17 Шілде, 2010

“АҚКЕНТТІҢ” АЛҒАШҚЫ ТҰРҒЫНДАРЫ

506 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Әлемдік қаржы дағдарысының қиындығын бірінші кезекте ірі құрылыс компаниялары, жылжымайтын мүлік саласы сезінгені кеше ғана. Дүние жүзін шарпыған күйзеліс еліміздегі үлескерлерді де айналып өткен жоқ. Банкротқа ұшыраған компанияларға қосылып шарасыз қалған, айлакерлерге алданған үлескерлер баспаналы болудан үмітін үзген кезде Мемлекет басшысының пәрменімен Үкімет тағдыршешті қадамдарға барғаны аян. Кеше Елбасы Алматыдағы үлескерлердің бір бөлігіне өз қолымен пәтер кілттерін тапсырып, “Ахсель” холдингінің құрылыс компаниясы тұрғызған “Ахселькент” қалашығына “Ақкент” деген әдемі атау сыйлады. Алматының ақ таңы кеше шыжғырып атқанына қарамастан, жүздеген үлескер ертелетіп жаңа қоныстарына қарай асыққан екен. Өйткені, Елбасының қолынан кілт алып, Елбасының тікелей ықпалы­мен үйлі болу бақыты екінің біріне бұйырмаған. Нұрсұлтан Әбішұлын алыстан байқаған ел шілденің аптап күніне күйіп тұрғанын әп-сәтте ұмытып, қуана қарсы алды. Көп­тің шынайы ықыласын сезін­ген Елбасы бірден қоныс тоймен құттықтауды бастады. – Сіздер қазір қуанышты сәтті бастан кешіріп тұрсыздар! 1436 алматылық бүгін пәтер алғалы тұр. Мынау қалашықтың атын мен “Ақкент” деп атадым, “ақ қала” де­ген сөз. Алматының әдемі же­рін­де тұрған бұл кешенде мектеп те, балабақша да болады. Дүкенде­рі­ңіз де болады. Алатаудың бау­рай­ында, Алматының ең әдемі жерінде орналасқан қалашықта елге барлық жағдай жасалады, – деді Елбасы. Мемлекет басшысы: – Дүние жүзін шарпыған қаржы дағдарысы кезінде сіздер үлескерлер болып, өздеріңіз құ­ры­лыс компанияларын тауып алып, өздеріңіз ақшаларыңызды беріп, аяғында не ақшасыз, не пәтерсіз қал­дыңыздар. Бұл жерде мем­ле­кет­тің ешқандай міндеті жоқ еді. “Өздеріңіз қалай берсеңіздер, со­лай табыңыздар” деп қоя салуға бо­лады. Дүние жүзіндегі тәртіп со­лай. Оған қарамай, еліміз дәл осы жерге 16,5 миллиард теңге бөлді. Ақша ешқайдан келіп түспейді. Сондықтан далада қалдырмаған мем­лекетке сіздер риза болу­лары­ңыз керек барлық жағдайда. Мем­лекеттің жағдайы көтерген соң осындай қадам жасап отыр. Егерде Қа­зақстанның жасап жатқан жұ­мысы, күрделі экономикалық реформалардың жемісі болмаса, мемлекеттің қалтасында қаражаты болмаса, бұл мәселе шешілмейтін еді. Бұл тәуелсіздіктің алтын бесігі болған қалаға деген қамқорлықтың бір бөлігі болып саналады, – деді. Нұрсұлтан Әбішұлының ақиқат сөзіне үлескерлер риясыз ықылас­пен қол соғып, қошемет білдірді. Елбасы үлескерлердің қаража­тын қалтасына басып кеткендер жазасыз қалмайтындығын, кінәлі адамдардың мүлкі тәркіленіп, тиіс­ті шаралар қолданылатындығын атады. Талай жандардың тағды­ры­на күйзеліс әкелген құрылыс ком­панияларының жетекшілері табы­лып та, тергеліп те жатқанын айтты. Осыдан кейін Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Алматыдай шырайлы шаһар ешқашан мемлекет назарынан тыс қалмайтындығын атады. – Мәселен, мұнда жолай­рық­тар құрылысы, метро, спорттық және мәдени нысандар салынуда. Бұл қалада Азиада ойындары өт­ке­лі отырғандықтан, алматы­лық­тар үшін көптеген спорт нысан­дары тұрғызылып жатыр. Сол сияқты Спорт сарайы мен Медеу күрделі жөндеуден өтуде. Комму­ни­кациялар мен жолдар тәртіпке келтірілуде. Спортпен шұғылда­нып, демалысты сәнді өткізу үшін жағдай жасалынуда – мұның бәрі мемлекеттің Алматы мен Алматы тұр­ғындарына деген анық қам­қор­лығы, – деген Елбасының сөзіне ешкім күмән келтірмес. Осы күндері Алматы Азиада алдындағы қарбалас дайындық­ты бастан өткізіп отыр. Негізгі көшелердің бәрі қай­та қопарылып, жаяу жүргіншілер жолдары түбегейлі қайта жаса­лы­ну­да. Кәрі ағаштар кесіліп, Абай даңғылы қайта жасанып жатқан жайы бар. Медеу мен Шымбұлақ­қа бастай­тын Достық даңғылы да қайта туғандай жаңғыртылды. Мұндай заманауи, тамаша үй­лер бұрын-соңды Алматыда са­лын­бағанын атаған Елбасы бұл тұрғын үйлер бірінші кезектегі екендігін, жыл соңына дейін несиеге және өз қаражатына сатып ала алатындар үшін тағы да 2 300 пәтер пайдалануға берілгелі отыр­ғандығын жеткізді. Расында түрік бауырлар салған тұрғын үйлер түгелімен аяқталып, иесіне ең басты керек-жарағына дейін сайланып берілді. Яғни, Ақ­кент­тің тұрғындары баспана­лары­на кіріп алғаннан кейін жыл бойы бір-бірлерінің мазасын алып, тағы да жөндеп, тарсылдатып-тасынып жатпайды. Бас жоспар бойынша Райым­бек даңғылы мен Ясауи көшеле­рі­нің қиылысында батысқа жан­тай­ып, 44 гектар жерді алып жатқан Ақкент қалашығында 89 тұрғын үй бой көтеруі тиіс. Жоба мәресіне жеткен кезде қаланың ішіндегі қа­лада 35 мың адам тұрмыс кешетін болады. Елбасы атағандай, кешеннің ішінде мектеп, екі бала­бақша, ем­хана мен басқа да халық­қа қажетті нысандар кезегімен  тұрғызылмақ. Кешеннің құрылысы “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ тарапынан қаржыландырылып отырғандығын атап өткен жөн. – Мен де сіздермен қосылып қуанып тұрмын. Тәуелсіздігіміздің арқасында елдің көрер рахаты мен қызығы мол болады, – деді Нұр­сұлтан Әбішұлы. Осыдан кейін Елбасы үлескер­лер­ді өзіне тән әдемі қалжыңына бөлеп, бүкіл 1436 адамға қата­ры­нан кілт тапсырып тұра алмай­тын­ды­ғын айтып, дегенмен қоныс тойын тойлаушылардың бір десте­сіне пәтер кілттерін ұсынды. Мұн­дай бақытты жандардың қата­рын­да мінберге көтерілген Қатира Дала­бекова, Сергей Перов, Жанар Ба­даубаева, Клара Ыбраева, Ба­қыт­жан Әлімбаев Мемлекет басшысының қолынан кілт алып, қосыла қуанып тұрған Нұрсұлтан Әбішұлына алғыста­рын білдірді. Баспаналы болу бақытына үлес­кер Бақытжан Әлімбаев жеті айлық Нұрсұлтан атты нәрестесін көтеріп келген екен. Құртақандай қолын толқи қысқан Нұрсұлтан Әбішұлына нәресте де ұмтылып, микрофон арқылы қалашықтың ең кішкентай тұрғынының даусы жаңғырықты… Алматы қаласының әкімі Ах­мет­жан Есімов өткен жылы қалада 16 мыңнан астам үлескер болса, биыл оның жартысынан көбі үйлі болып, енді 7400 адам кезегін кү­тіп тұрғанын мәлімдеді. Жыл соңы­на дейін тағы да 4 600 үлескер үйлі болмақ. Ал келер жылы 2 800 салымшы өз баспаналарына қол жеткізеді де, үлескерлердің мәсе­ле­сі әкімдіктің күн тәртібінен түбегейлі түсетін болады. Айнаш ЕСАЛИ, АЛМАТЫ. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.