашақ орнату жолында ел қатарлы адал еңбек етті. Қаламының қай­ра­ты­мен сол жолдағы кемшілік­терден арылуға үндеді. Халық шаруа­шылығындағы бұрмалауларды, табиғаттың бұзылуына апара жатқан қиғаштықтарды дәл ажыратып, дабыл қақты. Қай мәселені болмасын әр кез терең зерттеп, сындарлы көсемсөз тілімен жұртшылық назарына ұсынды. Сөйтіп, ел мен жерге төніп келе жатқан жаһандық проблеманың оң шешімін табуына атсалысуды көздеді. Әлеуметтік-тұрмыстық тыныс-тіршілікке көркем зерттеу жүргізді, өмір түйткілдерінің астарын ашты. Түптеп келгенде, адамзаттың бақыт туралы ұғымына толық жауап бере алатын коммунистік қоғам хақында жазушылар ХІХ ғасырда-ақ қиялдай бастағаны мәлім. Мәселен, романдарын өте жеңіл, тез жазатын Жорж Санд коммунизмді армандады, өмір қаталдықтарынан өтіп, өлмес туындылар берген Джек Лондон тәтті қиял жетегімен социалистік партия қатарында болып көрді. Алайда, олардың заманында коммунизм арман қоғам болатын. Оны орнатудың нақты қадамы біздің ел де құрамында болған империяда ХХ ғасырда жасалды. Бірақ бұл қатал, қатыгез, қасіреті мол, бастапқы мақсатынан бұр­маланған қанды тәжірибе түрін­де көрініс тапты. Мұны шығармашылық түйсігімен танып-біліп жүрген жазушы Кәрібай Ахметбеков демократияның алғашқы лебі есе бастағаннан-ақ жаңа тұрпатта кестеленетін көлемді көркем полотно жасауға отырды. Билеуші партия әуелі жариялылық саясатын жария етіп, артынша қайта құру саясатын көтерген ұрандарымен елімізде демократиялық жаңаруларға жол ашқаны мәлім. Осы шақты Кәрекең «Қасірет» романын жазуға батыл пайдаланған еді. Оның аталмыш шығармасы сол кезеңде, биліктегі партияның қайта құру саясаты жүзеге асырыла бастаған жылдары жазылып, республикамыз тәуелсіздігін жариялағанға дейін-ақ жарық көрген болатын. Бұл коммунистік қоғам құ­ру ұранымен адам құқықтарын аяқ­асты еткен солақай бастықтар мен белсенділердің келеңсіз іс-әрекеттері салдарынан халық тартқан қиын-қыстау ауыр тір­шілікті, зобалаң жылдары бастан кешкен қайғы-қасіретті және бертінгі, тоқырау деп таңбаланған кезеңдегі өмір көріністерін арқау еткен күрделі туынды еді. Онда қазіргі заманғы тыныс-тіршіліктің бел ортасында жүрген, ауылдан шығып, қалаға келген, бірақ туып-өскен топырағынан қол үзбеген бас кейіпкерлерінің өмір жолдарын, сондай-ақ олардың ата-аналарының кешкен ғұмырын шегіністер жасап суреттеу арқылы кеңестік саясат жабық тақырыпқа айналдырған белестер ақиқаты ашылады. Әйгілі 32-ші жылғы ашаршылық пен 37-ші жылғы жазықсыз жазалаулардың адам тағдырын қалай ойыншық еткені әңгіме болады. Ел басынан кешкен зауалды кезеңдер мен оның соңын ала келген соғыс кезіндегі тіршілік ащы шындығымен бейнеленеді. Жазықсыз халық жауы атанған, сол қауіпті атақтың жамалуы салдарынан тіпті жер қойнына жақындарын да жасырын беруге мәжбүр еткен ахуалдан өткен, сондай-ақ дүлей ашаршылық апатынан әзер аман қалған кейіпкерлердің тақсіретті тағдырлары оқырман алдына бүкпесіз тартылады. Роман жаңа заманда жасалған ірі көлемдегі тонаушылықты – түн жамылып келген бірнеше алып жүк машинасының жайлаудағы шопан киіз үйін жандарымен қоса ауыр дөңгелектерімен тапап өтіп, отардағы күллі малды тиеп әкетуін жүзеге асырған қанды қылмыс суретімен аяқталады. Бұл құдды түбегейлі жаңа өзгеріс алдындағы қоғамда кішкентай адамдарға төніп келе жатқан зауал ұсқынын бейнелейтін, алдағы қатер хақында барлығымызға жасалған ескертпе іспетті сурет. Одан арғы оқиғалардың қа­лай өрбі­генін романның келесі кітаптарынан оқысақ деген ынтызарлық оянады... Осынау тақырыбы өте ау­қым­ды «Қасірет» романының құры­лымы қарапайым да күрделі. Романды құраған бес тарау – бес баян телегей теңізге құятын көптеген өзендердің бір парасы ғана секілденеді. Айдын шалқарға қарай аққан көп судың басқалары тәрізді өзге де тараулар – туынды бедерін айқындай түсетін жаңа баяндар – романның кезекті кітаптарын құрайтынына шәк келтірмейсіз. Жалпы, шығармада қолданылған әдеби тәсіл – қазіргі заман мен артта қалған қайғылы кезеңдерді сабақтастыра отырып суреттеудің, сондай-ақ оқиғаның малшы ауылына жасалған қарақ­шылықпен тәмамдалуының өзі туындының жалғасы бар екенін меңзейді. Бірақ автор романның өзге бөлімдерін жазып үлгермеді. Әуелде, ыңғайы, аздап тыныс алып, шапшаң өзгеріп жатқан қоғамдық құрылыстың даму барысын, ықтимал кейіпкерлерінің сондай ахуал тұсындағы іс-әрекетінің аужайын зерделей түсуді мұрат етсе керек. Олай дейтініміз... ойда жоқта ұшырасқан жеке басының трагедиясы (оның ержетіп, жауапты қызмет атқара бастаған үлкен ұлы жол апатынан қаза тапқан еді) шығармашылық жоспарларын еріксіз кейінге ысырды. Қоғам мүддесін тереңнен қоз­ғау үлгісін жазушы Кәрібай Ахмет­бекұлы кеңес заманында-ақ өзінің қала мен ауыл адамдарының қилы тыныс-тіршілігінен жазған әңгіме-повестерінде, әсіресе, 70-ші жылдары «Ақдала», «Алқакөл» атты екі кітап болып жарық көрген роман-дилогиясында көрсеткен болатын. Бұл шығармалар уақытында жақсы бағаланды. Екі бөлімді «Ақдала» романы болып қайта басылды. Орысшаға аударылып жарияланды. Туындының көркемдік ізденістеріне әдебиеттанушылар тарапынан жіті назар аударылып, кәсіби тұрғыда талданды. Автордың басшы қызметте жүрген коммунист бейнесін жасаудағы шығармашылық жетістігі Кеңес Одағының бас қоғамдық-саяси және әдеби газеттерінде атап айтылды, мадақталды. Романның бас кейіпкері боп табылатын аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы бейнесі сәтті сомдалғанына сүйсініспен көңіл бөлінді. Ол нағыз ел қамын ойлаған, жас та болса кемел ой түйе алатын, әділ де адал, жігерлі басшы түрінде бейнеленді. Осы заманауи қайраткердің айнала­сында романның сюжеті де өрбиді. Кешегі социалистік деп аталатын дәуірді тәрк еткен қазіргі заманда социализмнің жетекші күші болған партия ұйымдарына да, олардың басшыларына да, тіпті коммунист атаулыға да немқұрайды қарау үйреншікті жайтқа айналды. Алайда, есті ересек ұрпақтың басым көпшілігі біледі, уақытында елімізде «заманымыздың ақыл-ойы, ар-ожданы» аталған билеуші саяси ұйымға деген көзқарас мүлдем басқаша еді. Заманына қарай амалы шығар, дегенмен мына ақиқатқа мән берген жөн: қалайық, қаламайық, өткен ғасырдағы ел өмірі негізінен солардың жетек­шілігімен өтті. Жетпіс-сексен жыл бойғы күллі тыныс-тіршілік, сана-сезім өрісінде солар қатыспаған қалтарыс жоқтың қасы. Өйткені олар, «ертегіні шындыққа айналдыру» үшін жандарын салған революция­шыл аға ұрпақтың жалғасы екендіктерін мақтан тұтатын коммунистер, жалпақ елдің барша тіршілік көзін, даму барысын, ағу арнасын қолдарында ұстап тұрған. «Ақдала» рома­нының бас қаһарманы да сондай жандар қатарынан екені дау туғыз­байды. Ол мал шаруашылығы аймағындағы аудандық партия комитетінің басшысы ретінде, сол кезде тек біздің ел ғана емес, барша социалистік лагерь пір тұтқан көсем айтқандай, бұқараның көңіл-күйін, оның шынайы мұқ­таж­дықтарын, ой-жүйелерінің көкжиектерін кез келген сәтте, кез келген мәселе бойынша ай­қын­дай білетін, жолдастық қа­рым-қатынас танытуы арқылы олардың өзіне сенім артуларына қол жеткізген қайраткер боп шыңдалған. Және бұл ойдан шығарылған образ емес-тін, сонау тоқырау таңбасы басылған қасаң заманда ел қамын жейтін ондай қайраткерлер шынымен де болған. Автор романында өзі өмірде кездестірген, еңбек жолын қадағалап зерттеген сондай азаматтардың жиынтық бейнесін жасаған еді. Бұдан автор коммунистерді идеалдандырды деп ұғу қате­лескендік болар едік, өйткені қалтасына партия билетін салып жүріп-ақ түрлі келеңсіз істер жасай беретін оның мүшелері де жазушының көркем зерттеуінен тыс қалмаған. Коммунистер арасында жоғарыға жалған ақпар беретін, белгілі бір мақсатпен мал басын, төл санын қосып жазатын, қайткенде көзге түсу жолында көзбояушылыққа салынатын басшы жетіп-артылатын. Шығармадан көрсеткіштерді асырып көрсетуге машықтанып, даңғаза салтанатқа құмарлық көрсететін коммунист басшылар бейнесін де, сон­дай жәдігөйліктерге қарсы шы­ғамын деп, жаза алып жүрген, қызметі төмендеген коммунист басшылар бейнесін де көресіз. Коммунистік идеология үстем заманда нағыз азаматтық қасиетімен баурап алатын аупарткомның бірінші хатшысы Кәрекеңнің сомдауында күнделікті күйбең, шаруашылықтағы қат-қабат мәсе­лелерге малтығып қалмай, пара­саттылығын таныта білетін, ел-жұртының тағдыры толғандырған, жер-су тепе-теңдігін ойсыз тірліктерімен бұзып, экологиялық зардаптарға ұрындырған ахуалды, топырағы эрозияға ұшыраған туған жерді көріп қиналған, алдын, болашағын ойлайтын басшы боп шыққан. Сол қасиеттерімен, тарих қойнауына кеткен тоталитарлық кезеңдегі шынайы өмір суреттері ортасындағы жанды бейнесімен біздің де замандасымыз сияқты әсер береді. Тек аталған кең тынысты романдарында ғана емес, барша өзге хикаяттары мен әңгімелерінде де Кәрібай Ахметбекұлы ХХ ғасыр­дағы тыныс-тіршілік шындық­тарын өмірдің өзінен ойып алған да, шұрайлы тілмен кестелеп, бо­яуы түрлі-түсті ұмытылмас көрі­­ністер ортасындағы қилы мінез­ді адамдардың көркем әле­мін жасаған. Бүгінде тоқырау деп бағаланған, коммунистік қасаңдықтың ұлт мүддесіне тигіз­ген залалын ауызға алуға болмайтын заманда Кәрекең оқырманға «Көкбөрі» хикаятымен астарлы сыр шертті. Алыстағы батыс майдандарында шайқасып, фашизмді жеңіп оралған аға ұрпақ өмірі жайында «Жеңіс сарбазы», бейбіт өмір орнағаннан кейін қазақ жастарының ел астанасына келіп, үй алмақ түгіл, тіркеуге тұруы мұң болған заманда үйсіз-күйсіз бастан кешкен қиындықтары жөнінде «Қатардағы адам», малды ауыл тіршілігінің қызық-шыжығы жайында «Көк жасыл газик» хикаят­тары, тағы да басқа хикаяттары мен әңгімелері оқырман алдына алуан мінез-құлықты кейіпкерлері бар қайталанбас көркем әлем суреттерін тартады. Жалпы, Кәрібай Ахметбекұлы қаламынан туған туындылар ке­ңес заманындағы өміріміздің шы­найы келбетін бедерлеуімен, бүгін­гі күні де мәнін жоймаған заманалық проблемаларды көтер­уі­мен, кеңестік өмір салтына бай­­­ла­ныс­ты өзгеріске ұшыраған адам пси­хо­логиясын көрсетуімен, қысқасы, тарихқа айналған кезең­нің саяси, эко­номикалық, әлеу­меттік, тұрмыстық портретін кес­те­леуімен құнды. Оның бізге қал­дыр­ған көркем әлемін өз дәре­жесінде тануды біз әзірге жүзе­ге асыра алмай отырмыз. Бұл, ша­масы, ғылыми-зерттеу меке­ме­лерінің, сыншылардың, маман әде­биетшілердің алдағы уақыт­тарда жүйелі түрде атқару­лары тиіс жұмыстарының бірі болар. Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, жазушы. Алматы.