Қоғам • Бүгін, 12:55

Қазақстанда балалардың қауіпсіздігіне 1,3 трлн теңге жұмсалады

2 мин
оқу үшін

Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясат қауіпсіздік, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау мәселелерін қамтитын кешенді тәсіл негізінде дамып келеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақстанда балалардың қауіпсіздігіне 1,3 трлн теңге жұмсалады

Фото: Ашық дереккөз

Осы бағыттағы негізгі құжаттардың бірі – Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы аясында әзірленген «Қазақстан балалары» 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы. Құжатта жалпы құны 1,3 триллион теңгені құрайтын 158 іс-шара көзделген. Тұжырымдаманың іске асырылу тиімділігі 10 негізгі көрсеткіш арқылы бағаланатын болады.

Тұжырымдаманың басты басымдықтарының бірі – балалар қауіпсіздігі жүйесін нығайту. Бұл ретте білім беру ұйымдарында және балалар тұратын ортада қауіп-қатердің алдын алуға ерекше назар аударылады. Жұмыс «Адал азамат» бағдарламасының қағидаттары мен «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүргізілмек.

Сонымен қатар балаларды қоғамдық маңызы бар жобаларға тарту маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Атап айтқанда, өскелең ұрпақтың жауапкершілігін арттыруға және белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасына қатысуына басымдық беріледі.

Бұл жұмыстардың нақты жалғасы ретінде балаларды қорғаудың халықаралық күні аясында «Бақытты балалық шақ» тақырыбымен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздің барлық өңірлерінде шығармашылық, спорттық және танымдық шаралар өткізіліп, олар отбасыларды қолдауға, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.

Мемлекеттік саясаттың тиімділігін бағалаудың негізгі құралдарының бірі – Балалардың әл-ауқат индексі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша оның республика бойынша орташа көрсеткіші 58,6 баллды құрады.

2026 жылдың сәуір айында индексті есептеу әдістемесі жаңартылып, бұл өңірлердегі жағдайды дәлірек бақылауға және қабылданып жатқан шаралардың нәтижелілігін жан-жақты бағалауға мүмкіндік берді.

Соңғы жаңалықтар