28 Наурыз, 2015

Өз міндетіне адал «Менің Қазақстаным»

384 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ЭМБЛЕМА ГОДА«Менің Қазақстаным» пойызының ендігі бағыты Қостанай облысының Арқалық қаласы еді. Уақытында облыс орталығы болып, даңқы дүрілдеп тұрған қаланың кейін басынан бағы тайып, проблемасы мол шаһарға айналғанын көпшілік біледі. Сол қала кейінгі кезде еңсесін біраз тіктеп алған. Өндіріс орындары іске қосылған, жұртшылықты жұмыспен қамту мəселесі де жақсы жолға қойылған. Бір сөзбен айтқанда, қаланың өзі де əжептəуір ажарланып қалыпты. Арқалық ақжарылқап тілекпен қарсы алды Пойызды шашу шашып, əн-жырмен қарсы алған Арқалық жұрты жолаушыларға ізгі ниет­терін білдірді. Қала əкімі Ғазиз Бекмұхамедов мəртебелі меймандарды қарсы ала отырып, жұмыстарына табыс тіледі. – Құрметті қонақтар, сіздердің  басты  міндеттеріңіз – халықпен етене араласып, оның мұң-мұқ­та­жын, талап-тілегін ескеру. Үгіт пойызының бағдарламасы бойынша, дəрігерлер, министрлік өкіл­дері, Қазақстан халқы Ассам­блеясының мүшелері, Ұлттық кəсіпкерлер палатасының, «Даму» кəсіпкерлікті дамыту қорының, «Нұр Отан» партиясының өкілдері осы міндеттерін қалтқысыз орындап келеді. Сондай-ақ, отандық эстрада жұлдыздары да халыққа əн-шашуын тарту етуде. Сондықтан, «Менің Қазақстаным» пойызының келуі халқымыздың бірлігі бекем екенін тағы бір мəрте дəлелдеді, – деді əкім. Пойыз мүшелері Арқалық қала­сының тұрғындарын түрлі мəсе­лелер бойынша қабылдап, олардың сұрақтарына жан-жақты жауап берді. Сонымен қатар, делегация басшысы Ғазиз Телебаев жəне бір топ депутатпен ҚХА мүшелері қаладағы психоневрологиялық интернат-үйінде болып, ҚХА-ның «20 ізгі іс-шара» акциясы аясында ондағы жарымжан азаматтарға теледидар мен басқа да сыйлықтар тарту етті. Сол күні Арқалық қаласында Кəсіпкерлікті қолдау орталығы ашылды. Шара «Менің Қазақ­станым» пойызының Арқалық қаласына келуіне орай ұйым­дастырылды. «Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаев өзінің «Қа­зақстан- 2050 Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында 2030 жылы экономикамыздағы шағын жəне орта бизнестің үлесін 2 есе ұлғайту бойынша нақты міндет қойды. Осыған орай,  Ұлттық кəсіпкерлер палатасы Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе отырып, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстанның барлық облыстарында кəсіпкерлікті қолдаудың қолданыстағы жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізуде. Бүгінгі ашылып отырған орталық сол жұмыстың көрсеткіші», деп атап өтті Арқалық қаласы əкімінің орынбасары Ерлан Туынша. Ендігі жерде бұл орталықта тұрғындарға кəсіпкерлікті ашу жəне жүргізу бойынша барлық қызметтер мен кеңестер тегін көрсетілетін болады. Жалпы алғанда, «бір терезе» қағидасы бойынша 20 түрлі қызмет көрсетіледі. Кешқұрым «Менің Қазақстаным» пойызының өнерпаздары қала жұртшылығына концерттік бағдарлама тарту етті. Рудныйлықтардың көңіл-күйі көтеріңкі «Менің Қазақстаным» пойызы кеше таңертең Қостанай облысындағы Рудный қаласының вокзалына маңдай тіреді. Қала жұртшылығы қонақтарды көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Рудный қаласының əкімі Бақытжан Ғаязов митингіде сөз сөйлеп, «Менің Қазақстаным» пойызының қатысушыларының жұмыстарына табыс тіледі. Одан кейін «Менің Қазақстанымның» мамандары əр сала бойынша өздерінің міндеттерін атқаруға кірісті. Осы күні, əсіресе, Денсаулық сақтау жəне əлеуметтік даму министрлігі Ақпараттық-сараптамалық орталығы мониторинг жəне сараптама департаментінің директоры Рысты Жұмабекова басқарған топ өнімді жұмыс істеді. Рудный қаласы жұртшылығымен кездескен бұл топ мүшелері адамдардың көкейіндегі мəселелерге мүмкіндігінше нақты жауап беруге тырысты. «Біз жұртшылықты толғандырған сұрақтардың бəрін жазып алдық жəне бұл мəселелерді ертең тиісті орындардың назарына ұсынамыз», деді Р.Жұмабекова. «Менің Қазақстаным» пойызының жетекшісі Ғ.Телебаевтың басшылығындағы топ «Мерей» əлеуметтік жəрдем көрсету бойынша Рудный аумақтық орталығында болды. «ҚХА – 20 ізгі іс-шара!» акциясы аясында «Мерей» орталығына 150 мың теңге көлеміндегі жəрдем сертификатын табыс етті. «Менің Қазақстаным» пойызының мүшелері – дəрігерлер, заңгерлер, əлеуметтік сала қызметкерлері Рудный қаласында да өзінің міндеттерін абыроймен атқарды. Кешке қаланың орталық алаңында өнер қайраткерлері қала халқына үлкен концерттік бағдарламасын ұсынды. «Менің Қазақстаным» пойызы енді еліміздің батысына қарай бағыт алады. Шарафаддин ƏМІРОВ, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы.