19 Тамыз, 2015

Ортақ телеарнаның орайы келгелі тұр

254 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
мариотКеше Астанада «Marriott» отелінің «Балқаш» залында Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі­­нің ақпарат және медиа саласындағы министрлерінің бірінші кездесуі болды. Онда түркітілдес елдердің ортақ телеарнасының тұжырымдамасы мақұлданды.  Бір бұтақтан тарап, бір тамыр­дан нәр алып жер бетіне жайылған түркі баласының бірігуі жайында өткен ға­сыр­дың басында Алаш зиялылары мәселе көтеріп, Бакуге атбасын тіреп, ақылдасқаны да бар. Алайда, кеңес өкіметі оның тынысын өркен жайдырмай-ақ бітеген еді. Ғасырға жуық арман болған мақсат-мұрат­қа тәуелсіздікпен бірге жол ­ашылды. Былтыр Бод­­­румда өткен саммитте Елба­сы Нұрсұлтан ­Назар­баев түркі­тіл­дестердің ортақ телеарнасын ашу баста­масын көтеріп, ортақ тамыр­лас жұрт­тың өзара ақпа­рат алма­суы­ның, озық тәжі­ри­­белермен ортақтасудың ­маңыз­­­дылығын баса айтқан. Арада жыл өткенде көтеріл­ген кел­елі ой нақты жоспарға ұласыпты. Отырыс соңынан журналис­терге арналған баспасөз мәсли­хатында Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев «Түркітілдес елдердің ортақ теле­арнасын ашу бастамасын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев былтыр Түркия­да көтерген болатын. Содан бері тараптар бірталай жұмыс ат­қарды деді. Бүгінгі кездесуде ортақ телеарнаның жұмысы бойынша нақты ұсыныстарды қарастыр­дық. Арнаның тұжы­рымдамасы мақұлданды. Қорытынды хатта­маға, сондай-ақ, ұлттық телеар­налар арасындағы ынтымақ­тас­тық туралы хаттамаға және ақпа­раттық агенттіктер арасында­ғы өзара түсіністік туралы мемо­рандумға қол қойылды», деп атқарылған жұмысты біздің мем­лекеттеріміздің арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамыту жолында жасалған зор қадам деп есептейтіндігімен бөлісті. Түркия, Әзербайжан, Қырғыз елінен келген әріптестермен телеарна құру мәселесі талқыланған отырыста телеарна жұмысының ақпараттық-танымдық бағытта болатыны да жоспарланып, онда біздің елдерге ортақ түркі мәде­ни құн­дылықтарымен қатар, әлем­дік өркениет жетістіктері мен құн­дылықтары насихатталатынын жеткізген Инвестициялар және даму министр­лігінің Бай­ланыс, ақпа­раттандыру және ақ­парат коми­тетінің төраға­сы Талғат Қазан­ғап халық­ара­лық теле­­­ар­наның келешекте түркі­тілдес мемлекеттер ынтымақ­тас­тық кеңесінің құрамындағы төрт елдің тілінде және ағылшын тілін­де ақпарат тарату мүмкіндігі барлығын, сонымен қатар, дәл қазіргі уақытта арна жұмысын белгілі бір мерзімде бастайды деп кесіп айтудың қиындығына тоқ­талды. Өйткені, телеарнаны қаржыландыру, оның орта­лық офисінің қайда орналасаты­ны сынды толып жатқан мәселе­лер­дің әзірге басы ашық екен. Оның ­айтуынша түркітілдес мемлекеттердің ортақ телеарнасын құру бойынша жұмыс тобы білек сыбана іске кіріскен. Ал баспасөз мәслихатынан тараған журналистер болса жаңа теле­арна түркітілдес мемле­кет­терді білім және мәдениет салала­рына негізделген ақпарат ағыны­мен қам­тамасыз етіп қана қоймай, елмен елді, жұртпен жұртты жақын­дас­тырады деп пікір алмасуға кө­шіпті. Сондай-ақ, өздеріне тән жеке тәуелсіз мемлекеттері бол­ма­ғанымен тілі мен мәдение­тін жо­ғалтпаған өзге түркі­тілдестерге де көмегін тигізеді деді. Соларға ақ­параттық, мәдени, танымдық тұр­ғыда қолдау көрсетеді деді. Со­ны­мен қатар, әлемдік ақпарат айдынында ағылшын, араб және т.б. тілдерінде хабар таратып жүр­ген «Al Jazira», «Euronews» арналары сынды халықаралық дәрежеге ие болады деген үмітті арқалай кетті. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».