Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қ.Тұрғанқұловтың «Қазақстан Республикасындағы сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия» Республикалық қоғамдық бірлестігінің (СБРҚК) мүшелерімен кездесуі болды.
Кездесуге СБРҚК төрағасы Н. Ерімбетов, СБРҚК төрағасының орынбасары Ж.Құсманғалиева, СБРҚК штабының басшысы Н. Тілеукенов, ОСК-ның барлық мүшелері, сонымен қатар, СБРҚК мүшелері Ш.Лепсібаев, Ғ. Шалахметов қатысты.
Ортсайлауком басшысы кездесуге қатысушыларды Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу жөніндегі Орталық сайлау комиссиясының жұмысымен таныстырды. «Сайлауды байқау жөніндегі түрлі ұйымдармен және бірлестіктермен жан-жақты ынтымақтастық – біздің тұрақты тәжірибеміз. Халықаралық және отандық байқаушылардың сайлау процесінің барлық кезеңдеріне бақылауды жүзеге асыруға қатысуын сайлау науқанының жариялы және ашықтық ахуалын қамтамасыз етуге жәрдемдесу ретінде қарастырамыз. Азаматтардың электораттық белсенділігі мен сайлау институтына сенімін арттырудың басты тәсілі ретінде транспаренттік – тек Орталық сайлау комиссиясының ғана емес, сондай-ақ, сайлау процесінің барлық субъектілерінің, жалпы қоғамның басты міндеттерінің бірі», деп атап өтті Қ.Тұрғанқұлов.
СБРҚК төрағасы Ортсайлауком мүшелерімен сайлау процесінің барлық аспектілеріндегі ынтымақтастық тығыз және кәсіби болатынына сенім білдірді.
«Біз сайлау процесінің ашықтығы мен сайлаушылардың ерік білдіру бостандығын, сондай-ақ, кандидаттарға бәсекелі орта үшін тең шарттар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз ету бойынша көмек көрсетеміз», деді Н.Ерімбетов.
«Біз үшін СБРҚК сарапшыларының сайлау заңнамасын бұзушылықтарды қорытынды есепке жинамай, бізді заң бұзушылықтар туралы тікелей сайлау науқаны барысында жедел түрде ақпараттандыруы маңызды, бұл сайлау органдарына бұзушылықтарды тиімді және уақтылы жоюға және ұқсас бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді», деп атап өтті Қ.Тұрғанқұлов.
Кездесу соңында Ортсайлауком басшысы: «Өз тарапымнан сайлау органдары транспарентті және ашық сайлау өткізу үшін бар күштерін салатынын тағы да атап өткім келеді», деді.