28 Наурыз, 2015

Қаржы секторында тексеру қатаң

259 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
100-850Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Қаржы министрінің екі бірдей орынбасары баспасөз мәслихатын өткізді. Онда «Нұрлы Жол» бағдарламасын қаржыландыру мен оны дұрыс игеру мәселелері сөз болды. «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында Ұлттық қордан осы жыл­ға 686 млрд. теңге бөлінеді екен. «Бағдарламаның бюджеттік қаржыландыру көлемі 423,5 млрд. теңгені құрайды. Бюджеттік қар­жыландыру бүгінде басталып та кетті. Тіпті 23 млрд. теңге игеріліп те болды. Яғни, ол қаражат республикалық деңгейдегі автожолдарды салу жұмыстарына бағытталды. Негізі, инфрақұрылымдық жобаларға – 207,8, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға – 112,5, ал халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлескен жобаларда Қазақстанның үлесін қаржыландыруға – 39,2, агро­өнеркәсіп кешенін қолдауға – 20, мектептер салуға – 17,3, «Балапан» бағдарламасына 12,7 млрд. теңге қарастырылған. Бұлармен бірге, ЖОО-лар мен ғылыми мекемелердің материалдық-техникалық базасын қалыптастыру ісіне – 8, ал геологиялық барлау жұмыстарын жүзеге асыруда 6 млрд. теңге игерілмек», деді Қаржы вице-министрі Руслан Дәленов. Оның сөзіне қарағанда, «Бәй­терек» холдингі арқылы Ұлт­тық қордан 262,5 млрд. теңге облигациялық қарыз жалға берілетін баспана құрылысына несие беруге, шағын және орта бизнес жобалары мен ірі кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыруға, экспорттаушыларды қолдауға бө­лінеді. Осы айда аталған желі бойынша 20,3 млрд. теңге тұрғын үйді сатып алып, әрі қарай халық арасында тарату үшін жұмсалыпты. Игерілген қаржыны толық есептеген министрлік мәліметінше, бүгінге дейін Ұлттық қор қаржысының 40,3 млрд. теңгесі қажетке жаратылған. Баспасөз мәслихатында бұқараға жағымды жаңалық та айтылды. Үкімет автокөлік сатып алу үшін қазақстандықтарға жеңілдетілген несие беруге қаржы бөлмек көрінеді. «Еліміздің азаматтары жеңілдетілген несиемен тек отандық көліктерге қол жеткізе алады. Оның мөлшерлемесі 3 пайыздан аспайды және 3-5 жыл мерзімге негізделген. Несие теңгемен ғана беріледі. Бұл мақсатқа 15 млрд. теңге бөлінеді. Бұл қаржы шамамен 4-6 мың автокөлікті сатып алуға жетеді деп ойлаймыз», деді Р.Дәленов Бюджеттік қаржыға сатып алуға жоспарланған І санаттағы көлікке еліміздің өңірлерінде бюджет қаржысы әртүрлі сомада қарастырылыпты. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаев айтты. «Мемлекеттік органдар мемлекеттік сатып алуға жариялаған автокөліктердің құнына талдау жүргізді. Сол талдаудың нәтижесі бойынша көліктердің бір маркісіне республиканың түрлі өңірінде бағаның әрқилы екенін анықтады. Бұл бағаның айырмашылығы елдің кейбір аумағында 40 пайызға дейін жоғары болып отыр», деген вице-министр, осы тұрғыда барлық бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне осы мәселені қарастыру үшін нұсқау хат жіберілгенін мәлімдеді. Мұнымен бірге, бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуын болдырмау үшін Қаржылық бақылау комитеті автокөлік сатып алуға арналған шығыстарды жоспарлау кезінде қолдамауға болатын жүйелі ұсыныстар қазіргі кезде әзірленіп жатыр екен. «Мұндай жұ­мыс мемлекет қаржысы игері­летін бағыттардың барлығында жүр­гізілетін болады. Жұмыс тобы іс-қимылдарының жоғарыда айтылған кестесі мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың салықтық тәртібін көтеруге, «Нұрлы Жол» бағдарламасын іске асыруға бөлінетін қаржының, сондай-ақ бүкіл бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деген А.Теңгебаев қаржы секторында қатаң тексеру бар екенін меңзеді. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».