28 Ақпан, 2015

Солтүстік Қазақстанда «Полиция барысы» анықталды

374 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
куресПЕТРОПАВЛ. 28 ақпан. Солтүстік Қазақстан облысындағы «Жеңіс» балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде өткен қазақ күресінен «Полиция барысы-2015» турнирі мәресіне жетті. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз орталығы хабарлады. Алғаш рет ұйымдастырылған жарыс Жеңістің 70 жылдығына арналды. Додаға облыс орталығынан, аудандардан, қылмыстық атқару жүйесі мен төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттерінен және мамандандырылған күзет басқармасынан келген 34 балуан қатысты. Шешуші белдесуде мамандандырылған күзет басқармасының кіші сержанты, грек-рим күресінен республикалық жарыстардың жеңімпазы Азат Шәукеров пен қылмыстық атқару жүйесінің өкілі Ержан Дәулетов күш сынасты. Нәтижесінде, Азат қарсыласын қапы қалдырып, облыстың «Полиция барысы» атанды. Үшінші орынға төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің қызметкері Ербатыр Аменкин ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, бірнеше аталымдар бойынша белсенді балуандарға сыйлықтар табыс етілді. Мамлюттік Мұрат Қожаев «Турнирдің ең қартаң қатысушысы» атанса, аққайындық Сансызбай Байзақов «Ең үздік шебер балуан», ал Нұржан Айтегешов «Жеңіске деген жігері үшін» аталымдарына ие болды. Облыстық ішкі істер департаментінің басшысы, генерал-майор Берік Біләлов қазақ күресінен өңірде алғаш спорт шебері атанған ардагер спортшы Бауыржан Құлжановқа  «Спорт қозғалысын дамытудағы сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін салтанатты түрде табыс етті. Өмір Есқали. Дерек: Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз орталығы. Сурет: prosportkz.kz.