Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев облысқа келген жұмыс сапары барысында кәсіптік-техникалық кадрларды дайындау бойынша Ұлттық кеңестің селекторлық отырысын өткізді. Жиынға орталық және жергілікті атқарушы органдардың, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, білім беру мекемелерінің, ұлттық компаниялардың, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты. Отырысқа қатысушылар дуалды білім беру жүйесін енгізу, колледждерді ірі компаниялардың басқаруына беру, сондай-ақ еңбек нарығының кадрларға деген сұранысын болжау мәселелерін қызу талқылады.
Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов дуалды оқыту жүйесін дамытуға қазір мемлекет көңіл бөліп отырғанын айтты. Ал өздеріне қажет кадрларды дайындауға бизнес құрылымдардың ықыласы аздығын алға тартты. Білім және ғылым министрі мәлімдегендей, қазіргі уақытта дуалды оқыту жүйесі еліміздегі 3225 кәсіпорын мен 280 колледждің ынтымақтастығы аясында енгізілуде. Бірақ соған қарамастан, өңірлерде әлі де болса жүйелі жұмыстар жүргізу қажеттігін атап өтті. Бұның негізгі себебі жұмыс істейтін өнеркәсіп кәсіпорындарда колледж шәкірттерін өндіріске жіберу үшін қажетті база жоқ. Мұндай жағдайда оқу орындарында немесе ресурс орталықтарында өндірістік ортаға оларды бейімдеу және іс жүзіндегі тәжірибелік жұмыстарды кәсіпорындар алаңдарына біртіндеп көшумен дуалды білім берудің бейімделген әдістерін енгізген дұрыс, деп атап өтті ол.
Еліміз 2050 жылы әлемнің ең озық 30 елінің қатарына енуі қажет. Бұл белесті бағындыру үшін ең алдымен, білімді де білікті кадрлар қажет болады. Бұл мақсатқа жету үшін Елбасы елімізде дуалды оқыту жүйесін енгізуді тапсырды. Дуалды оқыту жүйесі дегеніміз – оқушыны оқу орны мен өндірісте қатар оқыту. Яғни, болашақ маман өндірісте өз білімін іс-тәжірибе ретінде сынап көре алады. Алайда, еліміздегі кәсіптік-техникалық колледждердің тек 8 пайызы ғана дуалды жүйе бойынша білім береді екен.
Бұл мәселеге қатысты Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев өз ойын білдірді. Оның айтуынша, колледждердің оқыту үдерісі кей кезде кәсіпорындардың талап-үдесінен шықпай жатады. Жалпы, кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық жоқ емес. Мәселен, былтырғы жылы 13 мың маман дайындауға 666 өтініш түскен.
– Жалпы, 2014 жылы кәсіби-техникалық мамандарды дайындауға мемлекет тарапынан 96 млрд. теңге қаржы бөлінген. Қаржыландыру жыл өткен сайын өсіп отырады. Тек жергілікті биліктегілер, бұл жұмысты қатаң бақылауға алу керек, – деді Бердібек Сапарбаев.
Б.Сапарбаев Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында елімізде «Нұрлы Жол» және индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларын жүзеге асыру үшін 35 мыңға дейін жас маманды, оның ішінде, 18 мың кәсіптік-техникалық білімі бар маманды тарту жоспарланғанын айтты. Вице-премьер мемлекеттің дуалды білім беруді дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіп жатқанын, ал, бұл жаңашылдықтан қоғам нақты нәтижелер күтетінін айтып өтті.
«Колледждерді компаниялардың сенімді басқаруына беру мысалдары бар, бірақ олар жеткіліксіз. Елбасының тапсырмаларына сәйкес оқу орындарының бейінін сақтаудың міндетті шартымен бұл үдерісті жеделдету қажет. Мемлекет бизнес үшін барынша қолайлы жағдай жасауда және бизнес те қызығушылық пен әлеуметтік жауапкершілік танытуы тиіс», деді Б.Сапарбаев.
Ал, облыс әкімі Қанат Бозымбаев облыстағы колледж түлектерінің 72 пайызы жұмысқа орналасуда, деп атап өтті. Өйткені, өндірісті өңірде ірілі-ұсақты кәсіпорындар көп. Мысалы, химиялық-техникалық колледж оқушылары бұл күндері мұнай-химия зауытында дуалды жүйе бойынша білім алуда. Сол сияқты, «Қазақстан Алюминий» зауытына қарасты 7 лицейде де дуалды оқыту жүйесі жақсы жолға қойылған. Екібастұзда, Ақсудағы кәсіпорындар түгелдей осы жаңашыл жүйенің нәтижелерін көруде.
Жиынды қорытындылаған Вице-премьер дуалды білім беру жүйесін енгізудің, кәсіпорындарға арнап критерийлер дайындаудың нақты нәтижелеріне жетуге қатысты тиісті мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берді, олар колледждерді сенімді басқаруды, сондай-ақ экономика саласының нақты сұраныстарын ескере отырып, кадрлар даярлауды өз қолдарына алады.
Түстен кейін Б.Сапарбаев облыстағы білім беру, денсаулық сақтау мекемелері мен кәсіпорындарды аралады.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.