Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың төрағалығымен өткен Комиссияның кешегі отырысында 2015 жылғы 26 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру мен өткізуге қатысты төрт қаулы қабылданды.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия құру туралы шешім қабылданды және оның құрамы бекітілді. Комиссия құрамында филология ғылымдарының докторлары Мырзатай Жолдасбеков (төраға), Сейіт Қасқабасов, Фаузия Оразбаева, Дихан Қамзабекұлы және Гүлтас Құрманбай бар. Комиссия мүшелерінің барлығы қазақ тілі мен қазақ әдебиетінің білгір мамандары.
ОСК мүшесі Ләззат Сүлейменнің атап өтуінше, Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау рәсімі еш өзгерген жоқ, ол 2005 жылғы 31 тамыздағы «Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау рәсімі туралы» Ортсайлаукомның қаулысымен айқындалады.
Отырыста, сондай-ақ, Ортсайлауком Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидатты қолдайтын сайлаушылардың дұрыс қолдарының саны кемінде 93 мың 012 қолды құрауы тиістігін белгіледі. Қолдарды жинауды сенім білдірген адамдар ұйымдастырады. Қолдарды жинайтын топтардың саны мен мөлшері шектелмейді. Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясы қол қою парақтарын беру және Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидатты қолдап жиналған қолдардың растығын тексеру мерзімдерін қысқарту туралы шешім қабылдады. Қол қою парақтарын Ортсайлауком кандидаттың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкестігі тексерілгеннен кейін екі күнтізбелік күн ішінде береді. Бұған дейін бұл рәсімге бес күн жұмсалатын. Ал аумақтық сайлау комиссияларының кандидатты қолдап жиналған қолдардың растығын тексеру мерзімі күнтізбелік он күннен бес күнге дейін қысқартылды.
Отырыста аталып өтілгендей, Ортсайлауком 2015 жылғы 26 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу туралы куәлігі болған жағдайда, сайлауды байқауды жүзеге асыруға құқылы екенін белгіледі. Бұл ретте халықаралық байқаушыға, сондай-ақ шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өкіліне жеке басын куәландыратын құжаты болған жағдайда, бір аудармашы ілесіп жүре алады. Аталған қаулымен халықаралық байқаушы сауалдамасының мәтіні бекітіліп, халықаралық байқаушыларды аккредиттеу 2015 жылғы 20 сәуірде аяқталатыны белгіленді.
Отырысы аяқталған соң, Орталық сайлау комиссиясының бұқаралық ақпарат құралдарымен тиімді өзара іс-қимыл жасауын, оның қызметінің және сайлау үдерісінің барлық кезеңдерінің ашықтығын арттыруды, сондай-ақ, елдің сайлау заңнамасының ережелерін көпшілікке тарату мен түсіндіруде маңызды рөл атқаруды қамтамасыз етуге негізделген баспасөз орталығы ашылды. Орталық сайлау комиссиясының баспасөз хатшысы Венера Жексембекова хабардар еткендей, баспасөз орталығында журналистердің жұмыс істеп, ақпарат алуларына барлық жағдай жасалған. Интернет, факс, телефон, тағы басқа да құралдармен жабдықталған.
Баспасөз орталығының алғашқы қонағы Лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков болды. «Біз кезектен тыс президенттік сайлаудың алдында тұрмыз. Президенттік сайлаудың өтуін саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар, еңбек ұжымдары, студенттер мен оқытушылар қолдады, – деді ол. – Еліміздің Конституциясында көрсетілгендей, президенттіктен үміткерлер бірқатар талаптарға сай болуы керек. Олар бірнеше сынақтан өтеді. Соның бірі – болашақ президент мемлекеттік тілді еркін меңгеруі тиіс. Ал Комиссия тиісті заңнамалар шеңберінде жұмыс істейтін болады».
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
сурет: http://qamshy.kz