28 Наурыз, 2015

Батысқа еліктеу – батпаққа бату деген сөз

2230 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
28-03-15-szdikovКеше ел президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықов сайлауалды науқанның аясында Көкшетау қаласында бірқатар кездесулер өткізді. Ең бірінші кезекте кандидат «Көкше» академиясының студенттерімен кездесті. Кездесудің модераторы ҚКХП Ақмола облыстық комитетінің бірінші хатшысы Бейсенбай Мәжитов болды. Т.Сыздықов өз сөзінде батыс мәдениеті біздің жастарға теріс ықпал етіп отырғанын айтты. «Голливуд фильмдері мен батыстың компьютерлік ойындарында қатыгездік көріністер жиі орын алады. Батыс мәдениеті бүгінде зорлық-зомбылыққа толы. Олар өзін өзі жетілдіріп, дамытқысы келмейді. Батыстың тамақтану жүйесі, фаст-фуд пен түрлі генетикалық өзгеріске ұшыраған өнімдерді пайдалану денсаулыққа қауіп төндіреді. Мұның бәрі аз шығындалып, өздеріне мол табыс әкелу мақсатын көздеп отыр. Ал зиян­ды тамақтарды пайдалану алуан түрлі ауруларға әкеледі», деді президенттікке кандидат. Келесі кезекте Т.Сыздықов батыс елдері дұрыс тамақтанбай, саламатты өмір салтын ұстанбағанның салдарынан семіру және көптеген аурулар бойынша әлем елдері арасында көш бастап тұрғанын атап көрсетті. Кейін кандидат Т.Сыздықов «Көк­ше­тауминводы» ЖШС кәсіпорнының жұмысшыларымен кездесті. Бұл ша­раны ҚКХП Ақмола облыстық коми­тетінің бірінші хатшысы Бейсенбай Мә­житов ашты. Мұндағы кездесуде де президенттікке кандидат сөзін төмен­дегіше сабақтады: «Барлық компьютерлік ойындарда ерекше вирустар бар. Олар балалардың санасына терең сіңіп, жастарды бас­қын­шылыққа итермелейді. Біз батыс мәдениетінің ықпалын шектеуіміз керек. Шетелдер озбырлықты жаппай наси­хаттап жатыр. Бұл адамды ақыл-есінен, адамгершілігінен айырып, адам өмірін құнсыздандырады». Сөзінің соңында Т.Сыздықов былай деді: – Шетелдің киімі, музыкасы, фильмдері мен сериалдары жастардың сана-сезімін бұзады. Батыстың өмір стандарттары ондағы туу өсімінің төмендеуіне әкелді. Ол жақтың жас­тары өзіне жүктелген міндеттерді орындағысы жоқ. Тіпті, батыс елдерінің мультфильмдеріндегі кейіпкерлер бір-бірін балағаттап, өлтіріп жүрген жандар. Осындай батыстың өнімдері балаларды зорлық-зомбылыққа «тәрбиелейді». Голливуд стандарттары жаңа киім-кешектің, телефондардың, теледидардың өмірдегі мәнісі зор екеніне сендіреді. Адамның қарым-қатынасы құнсызданып қалды. Батыста адамдар бір-бірімен тілдесуден қалды. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». КӨКШЕТАУ.