28 Наурыз, 2015

Елдің ертеңі үшін дауыс береді

231 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
image descriptionКеше Қазақстан президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабы мүшелерінің ел өңірі бойынша үгіт-насихатының сапары басталды. Олардың бірінші кезекте Қарағанды облысына баруының символдық маңызы ерекше. Өйт­кені, Елбасының еңбек жолы тап осы өңірден бастау алған болатын. Делегация құрамында Респуб­лика­лық қоғамдық штабтың жетек­шісі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қазақ­стан Патриоттар партиясының төра­ғасы Ғани Қасымов, «Ақ жол» демо­кратиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, «Бірлік» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали, «Ата­мекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов, Қазақстан халқы Ас­самблеясы Төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков, мемлекет қайраткері Оралбай Әбдікәрімов, Мәжіліс депутаттары Майра Айсина, Асқар Базарбаев, Мұхтар Тінікеев пен Серікжан Қанаев, Сенат депутаты Мұхтар Алтынбаев, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев және тағы да басқа танымал қазақстандықтар бар. Еліміздің өндіріс орталығында өңір белсенділерімен, студент жастармен, кәсіпкерлермен, «Арселор Митталл Теміртау» АҚ кеншілерімен және этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен бірқатар кездесулер өтті. Қарағандылықтар Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа индустриялық-инновациялық бағдарламаны жедел­деткені үшін алғыстарын білдірді, тек соңғы 5 жылда ғана оның шеңберінде облыста 59 кәсіпорын іске қосылып, 5000 жұмыс орны құрылды. Өңірдегі қоғам қайраткері Татьяна Савицкая еліміздегі бейбітшілікті, тұрақ­тылық пен тыныштықты қамтамасыз еткені үшін барлық қазақстандық әйелдердің Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевқа деген ризашылықтарының шек­сіз екендігін жеткізді. Республикалық қоғамдық штабтың жетекшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед Ел­басы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында Қа­зақстанның елімізді дамудың жаңа сапалы деңгейіне алып шығатын орасан ұлы өзгерістердің табалдырығында тұрғанын атап өтті. Кездесуге мыңдаған қара­ған­ды­лықтар қатысты. Өз сөздерінде олар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың жүргізген саяса­тының арқасында Қазақстанның орасан зор табыстарға қол жеткізгеніне ерекше тоқталды. Адамдар біздің еліміздің басшы­лығында тек мықты лидердің бол­ғанын қалайды. Сондықтан да Қарағанды облысының тұрғын­дары 2015 жылдың 26 сәуірінде респуб­лика­мыздың өсіп-өркендеуі, яғни Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев үшін дауыс беретіндерін мәлімдеді. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.