02 Наурыз, 2015

Солтүстік Қазақстанда студент өзіне өзі қол салды

234 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
suicida19082013ПЕТРОПАВЛ. 2 наурыз. Солтүстік Қазақстан облысында 17 жастағы студент өмірмен беймезгіл қоштасты. Бұл туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ткаченко хабарлады. Оқиға Есіл ауданына қарасты Петровка аграрлық-колледжінде орын алған. Арнайы құрылған комиссия бірінші курста оқитын бойжеткеннің өлімінің себептерін анықтап, отбасыдағы кикілжің және сүйіктісінен айрылу салдарынан осындай қадамға барған деген тұжырымға келген. Мұндай әрекет оның тарапынан бірнеше рет қайталанған көрінеді. Сабақ үлгерімінің төмендеп, жеке тәртібінің босаңсығанына қарамастан колледж әкімшілігі нақтылы шаралар қолданбаған. Тек, талқылаумен ғана шектелген. Әлеуметтік педагог, психолог өз міндеттеріне салдыр-салақ қараған. Марқұм шешісімен және өгей әкесімен жиі жанжалдасып қалып жүрген. Ал сүйіктісінің сырт айналуы оған ауыр соққы болып тиіп, оның ақыры асылып қалуға соқтырған. Оқу орнында әлеуметтік-психологиялық қызметтің бей-берекет ұйымдастырылуы соншалық, тағы бір студент өзін-өзі өлімге қия жаздаған. Өңірде жасөспірімдердің суицидке бару фактілері азаймай тұр. Былтыр мұндай оқиғалар 16,7 пайызға көбейген. Биыл 2 жасөспірім ажал құшса, 4 жасөспірім өзіне өзі қол салмақ болған. Өмір Есқали. Дерек: Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі. Сурет: news.nur.kz.