Аймақтар • Бүгін, 07:48

Тұрғындарға тегін балапан таратты

1 мин
оқу үшін

Инкубаторлық құс шаруашылығымен айналысатын «Moldex» серіктес­тігінің қызметкерлері бірнеше ауылды аралап, тұрғындарға тауықтың сарыүрпек балапандарын үлестірді.

Тұрғындарға тегін балапан таратты

Қайырымдылық іс-шарасы аясында серіктестік жұмыс­шылары Қостанай ауданына қарасты Октябрь, Алтындала, Жамбыл елді мекендерінің тұрғындарымен кездесіп, көпбалалы аналарға, зейнеткерлерге, ауылға жаңа қоныс аударып жатқан жас отбасыларға жәшіктеп балапан таратты. 

Игі жобаға «Ауыл» партиясы қолдау көрсетіп, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері волонтер ретінде атсалысқанын да айта кету керек.   

Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай қайырымдылық іс-шаралары ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға септігін тигізіп, көпшілікті еңбекке ынталандырады.

«Біз бір үйге 30–40 балапаннан қал­дырып кетіп жатырмыз. Бұл, әсіресе жас отбасылардың жеке шаруашылықпен айналысып, қосымша табыс табуына жол ашады. Ауыл халқына осындай нақты көмек аса маңызды. Біздің істеп жатқанымыз біреулерге болмашы ғана көмек болып көрінуі мүмкін. Бірақ балапан баға білген адамның үйіне береке кіреді, еңбегі еселеп қайтады. Оның үстіне, қазір жұмыртқа да қымбат. Сондықтан біз мүмкіндігінше көпбалалы отбасыларға көмектесуге тырысып жатырмыз. Балалар жаздай үйдің жұмыртқасын жесін, тауық бақсын, еңбекке үйренсін деген ойдамыз», дейді кәсіпорын басшысы Динара Молдабаева.

Ізгі ниеттен туған қайырымдылық іс-шарасы аясында балапан алған жүзшақты отбасы ұйымдастырушыларға шынайы алғыстарын білдірді. Кәсіпорын аталған акцияны жыл сайын өткізіп тұрмақ.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар