Зияткерлік қабілетімен төңірегін таңғалдырған сегіз жастағы өреннің бойындағы ерекше дарын ел назарын аудармай қоймайды. Оның тек есім-сойы ғана емес, математикаға, ғылымға деген құштарлығы да аттас тұлғаның болмысымен үндесіп жатқандай.
Кішкентай Әлімханның есте сақтау қабілеті тым ерте, небәрі екі жасында байқалған. Әкесі Дидар Әлімбековтің айтуынша, екі жасқа толғанда көшедегі көліктердің нөмірлерін жатқа айтып жүретін болған. Баланың бойындағы бұл ерекше зейінді, цифрларға деген тылсым тартылысты дер кезінде байқаған ата-анасы оның қабілетін дамытуға бірден ден қойып, жеңіл математикалық есептер мен логикалық тапсырмаларды үйрете бастайды. Нәтижесінде, Әлімхан мектеп табалдырығын аттамай тұрып-ақ, үш таңбалы сандарды қосып, азайтуды өздігінен меңгеріп алған. Бүгінде екі таңбалы сандарды ойша көбейтіп, бөлу калькулятор балаға ешқандай қиындық тудырмайды.
Сынып жетекшісі Риза Әбдуғали оның 1-сыныпқа келгендегі білімін ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың балалық шағына, алғырлығына ұқсатады. Себебі Әлімхан әліппені де, күрделі математикалық амалдарды да үйде әпкесі сабақ оқып жатқанда, тек құлақ түріп, тыңдау арқылы-ақ санасына тоқып алады.
«Баланың қабылдау деңгейі мен есте сақтау зердесінің кеңдігі соншалық, ол көрген-білгенін санасында бейне бір компьютер секілді сақтап, еш мүдірместен сартылдатып айтып береді», дейді ұстазы.
Әлімхан тек сандар әлемімен шектелмейді, оның таным көкжиегі өте кең. Мектеп бағдарламасында география пәні әлі басталмаса да, оның қызығушылығы тіптен ерекше, таңғаларлық деуге болады. Туған күніне немесе мерекелерге ойыншық емес, әлем картасы мен глобусты ғана сұрайды. Бүгінде бала Әлімхан әлемдегі барлық мойындалған мемлекеттердің туын жатқа біледі, елуден астам елдің астанасын мүдірмей айтады, мемлекеттерді жер көлемі бойынша үлкенінен кішісіне қарай реттілікпен тізіп шыға алады. Қазірде жер шарындағы халық санын, демографиялық көрсеткіштерді жаттаумен айналысып, елдердің өзіндік даму рейтингін құрастыру үстінде.
Әкесі Дидар баласының интернеттен тексерген әрбір географиялық немесе статистикалық фактісі әрдайым дәл, дұрыс шығатынын, кейде оның айтқандарынан үлкендердің өздері жаңа нәрсе үйреніп, таңғалатынын мақтанышпен жеткізді. Мектептегі үзіліс кезінде де Әлімхан қарап отырмайды, карталар толтырылған арнайы қорапшасын шығарып, сыныптастарымен зияткерлік ойындар ұйымдастырады, оларды жаңалық тануға, ғылымды сүюге баулиды.
Бұл ғажайып дарынның қанмен берілген қасиет екені де анық. Әлімханның атасы Ермек Әлімбеков өзінің анасы да кезінде белгілі математик болғанын, баланың әкесі Дидар да мектепте жүргенде жоғары сыныптың күрделі есептерін оңай шешетін зейінділігімен дараланғанын айтады. Ұлы Алаш қайраткерінің есімін немересіне ырымдап қойған екен.
Бүгінде кішкентай Әлімхан тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат сияқты зияткерлік ойындардың да хас шеберіне айналып үлгерді. Қазірдің өзінде шахматтан 4-разряд иегері, облыстық шахмат федерациясы кубогінің жеңімпазы, Зияткерлік модернизация аясындағы мектептердің 1–2 сынып оқушылары арасындағы жарыстың бас жүлдегері атанып үлгерді.
Қарағанды облысы